Басты ақпарат

«Астана Опера» ашылды

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана Опера» театры­ның салтанатты тұсаукесері өтті. Жа­­ңа өнер ордасының шымылдығы биыл 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ком­позитор Мұқан Төлебаевтың классикалық өнерге қосқан жауһары – «Біржан-Сара» ұлттық операсымен ашылды.

Жиналған жұртшылықты қазақ мәдениетінің қуанышты сәтімен құттықтаған Елбасы: «Астанаға алғаш көшіп келгенде, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрын ашып, жұрттың өнерден қол үзіп қалмауына жағдай жасадық. Кейін Бейбітшілік және Келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақстан» орталық концерт залы сияқты мәдениет нысандары пайда болды. Міне, бүгін сән-салтанаты келіскен «Астана опера» театрының ашылуына куә боп отырмыз. Бұл – санаулы күндерден кейін тойланатын Астананың 15 жылдығына керемет тарту әрі Орталық Азиядағы ең үлкен, соңғы он-он бес жыл мұғдарында Еуразия кеңістігінде жаңадан ашылған жалғыз опера және балет театры болып саналады. Биыл ұлт өнерінің мақтанышы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқанымызды білесіздер. Театрдың шымылдығы әйгілі композитордың «Біржан –Сара» туындысымен ашылуының мәні зор. Бұл – ұлттық өнерімізге зор құрметтің белгісі. Ұлы композиторымызға деген халықтың риясыз көңілі» деді.

 

Беташары  – «Біржан-Сара» 

Сондай-ақ Елбасы осы театр сахнасынан талай-талай өнер саңлақтары, жас әртістер қанаттанып, болашақта тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге аты жайылатын өнерпаздар тәрбиеленіп шығатынына сенім білдіре отырып, қызметкерлерге 100 пәтер, 100 жатақхана арнайы бөлінгендігін сүйіншілеп жеткізді. Елбасының айтуынша, 2012 жылы мемлекеттің мәдениет саласын қолдауға жұмсаған қаржысы 35 миллиард теңгеден асып түсті. Елімізде 41 республикалық, 7000-ға жуық жергілікті маңызға ие мәдениет нысандары жемісті қызмет етіп келеді, онда жалпы саны 75 мыңдай қызметкер еңбектенеді.

Ақбоз ат, асқақ жырмен оралған «Біржан –Сара»

Елбасы сөзінен кейін жиналған жұрт демін ішіне тартып, «Біржан-Сара» операсының басталуын күтті. Өйткені ондағы басты рөлдерді өнерсүйер қауымға жақсы таныс қос опера «жұлдызы» – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі, тенор Ахмед Агади (Біржан рөлінде) мен Қазақстанның халық әртісі, таңғажайып лирика-колоратуралық сопрано дауысының иесі Нұржамал Үсенбаева (ақын Сара рөлінде) сомдайтын еді. Көрерменнің көз алдында қазақтың кең жазира даласы, оған жағалай қонған туырлықты,ақшаңқан киіз үйлердің панорамалы көрінісі көлбеңдей қалды. Қызылды-жасылды киініп, думандатқан-тойлатқан халықтың ортасына Біржан да, Сара да ақбоз атпен келгенде жұрт ду ете түсті. Екеуінің айтысы, тағдыр тартысын бейнелеген көріністерге қайта-қайта қошеметтерін аямады. Айта кетерлік бір жәйт, осыдан 13 жыл бұрын Астанадағы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры да алғашқы шымылдығын осы «Біржан –Сара» операсымен ашқан. Ол кезде де қоюшы – режиссер Санкт-Петербург опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Юрий Александров, ал суретшісі Вячеслав Окунев болған. Кез келген классикалық туындыға батыл өзгеріс енгізіп, құбылтып шығаратын Юрий Исаакович – әлемнің көптеген елдерінде шақыртумен жұмыс істейтін беделді өнер тарланы. Басқасын былай қойғанда, талантты сценограф Вячеслав Окунев екеуі 2003 жылы 15000 адам сиятын Италиядағы «Арена ди Веронада» Пуччинидің «Турандот» операсын қойып, екі мәрте аншлаг жасаған. Өйткені операның отаны саналатын – Италияның сырттан келетін режиссерге ұлттық операсын қоюды сеніп тапсыруы тарихта тұңғыш рет болған еді. Операның хас маэстролары қойған бұл жолғы «Біржан – Сараның» бірнеше ерекшелігі бар. Мәселен, музыкалық жетекшісі – дирижер Абзал Мұхитдинов лирикалық-драмалық туындының партитурасын тура Төлебаевтың қолынан шыққан нұсқасы бойынша қайтадан қалпына келтірді. Сценографиясын жасаған суретші-декоратор Вячеслав Окуневке қазақтың түрлі этнографиялық байлығын қазып, тіпті Ресейдегі Эрмитажда, этнографиялық мұражайларда тұрған қазақтың ұлттық киім-кешегін мұқият зерттеуге тура келді. Ал классикалық туындыларға эксперимент жасаудан қорықпайтын Юрий Александров қойылым соңын трагедиямен аяқтамай, Біржан мен Сараның арасындағы іңкәрлік жырына орын берді.

– Спектакльдің соңында, Біржан өлмейді, керісінше халық арасында қалады. Өйткені халықтың мәңгілік жадында сақталған асқақ поэтиканың өшіру, өлді деуге қию мүмкін емес. Жалпы мен өз басым музыкалық театрда кісі өлімін тікелей бадырайтып көрсетуге қарсы адаммын, – деп ойымен бөлісті Юрий Александров.

Театр сәулетінің тамашалары

Режиссер «Бір кездері вокзалдың түбіндегі театрда жұмыс істегенде біздің қасымызға ес болып жүрсін деп адам қосып беретін, алғашында классикалық өнерді тосырқай қабылдаған көрермендердің оркестр шұңқырына мойнын созып қарағанын да көріп едік. Одан бері Астана қатты өзгерді, елордалық мәдениет қалыптасып қалды. Енді осы театрдың салтанатына лайық көрермені болуына тілектеспін» дей келіп, «Астана Опера» техникалық жабдығы, көркі жағынан Ресейдің алдыңғы қатарлы театрларынан асып түскеніне қызғана да қызыға қарайтынын жеткізді.

Расында да, айтса айтқандай, «Астана Опера» – елорданың жаңа беткеұстар сәулет нысанының қатарына кіреді. Жалпы аумағы 61163 ш.м құрайтын театр құрылысы 4 блоктан тұрады. Жоба авторы сәулетші – Ренато Аркетти грек-рим мен қазақтың ұлттық сәулет дәстүрінің арасын тең ұстауға тырысқан. Ғимараттың сыртқы қасбеті «Сицилия інжуі» итальян мәрмәрімен сұпыланған. Театрдың бас кіреберісінің маңдайшасына қола квадрига – төрт пар ат жеккен қос доңғалақты арбаның үстінде қолына лира ұстаған сақ патшайымы Томиристің (Тұмар) мүсіні қойылған.

Аумағы атшаптырым екі қабатты фойенің пішіні эллипс тәріздес, биіктігі 13 м, оған салмағы 1600 кг, диаметрі 5 м қымбат хрустальдан жасалған аспашам ерекше көрік беріп тұрады. Фойенің қос қапталында доға тәрізді, барокко стилінде жасалған екі мәрмәр баспалдақ бар. Қабырғасындағы декоративті суреттерді Италия суретшілері орындады. Фойесінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруға болады.

Таға тәрізді көрермен залы ХIХ ғасырдағы итальян театрларының үздік үлгісімен жасалды. Ол 1250 орынға шақталған. Партердің үстінде бельэтаж, сосын екі ярус балкон, галерея орналасқан. Залдың акустикасын келтірумен Италиядан келген мамандар шұғылданды, нәтижесінде залдың кез келген жерінен анық естіп-көретіндей жағдай жасалды, тамаша дыбыстық үйлесімге қол жеткізілді. Ол үшін барлық ұсақ-түйек – шамшат немесе қайың ағашынан жасалған паркет еден, шие түстес, жезбен үйлесім тапқан панель тақталар, сәнді сылақ, айна, тіпті тура миландық «Ла Скала» театрындағыдай қылып Италияда арнайы дайындалған креслолардың арқалығы мен бұрылуына дейін ойластырылып жасалды.

Сахнаның аумағы 768 ш. м құрайды, сондай-ақ биіктігі 16 м арьер сахна мен екі қаптал қалтасы бар. Осылайша бөлінген сахнада бір уақытта кем дегенде 3 актінің декорациясы орналаса алады. Сахнаның трюмі (астыңғы бөлігі) 13 метр тереңдікке дейін төмендей алады, соның арқасында төрт орталық көтергіш еркін қозғалады. Негізгі сахнада сценографиясы күрделі спектакльдер қоюға болады. Ғимарат ең соңғы үлгідегі, бүкіл спектакльдер мен концерттерді HD сапасымен жазуға мүмкіндік беретін студиялық аппаратпен жабдықталған, сондай-ақ театрдың жеке көтермелі, жерсерік сигналын қабылдай алатын стансасы болады.
Оркестр шұңқырына 120 оркестрант еркін сияды. Негізгі залдан кем түспейтін 250 орындық камералық зал бар. Әртістерге соңғы техникамен жабдықталған, кең де жайлы 26 дайындық залы, 60 грим жасайтын бөлме қызмет етеді. Астындағы паркингі 92 көлікке шақталған, ал сыртына 325 көлік ошаратын орын жасалды. Жан-жағындағы 58,7 мың ш.м аумақ абаттандырылды.

Алдағы бес жылдың шығармашылық жоспары дайын

Жаңа театрдың алдағы жоспарымен бөліскен, өнер ұжымының жетекшісі, композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, Астана күндері нақтылай айтсақ 3, 6, 7 шілдеде театрда Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті қойылады. Сонымен қатар, 21 қазанда Джузеппе Вердидің «Аттила» операсымен театрдың әлемдік премьерасы өтеді. Бас режиссері – Санкт-Петербургтегі атақты Мария театрының жетекшісі Валерия Гергиев, қоюшы-суретшісі итальян сценографы, костюм суретшісі, Париждегі «Опера Бастилия» және «Опера Гарньеде» талай мәрте табысты премьера қойған Пьер Луиджи Пицци. Аттиланың партиясын «Метрополитен операда» ән шырқаған башқұрттың бас солисті Ильдар Абдыразақов орындайды. Сондай-ақ, «Астана Опера» үш ғасырлық тарихы бар Сан-Карло театрымен Джузеппе Вердидің «Аида» операсын, Плачидо Доминго жетекшілік ететін Лос-Анжелос опера және балет театрымен бірлесіп «Сиқырлы сыбызғы» операсын бірлесіп қою үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Яғни, бір сөзбен айтқанда жаңа өнер ұжымының репертуары мен шығармашылық жоспары алдағы төрт-бес жылға анық жоспарланып қойды. Ал EXPO-2017 көрмесі кезінде Астанаға «Ла Скала», «Ковент-Гарден» театрлары гастрольмен келеді деп күтілуде.

Әділбек ЖАПАҚ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button