Жаңалықтар

«ASTANA PIANO PASSION» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

444

Кеше «Астана Опера» театрында Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойы мен даңқты композитор Петр Чайковскийдің туғанына 175 жыл толуына орай әдейілеп Ресейден ат арытып келген, өнерін әлем жұрты мойындаған көрнекті дирижер Валерий Гергиев, пианист Денис Мацуев және Мария театрының симфониялық оркестрі мүшелерінің қатысуымен жылы шуаққа толы гала-концерт өтті.

Арқаға кеш келетін көркем көктемнің адам жан дүниесін желпіп өтетін «алтынкүрек» самалындай лебі бар әсерге толы кеште осымен үшінші мәрте өтіп отырған жас пианиношылардың III «Astana Piano Passion» халықаралық фестивалі де салтанатты түрде ашылды. Жалпы, театр сахнасында екі дарынды өнерпаз бен халықаралық байқаудың бір арнада тоғысып өткені, былайша айтқанда, алдын ала еш жобаланбаған, бір күнге барлығы тоқайласқан сәтті шара болды. Ресейдің халық әртісі Денис Мацуевтің өзі Чайковскийдің оркестрмен фортепианоға арналған жүректің нәзік қылын шертетін классикалық шығармаларын жоғарғы дәрежеде орындады. Ал Мария театрының симфониялық оркестрінің музыканттары мен маэстро Валерий Гергиевтің шеберлігі мен талантына тәнті болмаған жан кемде-кем шығар.
Жалпы, мәдени шара басталмас бұрын жур­налистер қауымымен тілдескен баспасөз мәслихатында алыстан келген қонақтардың біздің еліміз туралы, оның өнері жайында айтқан әңгімелері де әсерлі. Мәселен, Валерий Гер­гиев­тің айтқан сөздері тағылымды ойға толы болды.
– Мен қазақ еліне осымен алтыншы рет келіп тұрмын. Қазақ жұрты – қонақжай, дархан,
дарынды тұлғаларға бай халық. Мен осы елге келгенде өз үйімде жүргендей сезінем. Қазақстанға алғаш осыдан отыз жыл бұрын келген едім. Ол кезде жас дирижермін. Тіпті, сол кезде Дінмұхамед Қонаевтың өзі жылышырай білдірген. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та мені жақсы таниды. Осы бір-екі күннен кейін елдеріңізде тарихи уақиға өтпек. Барлық халық осы сәтті асыға күтіп отырғанын түсінемін. Қазақ елімен біздің өнердегі байланысымыз ешқашан үзілмейді, қайта үдей береді, – деді көрнекті дирижер.
Одан кейін сөз алған жоғарыда айтып өткен халықаралық фестивальдің жоба жетекшісі Д. Мацуев байқау туралы қысқаша айтып өтті.
– Осымен үшінші рет өткелі отырған байқауға әлемнің 45 елінен 400-ге жуық өтініш түсті. Жыл сайын қатысуға үміткерлер саны көбейіп келеді. Бұл фестивальдің халықаралық брендке айналып келе жатқандығын көрсетеді. Аталған жоба әуелден-ақ ерекшелігімен әлемдік ондыққа еш кедергісіз еніп кетеді. Сондықтан, байқаудың жүлделік қоры, өткізу ережелерінің өзі басқа өнер сайыстарынан жоғары, – деді жоба жетекшісі. Баспасөз жиынын жүргізген «Астана Опера» театрының директоры Төлеубек Әлпиевтің өзі осындай барлық елге танылған айтулы тұлғалардың келіп, өнер көрсетуі театр үшін ғана емес, елорда тұрғындары үшін үлкен мереке екенін жеткізді. Сонымен, шымылдығы түрілген III «Astana Piano Passion» халықаралық фестивалі 30 сәуірге дейін созылмақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button