Жаңалықтар

АСТАНА МЕН ВАРШАВА – СЕНІМДІ СЕРІКТЕС

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова Польша астанасы Варшавада өткен жыл сайынғы Жаһандық әйелдер саммитіне қатысты. Биылғы саммит «Әйелдер – сандық технологиялар дәуірінде инклюзивті экономиканы құру үшін» тақырыбы аясында өтті.  

Әлемнің жетпіске жуық елінен жиналған ең табысты саналатын мыңнан аса бизнес және саясат өкілдері беделді диалог алаңында өз тәжірибелерімен бөлісті, түрлі мәселелерде пікір алмасты.
«Қалалардың болашағы» атты форум барысында Қазақстанды таныстырған Малика Бектұрова: «Бүгінде қазақстандық бизнестегі басшы әйелдердің үлесі 42 пайызға жетіп отыр және бұл көрсеткіш тұрақты түрде артып келеді. Астанада бұл үрдіс шағын және орта бизнес саласында ерекше байқалады. Сондықтан озық тәжірибені мең­геруге және жетістіктермен бөлісуге мүмкіндік тудыратын осы сияқты форумдарды өткізу өте орынды» деп баяндады.
Қала әкімінің орынбасары іс-сапар аясында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Польша астанасының вице-президенті М.Ольшевскимен кездесті. Онда Астана мен Варшава арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың мәселелері талқыланды. Екі жақтағы тараптар қалалық әкімдіктер арасындағы серіктестіктің ахуал-әлеуетін жоғары бағалап, 2020 жылға дейінгі арнайы ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы келісімге келді. Бұл құжат сауда-экономикалық, ин­вестициялық, ғылыми-техникалық, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық серіктестікті дамытуға бағытталған бірлескен шараларды қамтиды.
Поляк тарапы сонымен бірге, Варшавада өтетін NATO саммиті қарсаңында «ЭКСПО-2017» сын­ды ірі халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізу бойынша Астана тәжірибесін зерделеуге зор қызығушылық танытты.
Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстан Елшілігі Польшаның Даму вице-министрі Р.Домагальски-Лабэндзки мен Астана қаласының әкімдігі арасында кездесу ұйым­дастырған болатын. Польшаның Даму министрлігінде өткен семинар сол келіссөздердің жалғасы болды. М.Бектұрова семинар кезінде поляк бизнес өкілдеріне Астананың инвестициялық шарттары мен басымды жобалары туралы баяндап берді. Семинарға бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп жүрген, болашақтағы тығыз ынтымақтастыққа қызы­ғу­шылық танытып отырған Поль­ша­ның 18 компаниясы қатысты.
Іскерлік әңгімені қорытындылай келе тараптар Польшаның құрылыс кластерімен белсенді ықпалдастық орнатуға уағдаласып, тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылық, баламалы энергетика, ауыл ша­руа­шылығындағы қайта өңдеу және көлік-логистикалық жобалары бойынша ынтымақтастық мүм­кін­діктерін зерделеу туралы келі­сімге қол жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button