Sport

«Астана қыраны» – Ғани Сейділдаев

ERA_8439

Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» республикалық  турнирінде елорда намысын қорғайтын балуандарды іріктейтін «Астана қыраны» жарысы өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылатын байрақты бәсекеде Астана атынан күреске шығу үшін 23 балуан сынға түсті.

«Қазақстан» спорт сарайының басты алаңында төселген боз кілемде күні бойы белдескен балуандардың шеберлігін көруге жиналған жанкүйер қауымның да қарасы аз болған жоқ. Жарыс алдында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов елорданың атынан Елбасы жүлдесі үшін аламан сайысқа ең мықты балуандар ғана қатыса алатынын, осы орайда күреске шығатын астаналық балуандардың бәріне сәттілік тіледі.
Бас төреші Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Күлекешев жарыс регламентін жариялағаннан кейін апайтөс жігіттердің айқастары басталып кетті. Екі топқа бөлінген балуандар арасында қазақ күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, дзюдо, самбо күрестерінен бірнеше халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері болды. Біраз жанкүйерлер «Әттең-ай, осы жарыстың финалында кездесуі мүмкін Ғани Сейділдаев пен Арман Әбеуов бір жаққа түсіп қалған екен, енді екеуінің бірі финалға жетпей қалатын болды ғой» деп топшылап та жатты. Алайда, сол үміт артқан Арман балуан екінші белдесуінде Айбар Абдулловқа есе жіберіп қойды. Ал қазақ күресінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, «Астана батыры» жекпе-жек спорт клубының өкілі Ғани Сейділдаев күрескен сайын ширығып, әр қарсыласын айқын басымдықпен ұта берді. Сөйтіп, бірінші топтан топ жарып финалға өтті. Екінші топтан осы мекеменің атынан шыққан Айбат Сейтен ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Осылайша «Астана батыры» жекпе-жек күрес клубы» МКҚК (директоры А.Абдрахманов) балуандары «Астана қыраны» атағы үшін күресіп, бұл белдесуде талай жарыстарда топ жарған «Жаужүрек» балуан Ғани Сейділдаев жеңіске жетті. Ал Айбат Сейтен күміс медаль және жеңімпазбен бірге «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде елорда намысын қорғайтын болды. Үшінші орын үшін күресте №7 ОРБЖСМ балуаны Айтуар Абдуловтың жолы болды.
«Астана қыраны» іріктеу жарысының жүлдегерлерін Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев құттықтап, дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етті. Сонымен, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде елордамыз Астананың намысын Ғ.Сейділдаев пен А.Сейтен қорғайтын болды. Ал, бұл аламан айқас 5 шілде күні «Сарыарқа» велотрек кешенінде өтетін болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button