Қала тіршілігі

Астана Президенттің төл перзенті

СЕНІМ – КӘМІЛ,
ШАРУА – СЕРГЕК

Жуырда ғана Мәжіліс депутаты, жазушы Алдан Смайылдан журналист «Халық қалаулысы ретінде Астанаға қандай пайдаңызды тигізе алдыңыз?» деп сұрағанында, «Пәлендей ештеңе жасамадым. Өйткені, елордаға қатысты мәселенің барлығы дерлік Елбасының назарында. Мәдениетін де, архитектурасын да, инфрақұрылымын да Президент Нұрсұлтан Әбішұлы шешуде» деген. 

Айтса, айтқанындай-ақ, Астана астана болғалы қағылған әр қазығы мен қаланған әр кірпіші Мемлекет басышысының көз алдында, жіті бақылауында. Өйткені, Астана – Президенттің төл перзенті, айқын қолтаңбасы. «…Бұл қаланы бүкіл жан-жүрегіммен қатты жақсы көретінімді жасыра алмаймын. …Алыс сапарлардан оралып келе жатып, мен әрқашан туған Астанаммен жүздесуді тағатсыздана күтемін» дейтіні де сондықтан.

Күні кеше ғана қазақтың сол бас шаһарының он бес жылдық мерейтойын дүрілдете атап өткен жайымыз бар. Той думанының соңын ала ел газеті «Егеменнен» Елбасының «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласын оқыдық. Айрықша толқыныспен, қуанышпен, жеңіспен жазылған Президент қаламының ізінде күллі қазақтың зор мақтанышы, асқақ сезімі жатқандай, жас Астананың ғажайып тарихы жатқандай…

Рас, елорданың байыппен, бағаммен басқан әр қадамында біздің жетістігіміз бар және ұшан-теңіз. Өйткені, бар-жоғы он бес жылда елордаға салынған инвестицияның жалпы көлемі төрт триллион (!) теңгеден асып жығылған. Ал, өткен жылғы өнеркәсіп өнімінің шамасы, қалабасының соңғы есебінен есімізде қалғаны, 197 миллиард теңгені құрады.

Басқа да көптеген сүйіншілі жаңалықтардың куәсіміз: Астанада тепловоз құрастырылады, вагондар мен тікұшақтарды шығарудамыз, жақында ғана күн батареяларының модульдерін жасайтын зауыт іске қосылды. Осының бәрін Елбасы мақаласында ерекше ілтипатпен жеткізіпті. Әлі де жігерлі жұмыстардың, игілікті істердің жалғасатынын да айтады: «Қала инфрақұрылымдарын жаңғырту мен кеңейту үдерістері белсенді жүріп жатыр. Қаланың жылу коммуникациялары мен электр желілерінің қуаттары айтарлықтай ұлғайтылды. Көлік инфрақұрылымдарын жаңарту да серпінді жүруде. Осы жылы-ақ қалада жүрдек жеңіл рельсті трамвай құрудың нақты жұмыс кезеңі басталады» дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Батыстың сырбаздығы мен шығыстың терең руһани дәстүрлерін бойына берік сіңірген» Астана әлі де қарқынды дамитынына енді күмән жоқ. «Енді» дейтініміз, астана Алматыдан Арқаға көш түзегенде жаңа шаһар тұрмақ, күллі елдің болашағына сенімсіздікпен қараған замандастарымыз аз емес еді. Ал, бүгін… Бүгін сенім – кәміл, шаруа – сергек, күмән сейілген. Тек өрлеу, даму, өркендеу бар.

Мерей МЕЙІРБЕКОВ,
ҚР Индустрия және жаңа технология-лар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің бас сарапшысы

Тәуелсіздік тұмары

Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласымен таныстық. 

Бұл мақаладан, әсіресе, біздерге – спортшыларға етене таныс патриоттық сезім, Отанға деген махаббат, Астанаға деген сүйіспеншілік бірден сезіледі. Оған Президенттің өз сөзі дәлел: « Иә, мен де бүкіл қазақстандықтар сияқты бұл қаланы бүкіл жан-жүрегіммен жақсы көретінімді жасыра алмаймын». Ата-бабамыз арман еткен азаттық астанасы қазақтың қай баласына да қымбат әрі ыстық десек те, Елбасының тебіренісі бөлек. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы – Астана қаласының «бас архитекторы» екені даусыз.

Әуел бастан Сарыарқа төсіне салынып бастаған жаңа астананың құрылыс жоспарын құруға елеулі үлес қосқанын жасырмаған Президентіміз мақалада: «Мен «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан Шатыр», «Астана Опера», «Мәңгілік Ел» кешендері сияқты Астананың бірқатар ғимараттарының үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсындым», – дейді. Бұл жолдар жоғарыда айтқан сөзімізге толық негіз болады.

Астана бүгінде мәдениеттің, руханияттың бас шаһары ғана емес, сонымен қоса, ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың басын біріктірген алтын ұяға айналып үлгерді. Елбасымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда: «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда, елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек», – деп, Үкіметке тапсырма берген болатын. Осы негізде атқарылған жұмыстар бас қаламызда да бұқаралық спорттың дамуына тың серпін берді. Мәселен, жақында ашылған «Тарлан» мұз айдыны аренасында қарапайым халық жыл бойы сырғанақ тебе алады. Әлемнің соңғы технологиясымен салынған спорт кешендері Мемлекет басшысының спортқа деген қамқорлығының арқасында көптеп қолданысқа беріліп жатыр дер едім.

Біз – намысты, талантты, жауынгер ұлтпыз! Елімізде өсіп келе жатқан жас спортшыларға қарап, сенімді түрде осылай айта аламын. Ал, осындай білекті де жүректі өрендеріміз байрақты бәсекелерде топ жарған сайын, жеке спортшының ғана емес, Қазақстанның да мерейі өсіп, айбыны асқақтай береді. Сондықтан, Елбасының алға қойып отырған спортты дамыту туралы саясаты Қазақстанды әлемге танытудың, ел намысын асқақтатудың бір жолы деп білемін.

Данияр ЕЛЕУСІНОВ,
бокстан ұлттық құрамасының
капитаны

«Ақылды қала» атанар күн алыс емес

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айқындап айтқандай, Астана шынымен де еліміздің инновациялық жүрегіне айналды. Әр заманда кез келген мемлекеттің қарышты дамуы барлық саланың инновациялық игіліктеріне байланысты. Біздің де қазіргі елордамыз берік зияткерлік және өнеркәсiптiк орталық болып табылады.

Мұнда дүниежүзілік деңгейдегі ғылыми-білім беру жүйелері, экономикалық аймақтар мен технопарктер құрылып, жақсы жолға қойылған. Қазақстанның экономикасы мен индустриалдық-инновациялық үдемелі дамуына жағдай жасайтын ұйымдастырушылық-экономикалық механизмі бар. Бұл орайда, елімізде жеделдетілген индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданғанын айта кеткен жөн. Сондықтан, елордамыз заманауи технологиялардың, инновациялық үдерістердің басын біріктіріп, жан-жақты даму үстінде дей аламыз. Осыны негізге ала отырып, Астананың инновациялық стратегиясын жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасау үшін елордада «Aстана Innovations» қоғамы құрылды.

Міне, бүгінде елорданың аумағы кеңейіп, тұрғындар саны да өсіп, қала меймандарының қатары артуда. Осыған орай, «Aстана Innovations» акционерлік қоғамының міндеттері – экономиканың нақты секторына заманауи жетістіктерді енгізіп, жоғары технологиялы және ғылыми негіздегі өндірістерді дамыту, елорданың «ақылды», тұрмысқа қолайлы қала болуына жағдай жасау болып табылады. Астананы алдағы 20 жылда «ақылды қалаға» айналдыру бағытында «Smart Astana»-«Ақылды қала» жобасын, тағы да бірқатар инновациялық бастамаларды жүзеге асырумен айналысудамыз. «Smart Astana»-«Ақылды қала» жобасының мақсаты – елорданың тұрғындары мен қонақтарының жайлы өмір сүруін, қала жүйелерін экономикалық және экологиялық жағынан жетіктіретін инновациялық технологияларды қолданып, заманауи тұрмыс сапасын қамтамасыз ету. Бұл тұжырымдамаға «Ақылды экономика», «Ақылды басқару», «Ақылды қоршаған орта», «Ақылды өмір», «Ақылды адамдар», «Ақылды мобильділік» деген алты сипаттаманы иеленген еуропалық қалалардың даму үлгілері енгізілді.
Болашақта қаланың көлік қатынасын, тұрғын үйлерді, ғимараттарды, экологияны, өмірді қамсыздандыру жүйелерін, қауіпсіздікті, мобильдік қызметін зияткерлік жобаға келтіреміз. Екінші жағынан, міндетті түрде адамдардың жаңашылдыққа құштарлығын арттыру қажет. Ол үшін елорданың келешекте озық технологиялар тарту орталығына айналуы – заңдылық. Мысалы, Астананың халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі өтетін ғимаратта дүние жүзінің озық технологиясы жинақталады. Әр ұйым немесе кез келген адам осында орналасқан үлгілермен танысып, өз жобаларын да ұсына алады.

Мемлекет басшысы 2017 жылы елордамыздың әлемдегі 50 «ақылды қала» қатарына қосылуы қажеттілігін мәлімдеді. Демек, қаланың жоғары зияткерлік даму деңгейіне жетуі жолында талай шаруа атқарылуы керек. Ал, оның бәрі – өз қолымызда!

Нығмет ЕСБАЙ,
«Астана Innovations» АҚ басқарушы
директоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button