Жаңалықтар

Астана мен Ницца – бауырлас қалалар

Кеше Астана­ қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және Францияның Ницца мэрінің бірінші орынбасары Бенуа Кандель қос шаһар арасында ынтымақтастықты, іскерлік байланыс­тар­ды қалыптастыру жөніндегі достастық актісіне қол қойды.

Құжат Астана мен жақұт жағалауы саналатын Ницца қалала­ры­ның арасында өзара түсіністік пен тең дәрежелі әріптестік орнатуға бағытталған.

– Соңғы жылдары Қазақстан мен Франция арасында жарасымды экономикалық байланыстар орнығып келеді, – деді кездесуде Иманғали Нұрғалиұлы. – Осыған сәйкес көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыз да екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше маңыз беріп отыр. Биыл Қазақстандағы Франция жылы, ал келесі жыл – Франциядағы Қазақстан жылы болып жарияланды. Мұның өзі екі ел арасын­дағы жарқын байланысты аңғартса керек.

Елорда әкімі биыл күзде Франция жылына байланысты Напо­леон­ның өмірі мен қызметіне арналған үлкен көрме өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Астана әкімінің жылы қабылдауына ризашылығын білдірген Бенуа Кандель мырза қос шаһардың бір-бірінен айырмашылығы көп болса да, ортақ құндылықтары да бар екендігін атап өтіп, болашақта Астана мен Ниццаны қатар дамытатын жобаларды бірлесе қолға алуды ұсынды. Сондай-ақ, ол «EXPO – 2017» халықаралық көрмесін өткізу – Астана үшін де, жас мемлекет үшін де үлкен мәртебе екендігін айта келіп, бұл айтулы шараны ұйымдастыруда тәжірибелерімен бөлісуге әзір екендігін жеткізді. Бұған қоса, келесі жылы Ниццада Қазақстан бұрышы ашылатынын да айта кетті.

Қойнауы тарихқа толы Ницца – туристерді ынтық еткен бірден-бір мекен. Астана әкімінің айтуынша, жыл сайын бұл шаһарға 4 милиионға жуық турист келеді. Демек, аты аңызға айнал­ған қалада Қазақстан бұрышын ашу – елімізді әлемге таны­татын үлкен мүмкіндік. Сондықтан астаналық тарап бұл ұсынысты қуана қабылдап, тұжырымдамасын әзірлеуге мүдделілік білдірді.

Иманғали Нұрғалиұлы Франциядағы Қазақстан жылына орай скиф алтындары көрмесін өткізуді ұсынды. Әкім француз көрермендерін қызықтыратын археологиялық жәдігерлер мол екендігіне тоқталып, бұдан бұрын Италияда өткен мұндай көрме жұртшылықтың айрықша ықыласына бөленгенін атап өтті.
Бұдан әрі екеуара әңгіме Астана мен Ницца қалалары ара­сын­дағы білім мен мәдениет байланыстарын нығайтуға ойысып, қос тарап студент алмасу, кадрлар даярлау, мәдени шара­ларды бірлесе өткізу сынды көптеген мәселелерге кеңінен тоқталды.

Достастық актісіне қол қойған қос шаһар Қазақстанның экономикалық мүддесін дамыту үшін Француз Ривьерасынан бизнес-кеңсе ашу келісіміне де қол жеткізді.
Құжат аясында қалалық көлік, инновациялық технологиялар, телекоммуникация мен энергетикалық қауіпсіздік бағытында да көптеген жобаларды бірлесе жүзеге асырмақ.

Қымбат нұрғали

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button