Басты ақпарат

Астана мен Вильнюс арасы алыс емес

1

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Литва Республикасының премьер-министрі Альгирдас Буткявичюспен кездесті. Екі жақ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар бойынша бірқатар мәселелерді талқылады деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Елорда әкімі екі елді байланыстыратын әрі қарқынды дамып жатқан салалардағы өзара ынтымақтастыққа тоқталып өтті.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы 37%-ға артып, 436,5 миллион АҚШ долларына жеткен.
– Посткеңестік кеңістіктегі қазіргі саяси жағдайға байланысты біздің мемлекет литвалық өнімді Еуразиялық экономикалық одаққа өткізудің маңызды арнасы бола алар еді.
Осы тұрғыдан алғанда, біз ортақ кәсіпорындар ашуға мүдделіміз, ол үшін «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймақ секілді тиімді аумақ құрылған. Оған қатысушылар айтарлықтай кедендік және салықтық жеңілдіктерге ие болады, – деді қала басшысы.
Әкім, сондай-ақ, литвалық кәсіпкерлермен іскерлік байланыс орнатудың негізі екі ел астаналары арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім болып табылатынын атап өтті. Айтпақшы, бір апта бұрын мемлекеттердің келісімдік қарым-қатынасына 15 жыл толды.
Литва үкіметінің басшысы Астана мен Вильнюс арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын айта келіп, өзара ынтымақтастықтың одан әрі дамитынына сенім артты.
Ә.Жақсыбеков литвалықтардың Астананың дамуына белсенді атсалысып жатқанын, әсіресе, «Астана» баскетбол клубының бас бапкері Рамунас Бутаутасты, елордадағы жаңа қазақ және орыс драма театрларының құрылысына арналған эксиз-жобалардың авторларын – литвалық сәулетшілерді мысал ретінде атап өтті.
– Вильнюспен ынтымақтастық және жалпы литвалық кәсіпкерлермен байланыс орнату, әсіресе, қала шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы «ақылды» технологиялар сынды бағыттар бойынша үлкен қызығушылық тудыруда. Бұл сапарыңыз қазақстандық-литвалық қарым-қатынасқа, соның ішінде өңіраралық ынтымақтастық деңгейіне қосымша серпін беретініне сенімдімін, – деп қорытындылады сөзін қала басшысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button