Ел тынысы

«Астана Опера» ұлттық балет нөмірлерінің премьерасын ұсынады

Биыл 25 ақпан мен 3 наурызда «Астана Опера» театрында елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған ерекше Гала-кеш өтеді. Концерттің бірегейлілігі отандық балетмейстерлердің қойылымындағы ұлттық нөмірлердің премьералары өтетіндігі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Екі күнде де  белгілі музыкант Элмар Бөрібаев дирижерлық етеді.  Hassak этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» музыкалық композициясына RUH ауқымды ұлттық нөмірі жас балетмейстер, театр солисі Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясында ұсынылады. Театр дизайнері Дариға Тайшықованың эскиздері бойынша «Астана Опера» тігін цехы орындаушылар үшін жиырмаға жуық костюм әзірледі.

Кештің тағы бір премьерасы танымал хореограф Анвара Садыкова қойған «Аңсау» дуэті болмақ. Оны театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен труппа солисі Жақсылық Сауқымбеков орындауға әзірленуде. Балетмейстердің сөзінше, әртістер дене пластикасы арқылы ғашықтардың айырылысар алдындағы бір-бірін аңсау сезімін жеткізуі керек.

Екі бөлімнен тұратын Гала-балет – түрлі тақырыптардың, дәуірлердің және көрнекті хореографтардың өнерге деген көзқарастарының үйлесімі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева, Әнел Рүстемова, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов, Арман Уразов сынды орындаушылар эмоция мен шеберлігі арқылы бағдарламаны әр көрерменге айқын әрі түсінікті етпек. Олардың әріптестері – тамаша солистер мен әртістер: Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская, Лимара Айдарова, Камила Шахманова, Вега Камар Икбалова, Алина Зырянова, Мөлдір Шәкімова, Аделина Тулепова, кештің дебютанты Ғазиза Молдахмет, Сұлтанбек Ғұмар, Айбар Тоқтар, Диас Құрманғазы, Данияр Жұматаев, Александр Корнилов, Ғалымжан Нұрмұхамет, Жақсылық Сауқымбеков, Айдан Қалжан, Акбар Иминов классикадан бастап қазіргі заманға дейінгі түрлі бейнелерді сомдап, көрерменге ұмытылмас әсер қалдырады. Гала-кештің басты ерекшелігі – әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова жасаған бағдарлама тұжырымдамасында көрініс тапқан мәдени сан алуандық болғалы тұр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button