Sport

Астана Олимп алдында

Алдағы жаздың 27 шiлде – 12 тамыз аралығында Ұлыбритания астанасы Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындары өтедi. Қазiргi күнде әлемнiң ең үздiк спортшылары осы жарысқа әзiрлiк жасау үстiнде. Ел мен ұлттың намысы сынға түсетiн байрақты бәсекеге Қазақстан сайыпқырандары да қызу дайындалып жатыр. Бүгiнгi күнге дейiн бiздiң елдiң 65 спортшысы Лондон ойындарына қатысу лицензиясын иеленiп отыр. Әлi де үмiт артқан қыз-жiгiттерiмiз жоқ емес.

Лондон ойындарына жолдама беретiн екi бiрдей жарыс Астана төрiнде өтетiн болып отыр. Атап айтқанда, бүгiн «Дәулет» спорт комбинатында грек-рим, еркiн және әйелдер күресiнен Азиялық iрiктеу турнирi басталады. Бұл жарысқа осыған дейiнгi әлем бiрiншiлiгiнде жолы болмай, лицензияға қолы жетпей қалған балуандар түгелдей келiп отыр. Бас-аяғы 22 елдiң үкiлеп әкелген балуандары белдесетiн болады.
Қазақ жанкүйерi тақымын қысып қолдау көрсететiн балуандарымызға келсек, еркiн күресте Ақжүрек Таңатаров (66 келi), Семен Семенов (84 келi) және Марид Муталимов (120 келi) боз кiлемде бағын сынайтын болса, грек-рим күресiнде Асхат Құдайбергенов (55 келi), Дархан Баяхметов (66 келi) және Даниал Гаджиев (84 келi) жолдама үшiн таласқа түседi. Ал әйелдер күресiнде Айым Әбiлдина (55 келi) мен Елена Шалыгина (63 келi) күресетiн болып отыр.
Балуандар бәсекесi мәресiне жетiсiмен тағы бiр тартысты жарысқа куә боламыз. 5-12 сәуiр күндерi дәл осы «Дәулет» спорт комбинатында боксшылар турнирi өтетiн болып отыр. Бұл жарыста Лондон ойындарына қатысатын былғары қолғап шеберлерiн айқындайтын болады.
Бүгiнде Қазақстан құрамасында 6 лицензия бар. Былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында 5 боксшымыз жолдама алса, Қанат Абуталипов WSB жүйесi бойынша өткен әлем бiрiншiлiгiнде чемпион атанып Лондон ойындарына да лицензия ұтып алған болатын. Ендi төрт салмақ бойынша жолдама алуға тиiспiз. Бұл мүмкiндiктi пайдаланып, олимпиада ойындарына қатысуға жолдама жеңiп алу үшiн Бiржан Жақып (49 келi), Iлияс Сүлейменов (52 келi), Данияр Елеусiнов (64 келi) және Василий Левит (91 келi) айқасқа түсетiн болып отыр.
Сонымен, елорда төрiнде жанды күйдiрiп, қанды қыздыратын бәсекелер өтпек. Олай болса, ел намысын қорғау үшiн сынға түсетiн қыз-жiгiттерiмiзге қолдау берейiк, ағайын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button