Басты ақпаратБілім

«Astana Polytechnic» жоғары колледжі – жаңа мүмкіндіктер алаңы!

Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі міндеттерінің бірі. Биылғы тамыз конференциясы білім саласына ерекше талаптар қойып отырғаны белгілі. Колледжде балалардың тегін білім алып, білікті маман болып қалыптасуы – Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. «Astana Polytechnic» жоғары колледжі – сол жаңа талаптар үдесінен шығып отырған оқу орны.

Бірнеше колледжді біріктіру арқылы ашылған оқу орны 

Нұр-Сұлтан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің білім беру қызметін 34 колледж ұсынады, олардың 9-ы мемлекеттік. Соның бірі – «Astana Polytechnic» жоғары колледжі. Оқу орны түлектер арасында жоғары сұранысқа ие, бірнеше колледжді біріктіру арқылы ашылған елордадағы «Astana Polytechnic» жоғары колледжі – 2000-нан астам білім алушы студенті бар, 11 мамандық бойынша жұмыс берушілерге сапалы маман даярлап отырған оқу орны.

2019 жыл «Talap» КЕАҚ жүргізген рейтинг қорытындысы негізінде  Қазақстан Республикасы бойынша «Үздік колледж» деп танылды.

2018 жылы және 2021 жылы колледж Нұр-Сұлтан қаласы бойынша колледждер арасында «Үздік колледж» атанып, 10 000 000 теңгеге әкім грантын ұтып алған оқу орны.

Материалдық-техникалық базасы    қомақты

Колледждің басты мақсаты – студенттерге сапалы білім беріп, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандарды шығару. Колледжде білім алып жатқан студенттер қазірден инновациялық жобаларды іске асырып, біліктіліктерін арттырумен айналысады.

Студенттерге жағдай жасау үшін ең алдымен колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи құрылғылармен жабдықталған болуы шарт.

 Осы орайда, колледж «Жас маман» жобасы аясында 2020 жылы колледжде «Автокөлікті жөндеу шеберханасы», «Өнеркәсіптік мехатроника», «Байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар» оқу кабинеті, «Ақылды үй» сынды 4 оқу зертханасы жаңғыртылып, жабдықтармен жарақтандырылды.

Негізгі жоба бойынша атқарылған ауқымды жұмыс, колледжде IT-технологиялар бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Бұл цифрлық сала бойынша мамандарды даярлау жүргізілетін орталық. Ол сарапшылар пулын, басқа колледждердің және тіпті басқа өңірлердің оқытушыларын кәсіби тұрғыдан жетілдіруге арналған, сондай-ақ WorldSkills әлемдік жұмысшы мамандықтар чемпионатына қатысушыларды даярлайтын жаттықтыру базасы.

Сонымен қоса, колледжде орналасқан «КНАУФ», «BOSCH», «ТехноНиколь», GROHE атты ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Bosch Thermotechnik оқу орталықтары материалдық-техникалық базаны толықтыра отырып, студенттердің тәжірибелік машықтарын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Нұр-Сұлтандағы автомобиль электроникасы және электромобиль бойынша жалғыз  «ExtLab» зертханасы жұмыс істейді.

Қай мамандықтарға гранттар көп бөлінеді?

«Биыл Балалар жылы аясында жастарды тегін біліммен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 75 орынға (былтыр 425, биыл 500) ұлғайтылды.

Білім беру гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінеді. Ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар: «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Мехатроника», IT, «Дизайн, азаматтық ғимараттарды жобалау, қалпына келтіру, қайта құру», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану».

2022-2023 оқу жылына қабылдау комиссиясының жұмысын қорытындыласақ, колледжге 1300-ге жуық өтініш қабылданды. Бұл дегеніміз колледжіміздегі мамандықтар үлкен сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі» деді колледж директоры Болат Рысқалиев.

Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы қалыптастырылды. Комиссия бекіткен мемлекеттік білім беру тапсырысы (мамандықтар тізімі және орындар саны) Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының ресми сайтында орналастырылған.

Конкурс барысында әлеуметтік жағынан аз қорғалған талапкерлерге, көпбалалы отбасынан  немесе толық емес отбасынан шыққандарға басымдық беріледі.

Яғни, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған. Осының арқасында 9-сынып бітіруші түлектері «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында кезең кезеңімен тегін оқи алады.

Тегін білім алу қалай жүзеге асады?

Колледж басшысының мәліметінше, биыл тегін біліммен қамту кезінде алдымен 9-сыныпты бітірген түлектерге басымдық беріледі. Жалпы осы жылы кәсіптік техникалық білім алушылардың 70 пайызы тегін біліммен қамтамасыз етілмек. Ал 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледжде 100% тегін оқытуды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Колледждерге қабылдау 25-маусымнан 24-тамызға дейін жалғасты. Талапкерлер 4 оқу орнына дейін және 4 мамандық пен біліктілікке дейін (медициналық және педагогикалық мамандықтарды қоспағанда) таңдау арқылы орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандарына өтініш берді. Бұл талапкерлерге мемлекеттік тапсырыс бойынша орын алу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Колледжде білім алушы студенттермен психологтар, әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Білім алуда білікті мамандар оларды өз қамқорлығынан алады. Жалпы, колледж студенттері 100% жатақханамен қамтамасыз етілген.

Колледж-студент-жұмыс беруші: келісім қалай?

Бұрынғы Білім және ғылым министрлігі кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты оқыту бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыра бастағаны белгілі. Мұндай гранттар білім беру бағдарламасын жаңартуға және еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Жұмыс беруші кәсіпорын қажетті мамандарға сұраныс беру арқылы өз өндірісіне сай даярланған кадрларға ие болады. Оқу нәтижесі бойынша кәсіпорын студенттерден қорытынды емтихан қабылдайды. Сондай-ақ кәсіпорын «колледж-студент-кәсіпорын» үш жақты келісімшартына сәйкес, оқуын аяқтаған студентті жұмысқа орналастыруға міндетті.

200-ден астам әлеуметтік серіктестіктері бар Astana Polytechnic жоғары колледжінің түлектерінің жұмысқа орналасу динамикасы 96%-ды құрайды.

Қаладағы кәсіпорындар арасында әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Мақсат — техникалық және кәсіптік білім беруді іске асыру бойынша ынтымақтастықты дамыту және дуальды оқыту жүйесі бойынша білікті мамандарды мақсатты даярлау, сондай-ақ кәсіпорынның кадрлық әлеуетін арттыру және ұйымдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту. Олар «АТБ сервис Транс» ЖШС, «АSTEK-AUTO» ЖШС, «Hyundai Premium Astana», «BOSCH Car Service» ЖШС;  «Аstana Motors SUBARU» ЖШС, «Вираж-Сервис Казахстан» ЖШС, «Astana Motor Astana» ЖШС, «Mitsubishi Центр Астана «TERRA MOTORS» ЖШС,  «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «НИТ» АҚ, «БАРК Технолоджи» ЖШС, «СамұрықҚазына» Жылжымайтын мүлік қоры АҚ, «ADE Company» ЖШС, «КАС Консталтинг групп» ЖШС, және т.б.

Елордада еркін экономикалық аймақ – өнеркәсіптік кәсіпорындардың басын қосқан арнайы аймақ. Экономикалық  аймақтың мақсаты – отандық өндірісті дамыту. Ал, оны жүзеге асыратын осындай білікті жас мамандар. Зауыттардағы техникаларды автоматтандыру, жетілдіру жұмыстарына колледж студенттері белсенді қатысуда. Биыл бірінші рет жұмыс берушілер мемлекеттік тапсырыспен он балаға техникалық қызмет көрсету бойынша тапсырыс беріп отырғанын айтуымыз қажет. Дизайнер, құрылыс саласына жас мамандарды тарту да қарқынды жүргізілуде.

Колледжде IT мамандығы бойынша қала бойынша жоғары материалдық-техникалық база жұмыс істейді.

Халықаралық тағылымдама

Қазақстан мен Оңтүстік Корея астаналары арасындағы ынтымақтастық туралы іс-шаралар жоспары шеңберінде ТжКБ студенттері жыл сайын Сеул қаласына кәсіби даярлықтан өтуге жіберіледі. Қазіргі таңда колледждің 2 студенті Сеул қаласында кәсіби даярлықтан өтіп жатыр.

Мақтанарлық жайт, осы аталған бағдарлама аясында елорда бойынша Astana Polytechnic жоғары колледжінің студенттері жыл сайын грант ұтып алады. Бұл дегеніміз колледж студенттерінің мамандығына бағытталған білімде, ағылшын тілі бойынша көрсеткіште өте жоғары дегенді білдіреді.

Педагогтардың деңгейі қандай?

Колледжде барлығы 130 оқытушы бар. Оның ішінде жоғары және бірінші санатты сапалы құрам 59%-ды құрайды, олардың ішінде магистрлер мен PhD докторлары бар, яғни колледжде білім саласының үздіктері жұмыс істейді. 4 қызметкер «Білім беру үздігі» медалімен, 2 оқытушы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» медалімен, 3 қызметкер «Ы.Алтынсарин» төс белгісімен марапатталды, «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен 2 адам марапатталды, 7 қызметкер – ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкерлері.

Колледжде сондай-ақ салалық құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Тапсырыс беру арқылы оқытушылар еліміздің қалаларына ғана емес, шетелдерге, атап айтар болсақ, Белоруссияға, Ресейге, Германияға, Финляндияға, Түркияға білім беру орталықтары арқылы жіберіледі.

Жетістіктері жайында

Колледж барлық бағытта жан-жақты сапалы жұмыс атқаратындықтан жетістіктері өте көп. Атап айтсақ, елордалық колледждер арасында өткен жұмысшы мамандықтар чемпионатының қорытындысы бойынша ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжі командалық есепте 1-орында. Қалалық чемпионаттың жеңімпаздары Ұлттық құраманың сапында өнер көрсетіп, Халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғап жүр.

Бүгінде Astana Polytechnic жоғары колледжінің оқытушылары Ержан Қасымов және Дина Рахимжанова Германия және Швецария мемлекетінде өтетін халықаралық чемпионатқа студенттерін дайындап жатыр.

Талантты жастарды қолдау және оқытушы мен студент арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының Білім және мәдениет департаментінің қолдауымен колледждер мен жоғары оқу орындары арасында елордалық «Екі жұлдыз» музыкалық байқауы өткізілді.

Студенттер арасында туризм бойынша «DREAM. STUDY.TRAVEL» атты колледждер мен жоғары оқу орындарының қатысуымен Халықаралық байқау өткізілді. Ресей мемлекетінен, еліміздің өңірлерінен келген командалар және елордамыздың жоғары оқу орындары мен колледждерінен қатысты.

«Елордалық жас маман» атты колледжіміздің бітіруші түлектеріне диплом табыстау салтанаты, елордамыздың төрінде орналасқан, мәдени ошақ «­­Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония» сахнасында өтті.

Биыл колледжді жалпы 446 студент бітірді. Оның ішінде 138 студент үздікке аяқтап, қызыл диплом иесі атанды.

Оқудың артықшылықтары неде?

Шын мәнінде, әсіресе экономикалық және жеке, кәсіби тұрғысынан қарағанда артықшылықтар өте көп. Колледжде 2 немесе 3 жыл оқудан кейін жасөспірімнің нақты мамандығы болады, яғни ол белгілі бір салада жұмыс істеу үшін қажетті білімдер мен дағдыларды толық меңгереді. Оның үстіне, колледжде ұсынатын көптеген мамандықтар сұранысқа ие, оқушы бюджеттік негізде шәкіртақы ала отырып оқи алады. Бірақ, бұл колледжге түсудің барлық оң жақтары емес.

Қаржылық тәуелсіздікпен бірге жас жігіт немесе бойжеткен неғұрлым сапалы тұлғалық өсудің бірегей мүмкіндігін алады, өйткені оқыту шарттары оқушыларда жауапкершілік, ұйымшылдық, дербестік, қиындықтарды жеңе білу және өз уақыты мен ақшасын бағалай білу сияқты қажетті қасиеттерді дамытады.

Міне, 2-3 жылдан кейін әлі мектеп парталарында отырған немесе жоғары оқу орнында оқуда ұзақ жолын бастап жатқан оның құрдастарына қарағанда, біздің алдымызда ересек білікті маман тұрады. Бұл ретте колледж түлегіне университетке түсуге ешнәрсе кедергі келтірмейді, колледжде оқу – арманына арман қосып, мақсатына жаңа мұраттарды межелейді.

Ең бастысы – қоғамда жоғары сұранысқа ие жас маман иесі өзіне ғана емес, еліне де пайдалы еңбек жасап, мемлекетіміздің көркеюіне өз үлесін қосады. Ендеше, «Astana Polytechnic» жоғары колледжі – жаңа талаптар мен заманға сай жауап беретін зор  мүмкіндіктер алаңы деп бағалауға әбден болады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button