Экономика

АСТАНА МЕН ДЕЛИ ЖАҚЫНДАДЫ

Ертеңнен бастап Астана-Дели-Астана бағытында аптасына 3 рет әуе кемелері ұша бастайды. Екі ел арасындағы жолау­шылар тасымалын міндетіне алған «Эйр Астана» компаниясы биыл алтыншы рет Орта Азия мен Үндістанның үздік авиакомпаниясы атанып отыр.

Жаңа бағыттың ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Сәрсенбаев бұл шараны екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жыл толған мерейлі жылы жемісінің бірі деп бағалады. «Қос тараптан да жаңа бағытты іске қосуға қолдау болып, астаналар арасын жақындатуға маңызды қадам жасалды» деді.

«Эйр Астана» компаниясының президенті Питер Фостер Астана-Дели-Астана бағытының тиімділігіне тоқталды. Соңғы екі жылда жолау­шылар легі 7 мыңнан 11 мыңға көбейген. Қазақстандықтардың Үндістанға сапары 20 пайызға артып, 15 мыңды құрап отыр. Бүгінде елордада екі мыңнан астам үндістандық азамат тұрады. Жаңа бағыт Ресей мен Украинада тұрып жатқан үнділіктер үшін ең қысқа әуе жолы болмақ. Астанадан Делиге ұшу ұзақтығы 4 сағаттай, ал эконом санатындағы жолақысы – 89 883 теңге. Әуекомпанияның тағы бір жаңалығы бар. 1 маусым мен 10 қыркүйек аралығында елордаға келетін барлық халықаралық бағыттардың жолаушыларына ЭКСПО көрмесіне тегін кіру билеттері ұсынылады.

Айгүл  УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button