Басты ақпаратЖаңалықтар

«Астана опера» әлемге есік ашты

Кеше «Астана Опера» опера және балет
театры жаңа тұсаукесер маусымын әлемдік дәрежеде Джузеппе Вердидің «Attila» операсымен ашты. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.


Пьер Луиджи Пицци, көрнекті итальян режиссері:

– «Астана Опера» театрымен жұмыс істеу мен үшін үлкен бақыт. Қойылымды жүзеге асыруда екі жағымды сәт болды. Біріншісі – шын мәнінде ғажайып жұмыс атқарған техникалық мамандар. Екіншісі, өте ерекше хор. Мен үшін бұл нағыз жаңалық болды. Бүгінгі таңда мұндай жинақы және өз ісіне шынайы берілген ұжым табу қиын.

 

 

Бас қаламызға айрықша сән беріп тұрған ғимараттың таға тәріздес көрермендер залында ине шаншар орын болған жоқ. Бұл – Елбасының бастамасымен грек-рим және қазақтың ұлттық сәулет өнерімен үйлестіре салынған Еуразиядағы ең ірі опера және балет театры саналады.
«Аттила» – Вердидің алғашқы операларының бірі әрі «сахналық раритеті». Оның елорда төсінде сахналануы шын мәніндегі мерекеге айналды. Мұнда V ғасырдағы тарихи уақиға суреттеледі. Алайда, опера режиссері Аттиланы дәстүрлі қойылымдағыдай қатыгез басқыншы емес, аса көрнекті қолбасшы ретінде көрсетеді. Итальяндық шебердің бұл жол­ғы нұсқасы бойынша Аттила кітап­хананы өрттен сақтап қалған, өзіне қастандық жасаған жауларына кешірімді, мақсаты мен сезімі жоғары тұрған адам бейнесінде сомдалған.
Қойылымның режиссері – Пьер Луиджи Пицци (Teatro dell’Opera di Roma, Италия), музыкалық же­тек­шісі әрі дирижері – бұған дейін Александр Бородиннің, Рихард Вагнердің, Густав Малердің, Модест Мусор­скийдің, Сергей Прокофьев пен Сергей Рахманиновтің, Петр Чайковский мен Дмитрий Шос­таковичтің, тағы басқа да ком­­позиторлардың жауһар туындыларын әлемге танытқан Санкт-Петербургтің Мария театрының көркемдік жетекшісі, Лондон симфониялық оркестрінің бас дирижері, Ресейдің халық артисі Валерий Гергиев.
Ал бас партияларды Ильдар Әбдіразақов пен Анна Маркарова орындады.
Ильдар Әбдіразақов – Башқұрт­стан мен Татарстанның халық әртісі. Талай байқауларда топ жарып жүрген саңлақ. Қазіргі опе­радағы қоңыр дауысты ең танымал тұлғалардың бірі. Оның таза да ашық саңқылдаған дауысы екі рет әлемдік дәрежеде «Грэмми» сыйлығын жеңіп алуына мүмкіндік берді. Шеберлігі шыңдалған артист қазір Лондонның «Би-Би-Си» фестивалі мен Карнеги-холда Чикаго симфониясы мен Вена филармониясы оркестрінің әлемдік ұжымымен бірге өнер көрсетіп жүр.
Ал, Анна Маркарова – сирек кездесетін айрықша диапазонды, меццо-сопрано дауысты Мария театрының опера әншісі. Ресейдің еңбек сіңірген артисі. Әсіресе, ол Одабелла («Аттила»), Елизавета Валуа («Дон Карлос»), Чио-Чио-Сан («Мадам Баттерфляй») партияларын орындауда айырықша талантымен танылып, көзге түскен. Сонымен қатар, оның репертуарындағы Лиза («Пиковая дама»), Татьяна («Евгений Онегин»), Ярославна («Князь Игорь»), Турандот («Турандот»), Тоска («Тоска»), Абигайль («Набукко»), Эболи («Дон Карлос»), Кармен («Кармен»), Катерина
Измайлова («Катерина Измайлова») партияларын жұртшылық сүйіп тыңдайды.
Жұрт ынтыға күткен сахна шы­­­мылдығы түрілді. Аквиядағы алаң. Ғұндар басып алған түнгі қалаға шырақтар сәуле төгуде. Ғұндар мен олардың одақтастары өздерінің патшасы Аттиланы (Еділ патшаны) қарсы алуға жиналуда. Патша
атқосшысы Ульдино тұтқынға түс­кен. Әкесі мен бауыр­ларына кө­мек беруге ұмтылған жас қыздарды әкеледі. Солардың бірі – Одабелла (Ресейдің еңбек сіңірген артисі Анна Маркарова). Ол әкесі қаза болған соң, ғашығы Форесто да осы шайқаста шейіт болды деп ойлайды. Қыздың асқан сұлулығына таң-тамаша болған Аттила қолындағы семсерін оған сыйлап, тұтқын қызға өз жағына шығуды ұсынады. Одабелла сем­серді алып, одан кек алуға іштей серт береді.
Операның көркемдік шешімі жауласқан адамдар арасында да ішкі сезім шарпуы арқылы көрінеді. Бір жанға құлай берілген қыз жүрегі өзі берген антына қашан да берік екендігін дәлелдеп бағады…
Композитор христиандық құн­дылықтардың иесі – қорғаушы ретінде римдік кейіпкерлердің іс-әрекетін жағымды пафосқа құрған. Сондықтан, опера мазмұны орта ғасырдың өзінде қағазға түсірілген тарихи шындықтан бөлектеу бол­ғанымен, «Аттила» туындысы өзі­нің музыкалық сәнімен қымбат та құнды.
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button