Sport

«Астана» қара үзіп барады

Қазақстан Премьер-лигасының 10-турында «Атырау» өз алаңында «Астана» командасына 0:2 есебімен жол берді.

Кездесуден бір күн бұрын «Мұнайшы» стадионында жаттығу өткізген қонақ команда бірден алаңның сапасы сын көтермейтінін айтып, таздың сиреген шашындай боп тұрған көгалда доп тебуден бас тартты. «Атырау» командасының өзі де бұл пікірді қостап, басқа алаңда ойнаудан кет әрі болмады. Сөйтіп, жергілікті клуб ойынды жасанды көгалы бар қосалқы алаң – «Томарлы» стадионында өткізу жөнінде шешім қабылдады.
2 мың жанкүйер жиналған кездесуде «Астананың» абыройы асты. Алғашқы минутта қос команда бір-бірінің осал тұсын таппады. Матч тағдырын шешкен екі гол да екінші тайм­да соғылды. Есепті алдымен Патрик Твумаси ашты. Көптің арасынан сытылып өтіп, айып алаңына енген оны қорғаушы артынан іліп шалды. Төреші ойланбастан допты 11 метрлік нүктеге қойды. Соққыны Твумасидың өзі жасады және онысы сәтті шықты. Ол осымен ҚПЛ-де алтыншы голын соғып, әзірге үздік бомбардир болып тұр. Бірінші голдан соң араға үш минут уақыт салып, 64-минутта Марин Томасов есепті еселеді. Ол алаңның ортасынан бастап доппен бірге ұшып барып, діттегеніне жетті. Есеп – 0:2.
Осылайша «Астана» турнир кестесіндегі «билігін» үш ұпайға ұзартып, 28 ұпаймен топ бастап тұр. Оның ізін қуып келе жатқан «Қайрат» сырт алаңда Қостанайдың «Тобылынан» 0:1 есебімен жеңіліп, көштен бес ұпай қалып қойды. Ал «Тобыл» 19 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. «Ақтөбе» –«Ақжайық» матчында 5:3 есебі тіркеліп, турдың ең нәтижелі ойыны болды. «Шахтер» өз жерінде «Ертіске» 0:1 есебімен есе жіберсе, «Қызыл-Жар» мен «Қайсар» голсыз тарқап, «Жетісу» «Ордабасыны» 4:2 етіп жеңді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button