Жаңалықтар

АСТАНА МЕН АММАН – БАУЫРЛАС ҚАЛАЛАР

Без имени-1

Бірнеше күн бұрын «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені нысандарының бір бөлігі Хусейн бен Талал көшесінде орналасады деген хабар таратылды. Қабанбай батыр­ даңғылымен қиылысатын бұл көше әуежайға бара жатқан жолда.

Жақын күндері аталмыш көшенің ресми түрде ашылуы да жоспарлануда. Осыдан заңды сұрақ туындайды – Хусейн бен Талал деген кім еді, Астанада оның атына көше беру мәселесі қайдан шыққан? Расымен, ойландыратын жағдай.

Ілгеріде бір досымызбен Таха Хусейн көшесінің тұсында жүріп, «Бұл кім еді?» деген сұрақты бір-бірімізге қойдық. Ақыры, екеуміз де білмейтін болып шықтық. Интернетті ақтарып, ол Мысыр елінің белгілі жазушысы, әдебиеттанушысы және тарихшысы болғанын білдік.

Ал, Хусейн бен Талал Иорданияның бұрынғы королі екен. Кейбір ақпараттық сайттарға жүгінсек, Мұхаммед пайғамбардың 39-ыншы ұрпағы, араб елдері арасындағы байланыстардың дамуы мен Таяу Шығыс елдеріндегі шиеленістерді реттеуге үлкен үлес қосқан тұлға. 1952 жылдың 11 тамызында, 16 жасында таққа отырып, елу жылға жуық, дәлірек айтсақ, 46 жыл 9 ай бойы дүниеден өткенше ел басқарған. Иордания елінің дамуы тікелей осы есіммен байланысты екен. Қазір де осы елді оның баласы Абдалла ІІ бен Хусейн басқарып отыр.

Енді Хусейн бен Талалға Астанадан көше беру мәселесіне келейік. Тілдерді дамыту басқармасынан алған ақпаратымызда бірнеше жыл бұрын қалалық ономастикалық комиссияға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Мұрат Нұртілеуовтен Астана қаласының бір көшесіне Иордания королі Абдалла ІІ бен Хусейннің немесе оның әкесі Хусейн бен Талалдың есімін беру туралы хат түскені көрсетілген. Өтініш 2011 жылдың 30 қарашасында қаралып, Есіл ауданында орналасқан № 27 жобалау көшесіне Хусейн бен Талал есімін беру туралы ұсыныс қанағаттандырылды.

Астана қаласындағы № 27 жобалау көшесіне Хусейн бен Талал есімін беру жөнінде 2012 жылғы 25 қаңтарда Астана қаласы әкімінің №80 қаулысы және 2012 жылғы 25 қаңтарда қалалық мәслихаттың №4/1-V шешімі қабылданды. Осыдан шамалы уақыт өткенде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Абдалла ІІ бен Хусейнмен телефонмен сөйлесіп, оны 50 жылдық мерейтойымен және Астанада оның әкесіне көше беру шешімімен құттықтаған.

Айта кету керек, Қазақстан мен Иордания арасында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда берік байланыс орныққан. Екі елдің де лаңкестікпен күресте және Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуда көзқарастары сәйкес келеді.

Астана мен Амман – бауырлас қалалар. Екі қала арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салаларда қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. 2010 жылы Аммандағы орталық көшелердің біріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімі беріліп, ашылу рәсімі салтанатты жағдайда өткені белгілі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button