Мәдениет

«Астана операда» – әз наурыз

«Астана Опера» театрында көктемгі жаңару мерекесі – әз Наурызға қызу дайындық жүріп жатыр. Келесі аптаның басынан бастап елорда тұрғындары мен қонақтары халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бейнеленген концерттер мен спектакльдерді тамашалайды.

[smartslider3 slider=2391]

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес Наурыз мерекесі 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі. Оның үстіне мерекелік 10 күннің әрқайсысы өзіндік ресми атауға ие. «Астана Операда» мазмұнды бағдарламаны 16, 17, 18 наурызда Үлкен залдың сахнасында Ғ.Мүсіреповтің либреттосына Е.Брусиловскийдің танымал «Қыз Жібек» операсы ашады. Спектакльге қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары, сондай-ақ хор мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен симфониялық оркестрі қатысады.

Ұлыстың ұлы күні – 21-22 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда көптен күткен көктем мейрамынан естен кетпес әсер қалдыратын «Қош келдің, Наурыз!» атты жарқын, көңілді әрі қызықты концерт өтеді.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында атап өткендей, бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болмақ. Наурыздың келуімен адамдар тіршіліктің жаңа тынысын сезінеді, – дейді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Театрдың музыкалық кеңесшісі, пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескемпірованың айтуынша, Наурыз мерекесі кезінде салт-дәстүрлерімізді көрсетпеу мүмкін емес. «Қош келдің, Наурыз!» концертінде көптеген халықтардың бірлік, бейбітшілік пен келісім жайлы шығармалары орындалады. Басты идея – Наурыз елімізді мекендеген барша ұлттардың өкілдерін ұйыстыратын мейрам екенін көрсету.

Концертке опера труппасының солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Әсем Сембина, Назым Сағынтай және басқалары қатысады. Оларға «Астана Опера» хорының әртістері, оркестр музыканттары Astana Opera халықаралық опера академиясының шәкірттері қосылады. Олар классикалық және заманауи шығармаларды орындайды. Соның ішінде танымал опералардан үзінділер, ұлттық әндер бар. Домбыра мен қылқобыздың сүйемелдеуімен шырқалатын «Тойбастар», «Тұсаукесер», «Беташар» секілді музыкалық туындылар ерекше әсер туғызады. Наурыз жайлы өлеңдер кештің поэзиялық арқауы болмақ.

Баян АСЫЛБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button