Басты ақпарат

Астана – Қазақстанның алтын қазығы

Кәсіпкерліктің берері көп

Жуырда Президент Н.Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласында елорданың серпiндi дамуына айрықша тоқталды.

Бүгінде Астананың келбетіне сүйсін­бейтін жан жоқ. Күн санап биіктей түс­кен еңсесінен тәуелсіздігіміздің тегеу­рінін, еліміздің ерен қасиетін, жаңа­шылдық пен жасампаздықтың жаңғы­рығын айқын байқаймыз. Ал, әрбір азамат өз елордасын және оның қазіргі заманға сай жетістіктерін мақтан тұтады, жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімін шындай түседі. Елбасы айт­қандай, Қазақстанның жас елордасы – қазақтың мерейі, мәртебесі, ұлт келбеті, қарыштап дамудың, жетістіктің, мақтаныштың, мәңгілік достықтың символы бола білді. Президент өз сөзінде «…Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады…» деген болатын, ал мақаласында астаналықтардың 60 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласында екен­дігін жазады. Бұл – өте қуантарлық нәтиже, себебі, еліміз үшін шағын биз­несті дамыту – ең басты міндеттердің бірі, әрі жас мемлекет болғандықтан, шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүм­кіндіктердің бар екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» стратегиясында кәсіп­керлікті – ұлттық эконо­миканың жетекші күшін жан-жақты қолдау, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру керектігі аталып өткен болатын. Демек, бәсекеге қабілетті Қа­зақ­станды құру үшін қоғамның бел­сен­ді мүшесі болып жастарды кәсіп­кер­лікке барынша тарту маңызды екен­дігі анық. Ал, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ре­тінде кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отырғаны белгілі. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, маңызды міндетті орындауда жас кәсіпкерлердің алатын өзіндік орны бар деп санаймын. Жас­тар – болашағымыз және әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болып келді. Сондықтан, асқақ арманына қол жеткізудің жолдарын көбі осы қала­мен байланыстырғысы келеді. Ал, Елба­сы­ның арманынан бой көтеріп, сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын та­ран­ған Астанамыз бай дәстүрімен, біре­гей сәулетті құрылыстарымен, мәдени ескерткіштерімен Еуразияның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына сенімдімін.

Мақсат ҚОЖАМБЕК,
Қазақстанның жас кәсіпкерлері
қауымдастығының төрағасы

ЕЛОРДАНЫҢ ҰЛЫ ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ

Ел мен жер тағдырының елеңдетпейтін кезі жоқ. Арғы, бергі аталарымыздың ту көтеріп, туырлық тігер, құттыхана шаңырағының уығын шаншар майлы да жайлы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалардай жұмақ мекен таңдауы тегіннен тегін болмаған. Аңыз бен ақиқаттың шырайындай Асан бабамыздың желмаямен жаһанды кезіп, халқына құт мекен болатын жерұйықты іздеуінде жан тебірентерліктей сыр жатыр емес пе? Ұлытаудан басталар ұлы көшіміздің кеңес дәуірі кезінде Астана қазығын бірде Орынбор, бірде Қызылордаға қадап, одан Алматыға тұрақтауы Мәс­кеу­дің пәрменімен болған еді.

Ел егемендігін алған­нан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім қабылдауы тәуелсіз мемлекеттің ал­ғашқы стратегиялық батыл бағыттарының бірі болатын.

Астана – Президенттің Жарлығымен 1997 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының елордасы» деген ресми атау алды. Тура бір жылдан соң 1998 жылы 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың тұсауы кесілді. Бір жыл өткеннен кейін Астанаға ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген наградасы берілді. Халықаралық баға Аста­наның әлеуметтік-эконо­микалық, саяси және мәдени дамуына игі әсер етті. Бразилияда өткен байқауда Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әртүрлі елдерінің он екі қаласынан озық тұрды.

«ЭКСПО-2017» ха­лық­аралық көрмесін Аста­нада өткізу туралы қа­был­данған шешім де аса ірі уақиғаға айналды. Біз әлі осы жеңісіміздің аса зор маңызын сезініп болған жоқпыз. Бұл көрме өтетін елді, шын мәнінде, бүкіл әлем таңдады. Қазақстан айқын басымдықпен же­ңіске жетті. Бұл – бүкіл жер-жаһанның бізді түстеп танып, үстеп сенім артуы.

Бұл Қазақстан елор­да­сы­ның ұлы дәуірі бастал­ғанын білдіреді.

Бибігүл БӨЛЕГЕНОВА,
саяси ғылымдар
кандидаты

Көңілімізді көкке өрлетті

Елордамыздың 15 жылдық мерейтойына орай Елбасымыз жариялаған мақала бәріміздің болашаққа деген үмітімізді еселей түскендей бол­ды. «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» деген тақырыбының өзі қаладағы мекемелердің қаншалықты үлкен жауапкершілікке ие екенін аңғартатын тәрізді. Әсі­ресе, қала тарихына қатысты деректер өте маңызды.

«Астананы құру тарихының да қырлары көп, айтары мол. Келешекте біздің барлық мектептерімізде Қазақстан тарихы бойынша «Астана тарихы» атты жеке арнаулы курс өткізілетініне сенімдімін» дейді Президентіміз. 1995 жылғы қарашаның 23-інде ашылған Ас­тана қаласының мемлекеттік мұ­рағатының мойнындағы міндет те, міне, осы.
Біздің мекемеде алғашқы күннен бастап осы қала тарихына қатысты құжаттар мен деректемелер молынан жинақталды. Бүгінде мұрағат қоры 313 мыңнан астам деректі құжатты сақтап отыр. Оларды жинақтау барысында мекеме қызметкерлері аянбай еңбек етіп келеді. Бұл бағытта шет елдердің мұрағаттарына да іссапарлар ұйымдастырылып, талай құнды деректер мен жәдігерлер қолға түсірілді. Атап айтқанда, Омбы тарихи мұрағатына, Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатына, сол секілді Татарстанның ұлттық мұрағатына барған сапар барысында көптеген құнды мәліметтер табылды. Жалпы, біздің қаланың түпкі тарихына қатысты негізгі деректердің шекара сыртында екендігі белгілі. Өйткені, қаламыздың іргетасы қаланған уа­қытта біздің елді бағындырған ор­талық сол жақтарда болған. Сол се­бепті, әсіресе, өткен ғасырдағы төң­керіске дейінгі кезеңдердің тарихына қатысты материалдар аталған қа­лаларда молынан сақталып келген. Мәселен, қалада полиция, пошта қызметі қалай қалыптасқаны, қалай тың игеру жұмыстары жүргізілгені, әскери дивизиялардың қалай құрыл­ғаны, олардың қалай қызмет істегені – бәрі-бәрі сол құжаттарда кеңінен жазылған.

Ал тәуелсіздіктен кейінгі кезеңнен ең маңызды құжаттар қорын ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру барысындағы мәліметтер қамтиды.

Жалпы, біздің мұрағат уақыт өткен сайын байи түсуде. Оларды насихаттап, көпшілікке жария ету мақсатында да түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Жекелеп тоқталатын болсақ, біздің мекемеде көрме залы бар. Онда әр атаулы уақиғалар мен белгілі бір даталарға байланысты көрме ұйымдастырылып тұрады. Одан бөлек ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орната отырып, бұқара халыққа Астана тарихын жариялау мақсатындағы түрлі материалдарды таратып отырамыз. Сол секілді, ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін шақырып, түрлі басқосулар өткіземіз. Мәселен, биылғы қала күні қарсаңында халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік үлкен конференция ұйымдастырылды.

Ең маңыздысы, бізде қазіргі кезде арнайы оқу залы бар. Мекемеге келіп, Астана тарихымен танысуға талпынған азаматтарға мұрағат құжаттары танысуға беріледі. Ашық тақырыптар бойынша қаламыздың тұрғындары ғана емес, шетел азаматтары да келіп, ақпарат ала алады.

Мұның бәрі, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткен­дей, қыр-сыры мол Астана тарихын айшықтау мақсатында жүзеге асырылары даусыз. Ал Елбасы «Ас­тана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақа­ласында атап өткен Астана тари­хы туралы пәннің мазмұнын қалып­тастыруға біздің мекеме әрдайым мұрындық боларына сенім мол.

Балқия БАЙМАҒАНБЕТОВА,
Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button