Қала мен Сала

АСТАНА: ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ

Жаңа жыл – өткенді қорытындылап, алдағы уақытқа жоспар жасайтын кезең. Былтырғы наурыздан биылғы наурызға дейінгі аралықта елорданың қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қала әдепкі қарқынынан жаңылған жоқ. Қай саласы да екпінмен дамып, алға жылжыды. Ендеше, бас шаһардың әлеуметпен тығыз байланысты салаларының қаншалықты дамығанын және алдағы бағыт-бағдарын саралап көрелік.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Адамның әлеуметтік мәселесінің оңтайлы шешілуі баспанамен тікелей байланысты. Әсіресе, халқының саны күннен күнге көбейген Астана үшін тұрғын үй өзекті болып тұр. Ресми мәліметке сүйенсек,  өткен жылдың қорытындысы бойынша елордада пәтерге мұқтаж азаматтардың тізімінде 35 мыңнан астам адам тұр. Осыдан жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш небары 8 мыңды ғана құраған болатын. Астанаға ағылған жұртшылықтың қаншалықты екенін осыдан-ақ бағамдауға болады. Әлбетте, осыған қарамастан мемлекет бас шаһар тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шараларды қолға алып жатыр. Жыл сайын қаламызда бір миллион шаршы метрге жуық баспана пайдалануға беріледі.

Астана қаласы әкімдігінің сайтындағы мәліметке жүгінсек, қазіргі күні қаладағы тұрғын үй құрылысы екі мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру аясында бүгінде жалпы аумағы 288,6 шаршы метрді құрайтын 6 282 пәтердің құрылысы аяқталды.

Ал екінші – «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 140,1 мың шаршы метрді құрайтын 2 778 пәтер пайдалануға берілді. Бұл ретте өткен жылы 93,1 мың шаршы метр баспана немесе 1 881 пәтер тапсырылғанын атап өту қажет.

Қалада шаңырақты болудан үміттеніп жүргендерден басқа, жалғыз баспанасы апатты жағдайға ұшыраған отбасылар да баршылық. Олардың да қамын ойламасқа болмайды. Осыған орай қалада апатты үйлерді сүру бағдарламасын жүзеге асыру да қолға алынған. Пилоттық жоба қолға алынған екі жыл ішінде 92 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 1 502 пәтер немесе 6 тұрғын үй деген сөз. Мұндағы жалпы аумағы 33 мың шаршы метрді құрайтын 652 пәтер – 42 апатты үйдің тұрғындарына тиесілі.

Биыл да тұрғын үй құрылысын салу толастамайды. Жоспар бойынша, биыл «Қолжетімді баспана  – 2020» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 82,2 мың шаршы метрді құрайтын 1 428 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған бағдарлама бойынша 65,4 мың шаршы метрді құрайтын 1 181 пәтердің құрылысы жалғасуда. Олардың пайдаланылуға берілу мерзімі 2016 жыл деп белгіленген.

Ал 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында 2 507 пәтер кілті иелерінің қолына тиеді.

Жоғарыда атап өткен  апаттық жағдайдағы және ескі үйлерді сүру жөніндегі пилоттық жоба аясында биыл жалпы көлемі 123 мың шаршы метр болатын 2 247 пәтердің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ондағы аумағы 58 мың шаршы метрді құрайтын 1 086 пәтерді апаттық жағдайдағы үй иелерін көшіру үшін коммуналдық меншікке беру жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында жалпы аумағы 17 мың шаршы метрді құрайтын 336 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Оларға апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындары көшірілетін болады.

МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ МЕЖЕСІ

Ұлт саулығы жарқын болашақтың кепілі екені белгілі. Медицина  – қашан да мемлекеттің басты көңіл бөлетін саласы. Астанада бұл саланың даму барысы – көңіл көншітерлік. Ол ең алдымен елордалық емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасымен тікелей байланысты. Бұрын күрделі операцияларды тек республикалық деңгейдегі клиникаларда ғана жасалады деген түсінік бар-тын. Ал қазір қалалық деңгейдегі ауруханалар да мұндай операцияларды жасай беретін болды. Әлемде күрделі оталардың бірінен саналатын ағза ауыстыруды қазір елорданың №1 қалалық ауруханасы сәтімен жүзеге асырып келеді.

Жалпы бас шаһардағы медициналық мекемелердің заманауи қондырғылармен жабдықталуы, онда енгізілген озық тәжірибелер елорда медицинасын едәуір алға сүйреді. Бір ғана мысал, өткен жылдың қорытындысы бойынша Астананың туберкулезге қарсы қызметі бұл ауруға қарсы шаралардың табыстылығы жағынан еліміз бойынша бірінші орынды иеленді. Құрт ауруын емдеу­мен айналысатын республикадағы ұйымдардың деңгейі 65 өлшем бойынша бағаланған. Соның ішінде Астананың ем-домы ерек болып шығып, алғашқы орынды алды.

Астананың кеңейіп, халық санының өсуіне байланыс­ты қалада ауруханалар мен емханаладың қатары арта түскен.  Соңғы үш жылда Мұнда 8 аурухана мен емхана іске қосылған екен. Жаңа медициналық нысандар мұнымен шектелмек емес.  Әлі талайы есігін айқара ашып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетпек. Бүгінде Есілдің сол жағалауындағы халыққа №4 қалалық емхана мен «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы қызмет көрсетіп келеді. Бірақ, бұл күллі Есіл ауданы тұрғындарына аздық етіп тұр. Сондықтан оларға алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін, бір мезгілде 500 адам қабылдай алатын заманауи емханалық кешен салынып жатыр. Оның құрылысы аяқталуға да жақын. Бұл медициналық мекеме Керей мен Жәнібек хандар көшесінде орналасқан. Пайдалануға берілу мерзімі 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығының соңы деп жоспарланып отыр.

Бұдан өзге,  бір ауысымда 500 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар амбулаторлық-емханалық кешен және «Үркер» тұрғын алабы мен Досмұхамедұлы көшесінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру орталықтарының құрылыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жақында Қабанбай батыр даңғылында 250 орындық қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Теміржолшылар кентінде салынып жатқан Туберкулезге қарсы диспансер құрылысы аяқталатын күн де алыс емес.

Сапалы медициналық көмек мәселесінен қаланың шет аймақтарында тұрғындар да қағыс қалмайды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, «Лесозавод» тұрғындары үшін «Достық» атты отбасылық денсаулық орталығы пайдалануға берілмек. Бұған қоса, Астана қаласының шет аумақтарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына орай, «Өндіріс» тұрғын алабында бір мезгілде 150 адамға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін емхана құрылысын да салу жоспарланған.

БІЛІМ – БИІКТІК БЕЛГІСІ

Жан-жақты білімді, заманына сай ойлана алатын ұрпақ тәрбиелеп өсіруде елорда өзгелерге үлгі болуы қажет. Бұл жағынан елордалықтардың деңгейі осал емес. Оқушылардың халықаралық, республикалық олимпиадалары мен ғылыми жобалардағы жеңістерінің өзі – соның куәсі.  Астана қаласының олимпиадалық командасы 8 жыл бойы үздік атанып, республика бойынша жалпыкомандалық есепте 1-орын алып келгенін айтсақ  та жеткілікті. Жалпы, қала бойынша оқушылардың білім сапасы 56,2-ден 57,6 пайызға дейін артқанын көруге болады.

 Әрине, елорданың білім саласы бір орнында тұрмайды. Алға жылжып, дами түседі.  Астананың білімі ақсамас үшін алдымен ондағы түйткілді мәселелерді шешіп алу қажет. Халық санының артуына байланысты мұнда да қордаланған мәселе аз емес. Оның бірі – орын жетіспеушілігі.  Бүгінде жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар орнының тапшылығы 1 864-ті құрайды. Әлбетте, мұндай өзекті мәселелерді шешуде қам жасалмай жатқан жоқ. Айталық, биыл 5 075 орындық 5 жаңа мектеп пен 1 050 орындық екі қосымша ғимарат тапсырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 2 440 орындық 10 балабақша мен балабақшаға қосымша 60 орындық ғимаратты пайдалануға беру көзделген. Әрі 2015 жылы 1200 орындық 5 балабақшаның және 4800 орындық 5 жалпы білім беру мектебінің құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.

ЖОЛ – ШАҺАРДЫҢ ДАМУ КӨРСЕТКІШІ

«Жолдың өзі – саясат». Ел экономикасынан хабар беретін бұл сала  – қаланың күретамыры. Шаһардың қаншалықты дамып жатқаны алдымен жолынан байқалады. Астана тұрғындарының арасында әлеуметтік сауалнама жүргізгенде, оған қатысушылар елордадағы өзекті мәселе ретінде жолдың жағдайын атап көрсеткен. Бұл саланың жағдайы да қала экономикасының дамуымен тығыз байланысты екені белгілі. Оған ерекше көңіл бөлінетіні де сондықтан.

Қала әкімдігінің сайтындағы мәліметке сүйенсек, бүгінде Астанада ұзындығы бір мың шақырымнан асатын 950 көше бар. Бұл ретте жалпы әр үшінші және оң жағалаудағы әр екінші жол тиісті талаптарға сай емес. Ол жолдар кедір-бұдыр және шұңқырларға толы. Олардың көліктерді өткізу мүмкіндігі аса шектеулі. Ал қаладағы автомобильдер саны 290 мыңнан асты.

Қалада үнемі кептелістер болып тұратын 18 жол бөлігі бар. Бұл мәселе барша астаналықтарды алаңдатады. Сондықтан жағдайды ушықтырмас үшін әкімдік биылғы атқарар  шаруалар легіне жол жөндеуді де қосып отыр. Жоспарға сай, биыл 108 шақырым жолды салу мен қайта жаңғырту қажет. Олардың қатарында 30 көше мен 11 тұрғын үй алабындағы 24 шақырым жол бар. Бұған қоса,  21 шақырым жолды жөндеу міндеті тұр.

Көшелердегі көлік ағынын азайту үшін ағымдағы жылы кіші айналма жол аясында Ш.Бейсекова көшесінің құрылысы жалғастырылады, Сондай-ақ, Қорғалжын трассасы  және өзге де бірқатар жолдар мен көшелер қайта жаңғыртылмақ. Егер бұл жолдар пайдалануға берілсе, кептеліс әжептәуір азаяды әрі көшелер көріктене түспек.

Бағамдап тұрсақ, биыл да қалада атқарылар шаруа аз емес. Қой жылы Астана үшін табысты болып, әлі де көптеген тың идеялар мен жобаларды жүзеге асырар жыл болсын дейміз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button