Қала мен СалаМәдениет

«АСТАНА ОПЕРА» АСҚАҚТАТҚАН «АИДА»

DSC7839

Кеше «Астана Опера» театрында атақты Италия композиторы Джузеппе Вердидің «Аида» операсы сахналанды. Оны қойған режиссер – екі мәрте Оскар сыйлығының иегері Франко Дзеффирелли.
Аталмыш шығарма әлемдік опера өнерінің шыңы саналады. Теңдессіз туынды Египет үкіметінің тапсырмасы бойынша, Суэц каналының ашылу салтанатына арналып жазылған болатын. Алғашқы премьерасы 1871 жылы Каирде, ал одан кейін Миланда қойылған. Осылайша, көрерменді баурап алған опера дүние жүзін аралай-аралай, араға 140 жыл салып «Астана Опера» театрының репертуарынан орын алмақ.

Шығарма ащы шиеленістерге толы салтанатты шерулер, билер мен ұрандар аясында өрбиді. Онда оқиғаның өріс алуы, адамдар тағдыры, олардың әр қырынан көрінуі – бәрі де қым-қиғаш әлем. ««Аиданы» операдан хабары жоқ адамның өзі түсінеді. Өйткені, оның музыкасы әдемі. Әуезді әнді тыңдағанда қойылымды жақсы көріп кетеді» дейді Аида рөлін сомдайтын Кристин Льюис.

«Тұсаукесердің дайындығына бір айдан астам уақыт кетті. Бұл қойылымда сахнаның барлық техникалық мүмкіндіктері іске қосылады» дейді мамандар. Бірінші және екінші акт кезіндегі көріністерде барлық артистер санаулы минут ішінде костюм, парик және гримдерін толығымен өзгертіп отырады. Күрделі әрі көп қабатты декорациялар театрдағы озық технологияның көмегімен пайда болып, әп-сәтте жоқ болып, көрерменді таң қалдырды. Шымылдықтың арғы жағында қызмет көрсететіндер саны сахнаға шығатын әртістермен бірдей дейді ұйымдастырушылар. Мамандар мұндай спектакльді әлемде бірнеше театр ғана қоя алатынын айтады.

Операның дирижерлік тізгіні – канадалық маэстро Кери-Линн Уилсонның қолында. Аида партиясын америкалық опера әншісі, сопрано Кристин Льюис, ал екінші құрамда жерлесіміз Жұпар Ғабдуллина сомдайды. Радамес – Вальтер Фраккаро, екінші күні – Густаво Порта, Амнерис – Екатерина Губанова (екінші және үшінші құрамда – Дина Хамзина, Марина Пруденская), Амонасро – Лука Сальси, екінші күні Альберто Газале шырқайды.

«Менің ұлғайған жасыма, ауа райының қолайсыздығына және ұзақ ұшуға байланысты «Астана Операдағы» тұсаукесерге келе алмаймын. Қойылым жаңа көрерменін тауып, қазақ  театрының төрінде жаңа өмір бастап, мәңгіге орын алады деп үміттенемін. Астаналық өнер ордасына және жалпы қазақстандық көрерменге жылы лебізімді білдіргім келеді. Олар Италия операсының тұрақты тыңдарманы болатынына сенімдімін. «Аида» операсын еңбек жолымдағы ең үздік туындыларымның бірі деп санаймын», – депті астаналықтарға алыстан сәлем жолдаған қоюшы режиссер Франко Дзеффирелли.

Еркежан Сәтімбек

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button