АСТАНА МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АХУАЛЫ
Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Айгүл Сегізбаеваның айтуынша, елордалықтардың ауруға шалдығу деңгейі мен қатерлі дерттен көз жұму көрсеткіші соңғы жылдары біршама төмендеп келеді. Айталық, қатерлі ісікке шалдығушылар көрсеткіші 3,2 пайызға, одан көз жұматындар саны 0,5 пайызға азайған.
2011 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 175 адамның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталса, бұл көрсеткіш 2012 жылы 169-ға төмендепті. Жүрек аурулары салдарынан болатын өлім көрсеткіші де 49 пайызға азайған.
Басқарма бастығы құрт ауруының құрсауына ілінгендер санының да Астанада 19 пайызға кемігенін айтады. Әйтсе де, әлеуметтік салмағы батпандай кеселді кеміді деп кесіп айтуға ерте болар. 2012 жылы жүз мың адамға шаққанда 111 ауру дерегі тіркелген. Бұл бас қала үшін аз көрсеткіш емес, әрине. Сондықтан, туберкулезді белгілі бір деңгейде ауыздықтау үшін түсіндіру жұмыстарын, үгіт-насихат шараларын әлі де арттыру керек.
Елордада күніне шамамен 60-қа жуық сәби дүние есігін ашады екен. «Өткен жылы қалада жалпы саны 21 мың 266 бала дүниеге келді. Бұл айына 1772 немесе тәулігіне 59 сәбидің дүние есігін ашқандығын білдіреді», – деді басқарма басшысы. Нәтижесінде, 2012 жылы Астанада туу көрсеткіші 2,5 пайызға өсті. Ал, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы статистикалық мәліметтер қала халқының саны 778 мыңнан асқанын көрсетіп отыр.
Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, балалар өлімін азайту «Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының» басым бағытының бірі болып табылады.
Елорданың бас дәрігерінің сөзіне сенсек, астаналықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасты құрайды екен. Республикалық деңгейде алып қарасақ, біздің қала тұрғындарының біршама ұзақ жасайтынын байқауға болады.
2012 жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі 4 есеге төмендеп, сәбилердің шетінеуі 12 пайызға азайыпты. Мұндай көрсеткішті бағындыруымыздың бір себебі әйелдердің жоғары мамандандырылған медициналық көмекке деген қолжетімділігінің арқасы болса керек. 2012 жылы Денсаулық сақтау басқармасының квотасы бойынша республикалық клиникаға 1140 әйел емдеуге жатқызылған. Жүкті әйелдер жергілікті бюджет есебінен тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Мәселен, II, III дәрежелі темір тапшылығы анемиясына шалдыққан аяғы ауыр келіншектерге қажетті дәрі-дәрмек тегін беріледі. Учаскелік гинекологта есепте тұратын жүкті әйелдер үшін Астана емханаларында антенатальды-биохимиялық скрининг, скринингтік ультрадыбысты зерттеу, мамандардың кеңесі, жыныс жолдары ауруларының диагностикасы тегін жасалады. Ал, перзентханадан үйіне шыққан жас аналар үш күн бойы медициналық қызметкердің бақылауында болады.
2013 жылдың алғашқы екі айында Астанада 2868 әйел босанған. Сонымен қатар, өткен жылы Астанада экстракорпоралды әдіспен бала көтерген 44 әйел операциялық жолмен сәбилі болды.
«Бала сүю қабілетінен айырылған кез келген отбасы бір жылда бір рет берілетін арнайы квота арқылы тексеруден өтуге мүмкіндігі бар» дейді басқарма бастығы.
Қаланың амбулаториялық-емханалық менежментінің заманауи технологиялары тақырыбында баяндама жасаған №5 қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина да соңғы жылдары елордадағы медициналық қызмет көрсету сапасының артқанын айтады. Мәселен, таяуда ғана емханада медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және емханадағы кезекті қысқарту мақсатында электронды кезек жүйесі қолданысқа енгізілді. Мұнда 5 тіркеу терезесі жұмыс істейді. Олардың біреуі – анықтама қызметі, қалған төртеуі мамандар мен диагностикалық зерттеулерге жазылуға арналған.
Емхана басшысының айтуынша, №5 емхана – әзірге Астанадағы электрондық кезек жүйесі іске қосылған жалғыз медициналық мекеме. Алайда, бұл жүйе таяу уақытта қаланың барлық емханаларында жұмыс істейтін болады.
Ал, Астана қаласының балаларға арналған мамандандырылған стационарлық медициналық көмек көрсетуді дамытудың тәжірибесі мен болашағы туралы №2 Қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Қаршыға Құлмұханов айтып өтті.
Бас-аяғы бір сағатқа созылған баяндамалардан ұққанымыз, денсаулық сақтау саласында күрмеулі мәселеден гөрі қол жеткізген жетістігіміз көп. Солай-ақ болсын. Солай болуы тиіс те. Өйткені, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, Астана қаласының денсаулық сақтау саласына алдағы 3 жылға өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көп қаржы бөлініп отыр.
Шынар ДОСАН