Жаңалықтар

Астана «Мэрлер келісімі» бағдарламасына кірді

Кеше Тәуелсіздік сарайында «Мэрлер келісімі – жергілікті, ұлттық және аймақтық деңгейде тұрақты энергетиканы дамытуға қадам» атты аймақтық конференция өтті. Жиын барысында еліміздің бас қаласы  Астана – Еуропалық одақтың «Мэрлер келісімі» бағдарламасына қосылды.

Еуропаның «жасыл экономиканы» дамытуға арналған бастамасына осы уақытқа дейін әлемнің 5 мыңға жуық қаласы мен 26 астанасы қол қойған. Бағдарлама шартына сәйкес, аталмыш елдер 2020 жылға дейін қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығаруды 20 пайызға дейін азайту қажет.

– Бүгінде жасыл экономиканы жетілдіру, қоршаған ортаны қорғау мәселесі – өзекті тақырып. Біз осындай үлкен міндетке кірістік. Болашақта тұтынушылардың энергия пайдалану мәдениетін өзгерту және техникалық және ұйымдастыру іс-шараларының кешенді бағдарламасын жасау жос-парда бар. Кәсіпорындардың мемлекеттік энергетикалық тізілімін құрып, келесі жылы бұл кәсіпорындарда энергоменеджмент енгізуді бастауымыз керек» деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов.

Айтулы жиынға Еуропа одағының бастамасына қол қойған қалалардың мэрлері, алдағы уақытта қосылуға ниет білдірген қала басшылары, Қазақстан мен Орталық Азия, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының энергия үнемдеу саласындағы жетекші сарапшылары қатысты. 

Жергілікті және аймақтық энергия тиімділігін арттыруды көздейтін шарада ҚР Индустрия және жаңа технология-лар вице-министрі Альберт Рау, Қазақстандағы Еуропа одағы өкілдігінің басшысы Аурелия Бушез, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров сөз сөйлеп, бастама жөніндегі ойларын ортаға салды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button