Жаңалықтар

«Astana Piano Passion» жеңімпаздары анықталды

Фота,-пианистер-байкауы

Жеті күн бойы елорда халқын сиқырлы сазға толы әуенмен тербеткен ІІІ «Astana Piano Passion» халықаралық жас пианистер байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Ауқымды шара соңы әйгілі пианист, жоба жетекшісі Денис Мацуевтің қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.

Осымен қатарынан үш жыл өтіп отырған кәделі конкурста бақтарын сынамаққа келген үміткерлер қарасы едәуір болды. Дәлірек айтқанда, алыс-жақын 45 елден 400-ге жуық өтініш түскен. Ал байқауда жартылай финалдан өткен 30 дарынды жас өнер көрсетті. Енді, жүлдегерлер жайлы жіліктеп айтып берсек. Жоғары топ бойынша, бірінші жүлде – үздік шыққан Симон Каракулидиге бұйырды. Екінші орынды – Виктор Маслов пен Марина Соковикова жеңіп алды. Үшінші орынды – Арсений Мун қанағат тұтты. Бұл – дарындылардың барлығы да көрші Ресей елінің ұландары. Дипломанттар қатарында отандық талантты жас Назерке Қабдрахманованың есімі аталды. Ал, ортаңғы топта бас жүлдені қос сәйгүліктей құйрық тістесіп келген грузиялық Илья Ломтатидзе мен Сандро Ниеберидзе иеленді. Екінші орынға – жерлесіміз Бекзат Рақымов пен кореялық Янг Дживон көтерілді. Үшінші жүлдені – ресейлік Александр Ключко мен Дмитрий Юдин және Украинадан келген Никита Бурзаница бөлісті. Кіші топ бойынша талантымен талайды тамсандырған талапты жігіт өзіміздің Нұрсұлтан Омарғазин мен ресейлік Анастасия Ключерева топ жарса, екінші орынды да осы елдің екі ұланы: Ольга Иваненко мен Егор Опарин жеңіп алды.
Әсіресе, кіші топта өз өнерімен жиналған қауым мен қазылар алқасын тәнті еткен Нұрсұлтанның жұлдызы жанғанын айрықша атап өткен Денис Мацуевтің өзі: «Кіші топта өз өнерімен жұлқынып шыққан Нұрсұлтанның жеңісі – Қазақ елінің абыройы тағы бір асқақтай түскенін дәлелдеді» деп бағасын берген екен.
Сондай-ақ, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған өрендерге «Chinggis &Ethan» (Люксембург) баспа үйінен Рене Магритт, Матисс және Дали кар­тиналарының литоргафиялары табысталды. Ал байқаудың көркемдік жетекшісі Денис Мацуев пен Пас­каль Эскандтың қолдауымен «Annecy Classic» (Франция) фестиваліне Сандро Ниеберидзе, Илья Ломтатидзе, Симон Каракулиди, «Новые имена»
Нұрсұлтан Омарғазин, «Астана Опера» театрында өнер көрсетуге Илья Ломтатидзе, Виктор Маслов ша­қырылды. Жеңімпаздардың барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button