Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНА – РИГА: СЕРІКТЕСТІККЕ МҮДДЕЛІ

ERA_6328

Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Рига қаласының мэрі Нил Ушаковпен ресми түрде кездесті. Жүздесу барысында екі астананың өзара ынтымақтастығын дамыту, өзара тиімді тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен талқыланды.

Елорда әкімі Балтық жағалауынан келген меймандарға Астанада жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде айтып берді.

– Қазақстан Латвияны Балтық өңіріндегі маңызды әріптесі ретінде таниды. Қос елдің астанасы экономикалық әлеуеті мен құрылымы жағынан бір-біріне ұқсас. Айталық, сіздердегі сияқты Астана экономикасының 60 пайызын орта және шағын кәсіпкерлік саласы құрайды. Қаламызда құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Соның бір айғағы – біз жылына 1 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырамыз. Жас шаһар үшін бұл – едәуір жетістік, – деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Қала әкімі Астананың 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындалып жатқанына тоқтала келе, мұндай халықаралық шара қарсаңында бірлескен кәсіпорындар құрып, ірі жобаларды жүзеге асыру артық болмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Иманғали Нұрғалиұлы латвиялықтарға елордадағы мемлекеттік маңызы бар нысандар, индустриалдық парк, инновациялық технологиялар, білім,  көлік, жол салаларындағы табыстарды таныстырды.

Өз кезегінде Рига мэрі Нил Ушаков қос шаһардың өзара экономикалық және мәдени байланысы нығая түскенін атап өтіп, барлық сала бойынша жарасымды байланыс түзілетініне сенім білдірді.

– Астанамен тығыз қарым-қатынас орнатуға біз де ықыластымыз. Елдеріңіздегі құрылыс, туризм, басқа да салалардағы тәжірибелер бізді ерекше қызықтырады. Сондықтан әріптестік байланысымыз үзілмей, одан әрі дами түсетініне сенімдімін, – деді Рига мэрі.

Бұдан кейін шаһар басшылары екі қаланың экономика, тұрғын үй, жолаушылар көлігі саласы төңірегінде пікір алмасты.

Жалпы, Қазақстан мен Латвия арасындағы дипломатиялық  байланыс 1992 жылдың желтоқсанынан бастап орнаған болатын.  Биылғы жартыжылдықта екі ел арасындағы тауар айналымы 155,6 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш былтыр 361,2 млн АҚШ доллары көлемінде болған.

Еліміз латвиялықтарға мұнай өнімдерін, мақта талшығын, зығыр тұқымын, тағы басқаларды экспорттайды.

Ал, Рига Латвияның анағұрлым экономикалық дамыған ірі өнеркәсіп орталығы болып саналады. Айталық, Латвияға құйылатын шетел инвестицияларының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 55 пайызды құраса, соның 78 пайызы осы Рига қаласына бағытталған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button