Мәдениет

«Астана Опера» «Айсұлу» қазақ комедиялық операсының премьерасына дайындалуда

Уақыт машинасы «Астана Операны» жарты ғасыр бұрынғы кезеңге көшірген тәрізді. Театр шеберханаларында өткен заман көріністері жандануда: иінағашы бар ауыл құдығы, қазанында бауырсақтар піскен ыстық пеш, шынайы көлемдегі сиырлардың муляждары мен шөп маясы. Осының барлығы – композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» тұңғыш қазақ комедиялық операсына ғаламат дайындықтың бір бөлшегі ғана. Премьера 29-30 қарашаға жоспарланған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жас әртістер спектакль жасауға құлшына кіріссе, ал аға буын өкілдері өткенді сағына еске алып, жастық шақтарын көз алдарына әкелетін жайттарды күліп отырып әңгімелеуде. Қойылымды безендірумен әйгілі сценографтар, костюмдер бойынша суретшілер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов айналысуда. Олар 60-70 жылдардың стилистикасын таңдаған екен. Бұл дәуір көптеген қызметкерлерге, әсіресе тігіншілерге жақын. Олар жалындаған жастық шақтарын еске түсіре отырып тіккен әрбір костюмге айрықша мағына үстеуде.

Костюмдердің көптеген бөліктері бұрынғы кезеңге жетелейді. Ұзындығы тізеден сәл асатын әйелдер көйлегі – бұл кеңестік сәннің классикасы, алайда XVII-XVIII ғасырлардағы костюмдермен жұмыс істеуге үйренген театр тігіншілері мұндай киімдерге жиі тап бола бермейді. Жүн, жаккард, жібек тәрізді табиғи маталардан дайындалған ерлер костюмдері ішкі және сыртқы қалталар, иықбау, астар сынды мұқият ойластырылған элементтермен толтырылған. Орындаушылардың екі құрамына 239 костюм дайындалған, оның ішінде үйлену тойы сахнасына арналған алты классикалық той көйлегі мен алты ерлер костюмі бар. Киімдердің барлығы сол заманның кербездігін үстейтін шлицтер мен кокеткалар қосылып, денеге қонымды етіп жасалған. Бірінші актіге арналған костюмдерде көктемгі жұмсақ түстер мен қала жастарының стилін көрсететін жолақ маталар басым, ал екінші актіде көрермендер ауылға тап болады, мұнда киім ауыл нақышын жеткізеді.

Сахна декорациялары да асқан мұқияттылықпен жасалуда. «Союзпечать» дүңгіршегі, шамдар мен вагондар бар теміржол вокзалы маңызды элемент болмақ. Былғары шабадандарды қоса алғанда осының барлығы сол кезеңнің жолдағы өмірін еске салып, хикая басталған атмосфераны, яғни жас Серке Алматыны бағындыруға кететін сәтті көз алдыңызға әкеледі. Оның жолы ауылдағы бейқам тірлігінен жырақта басталады. Театр бутафорлары да ауылдың шынайы көрінісін шебер жасауда. Олар сиырларды пенопластан ойып, папье-машемен қаптады, сонымен қатар отын, зембіл және айыр тәрізді басқа да көптеген декорация элементтерін әзірледі.

Түтіні бұрқыраған, үстінде бауырсақтар піскен шынайы ауыл пеші ерекше қызығушылық туғызады. Саусағынан бал тамған шеберлер тіпті бутафорлық бауырсақтар жасаудың да амалын тапқан. Латекспен қапталған бауырсақтар сондай шынайы көрінеді. Сондай-ақ құрт та декоративтік элемент ретінде ұсынылған, оның да дәмін татып көре алмайтынымыз өкінішті. Өңдеу цехының шеберлері жас жұбайлардың шымылдығына және шөп қорасына арналған металл конструкциялар дайындауда. Түктерге оралған шөп баулары даладан енді ғана жиналғандай көрінеді.

Театрдың әр бұрышында жұмыс қайнап жатыр. Қоюшы дирижер Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин оркестрмен, қоюшы режиссер Еренбақ Тойкенов солистермен дайындық жүргізіп жатса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов хорға жетекшілік етуде. Қойылымға «Астана Опера» театр студиясының жас әртістері де жұмылдырылғанын айта кетуіміз керек. Көпшілік сахна хореографы Бостан Қожабеков әртістердің қимылдарын жетілдіруде, ал жарық бойынша суретші Сергей Шевченко мен проекциялар бойынша дизайнер Павел Суворов қойылымның көрнекі бөлігін қамтамасыз етуде. Спектакльдің барлық техникалық және көркемдік құраушы бөлігін біріктіретін жобаның техникалық жетекшісі ретінде Виктор Караре еңбектенуде.

Өз партияларына орындаушылардың түрлі құрамы дайындалуда: Айсұлу – «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Назым Сағынтай, Серке – Талғат Ғалеев, Дінмұхамед Көшкінбаев, Расул Жармағамбетов, Хасен – Шыңғыс Расылхан, Ержан Саипов, Диас Орысбай, Әубәкір – Талғат Аллабиринов, Артур Ғабдиев, Әлихан Зейнолла, Газет сатушы және Милиция қызметкері – Алтынбек Әбілда, Сұлтан Бақытжан. Академик – Болат Есімханов, Валерий Селиванов, Әбдіқадыр – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Валерий Селиванов, Диас Орысбай. Жансұлудың партиясын Әсем Сембина, Жаннат Бақтай, Гүлдана Алдадосова орындайды. Нұрсұлу – Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская.

– Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы комедия жанрында жазылған тамаша туынды, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл операны орындауды бұрыннан армандайтынмын. Қойылымдағы оқиға желісі 1970 жылы Алматыда өрбиді. Халқымыздың жетпісінші, сексенінші жылдардағы тұрмысы жайлы әрдайым ойланатынмын және сол заманға барсам ғой деп армандаушы едім. Енді маған осындай мүмкіндік туып тұр. Қойылымда біз ретро стильге, жетпісінші жылдардың атмосферасына енеміз. Басты кейіпкер Серкенің рөлі мен үшін вокалдық қиындық туғызған жоқ, бұл жерде актерлік шеберлік бірінші орында деп ойлаймын. Өйткені мұнда операның мәтіні немесе музыкасы арқылы емес, актерлік шеберлікті көрсету арқылы көрермендерді баурап, күлдірте аламыз. Сол үшін қазір біз актерлік шеберлігімізді шыңдап жатырмыз. Режиссермен және дирижермен бірге дайындықтар қарқынды жүргізілуде. Қоюшы Еренбақ Тойкенов өте қызықты мизансценалар жасауда, оның осы операға деген көзқарасы өте күшті. Дирижер, өз ісінің хас шебері Абзал Мұхитдинмен де жұмыс істеу өте ыңғайлы. «Айсұлу» операсының премьерасы өте жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлайды деген сенімдемін, – деді Серкенің басты партиясын орындаушы Дінмұхамед Көшкінбаев.

Жас ғашықтар Айсұлу мен Серке, сондай-ақ екі күлкілі жұп – Хасен мен Әубәкір және Айсұлудың апалары – Жансұлу мен Нұрсұлу осынау көңілді әрі әсерлі оқиғаның ортасында жүреді. Олардың шытырман оқиғалары, әзілдері мен ермектері көрермендер қарашаның салқын күндерінде міндетті түрде тамашалауға тиіс жігерлі де жарқын қойылым жасайды.

Спектакльдердің басталуы 19:00-де және 18:00-де.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button