Мәдениет

«Astana Musical» – жаңа театр

Елордадағы театрлардың қатарына тағы бір өнер ұжымы қосылды. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанынан ашылған «Astana Musical» театры алғашқы премьерасын алдағы күзде көрермен назарына ұсынбақ. «Ғашықтар жыры» атауын алған бұл туынды әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі репертуарындағы әндерден тұрады.

AR-140419964

Жаңа театрдың көркемдік жетекшісі Асхат Маемировтың айтуынша, болашақта «Қыз Жібек» шығармасын мюзикл форматында сахналау да жоспарда бар. «Шыққанына 500 жылдан астам уақыт болған ұлтымыздың көне эпосы «Қыз Жібекті» халық қазірде кино және опера өнерлері арқылы қабылдайды. Ал біз бұл туындыны мюзиклге айналдырмақпыз. Жастар аудиториясына ұлтымыздың көне мұрасы саналатын шығарманы бұл жанр арқылы қабылдауға жеңіл болады деп ойлаймын. Оның үстіне эпостың тақырыбы да аса қызықтырарлық. Халқымыздың салт-дәстүрінен нәр алған эпоста адамзат баласына тән барлық мінездер мен сезімдер кездеседі. Оның үстіне кешегі ұлы композиторларымыз негізін қалап кеткен шығарманың музыкалық материалы да ғажап» дейді ол.
А. Маемировтың пікірінше, Астанада ашылған театр мюзиклдарды қойып, Орта Азия және Қазақстан тарихында өнердің бұл саласында дүмпу тудырып, жаңашылдық әкелмек. Расымен де, мюзикл – ұлтымызға әлі де таңсықтау жанр. Ал, аталмыш өнер ұжымының қойылымдары арқылы Астана мәдениетін жаңа сапаға шығарып, қазіргі деңгейінен биік дәрежеге көтеру көзделуде. «Astana Musical» театры да Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында ашылған. Демек, өнер ошағы сахналайтын туындылар да соған сай келуі тиіс. Әсіресе, келесі жылы елордада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме кезінде театр ұжымына үлкен салмақ түскелі тұр. Әлемнің әр елінен Қазақстанға ағылатын қонақтардың алдында ұятқа қалмас үшін театр ұжымы қазірден қамдана бастады. Алдағы жылы театр «We Will Rock You» («Біз сізді таңғалдырамыз») мюзиклінің премьерасын өткізуді жоспарлап қойды. Бұл жоба Британияның театр мамандарымен бірігіп, жүзеге асырылмақ. Ал оның алғашқы көрермендері «ЭКСПО -2017» көрмесінің қонақтары мен қатысушылары болмақ.
«We Will Rock You» – Гиннестер рекордтар кітабына енген танымал туынды екенін айта кетейік. Атақты «Queen» тобының репертуарындағы әндерден тұратын мюзиклге британдық режиссерлер, хормейстер мен хореограф қатысады. Ал әндерді қазақстандық әртістер орындамақ. Оған еліміздің үздік әншілері де тартылмақ. Қазіргі таңда бұл қойылымға қатысатын өнерпаздарды іріктеу үшін кастинг жарияланды. А. Маемировтың сөзінше, оған әншілік өнері бар кез келген адам қатыса алады. «Мюзиклге қатысатын әлі 10-20 адам жетпей тұр. Сондықтан 10 қыркүйек күні ашық конкурс өткіземіз. Ол «Қазақстан» Орталық концерт залында ұйымдастырылады. Бұл қойылымды қою әлемдік тәжірибе алуымыз үшін қажет болды. Егер бұл мюзикл сәтті шығып жатса, болашақта әлемдік аренада өзіміздің қазақстандық қойылымдарымызды көрсете аламыз» дейді «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button