Әлеумет

АСТАНА РУХЫ

 Халқымыздың соңғы 10-15 жылда жаратқан дүниелерін жай ғана атап өту қаншалықты оңай бол­са, қазақ халқының бүгінгі рухы жайында қарапайым ғана ой айту соншалықты күрделі мәселе екен. Себебі, дүниелік жетістіктеріміз орасан. Байлығымыз мол. Қазақ елінде жаңадан жасалынған, мақтаныш етерлік өндірістер, ғимараттар, жолдар және басқаларды мек­теп баласы да қиналмай тізіп айта алады.

Астана – осы жаратқан дүниелеріміздің көшбасшысы. Күмәнсіз!

Ал, менің айтайын дегенім – Астана рухы жайында. Қазақ рухы жайында.

Бір ғайып ой. Мен жеке өзімнің қазақ екенімнен аса бір айрықша мақтаныш ете алуға құқығымның жоқтығын түсінемін. Шағын ғана халқы бар кез келген ұлт өкілінің де өз ұлты үшін мақтанышы шексіз болады. Бұл – табиғи нәрсе. Дәл сол секілді, кейбір кемшіліктеріміз паш етілгенде, өзімнің қазақ екенімнен ұялмауым да керек екенін білемін.

Бізді замандасымыз, өзбек халқының тамаша қызы Замира Шукур «Әке мен ананы таңдау адам баласының қалауымен бол­майтыны секілді, ұлтты таңдау да біздің қалауымыздан тыс болатын оқиға» деген болатын. Менің қазақ болып туылғаным – шексіз тылсым дүниенің еншісінде.

Біз тек қазақ халқы екендігімізден, қазақ халқы өкілі екендігімізден, ғажайып қала тұрғыны екендігімізден мақтаныш ете ала­мыз. Бұл – хақ!

Егемендіктің алғашқы жылда­ры, бауырлас Өзбек елінің аза­маты кездерімде, Қазақ елінің қиындықты жылдарды бастан өткізгенін, ғасырлар алмасуы жылдарынан кейінгі мемлекеттің дүркіреп өркендеуі себептерін тал­дап, сабақтап, өзбек халқының зия­лы өкілдерімен әңгіме кезінде, бұл дамудың себебін экономикалық, саяси және басқару жолдары тұрғысынан түсіндіргеніммен, негізін айқындай алмаған екенмін.

Оған себеп те бар екен. Қала рухы. Мен әйгілі «Нан қаласы» аталған ежелгі қала Ташкенттің тұрғыны болдым. Ташкенттік болу өз алдына ерекше рухани күш берумен қатар, жауапкершілігі де баршылық болатын. Орталық Азия кіндігінде орналасқаны және тари­хи өркениет ошақтары Түркістан, Бұхара, Самарқант, Хиуа, Та­раз, Шымкент қалаларының жақындығы, Ташкенттің өркендеуіне кең мүмкіндіктер беретін. Өзбекстанның жер қойнауы да шикізатқа бай. Алтын, уран, газ, мұнай, мақта. Өркендеуге барлық мүмкіндік бар…

Дегенмен, бүгінгі күні Орталық Азияның ғана емес, Еуразия континентінің назары – Астанада. Әлемнің назары – менің Астанам­да!

Отанымыздың өркендеуінің нәтижесі, белгісі, көшбасшысы…

Осы нәтижелерге жету себептерінің негізі неде?..

Қазақстанның дамуының негізгі жауабын кездейсоқ уақытта, ойламаған жерде, күтпеген адам­нан естідім. Өмір ғажайып!

Биылғы Астана экономикалық форумының аяқталар кеші, Астанадағы зәулім «Қазақстан» кон­церт залында форум қонақтарына арналған үлкен концерт берілді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ұжымы, студенттері теңдесі жоқ тамаша концерт берді. Қазақ экономикасының ғана емес, мәдениетінің өркендегенінің ны­шаны осы концерт десек, ағаттық болмайды.

Консерватория ректоры, қазақ халқының біртуар қызы Жания Әубәкірова қонақтарды форум жұмысының нәтижелі аяқталуымен құттықтап, өз сөзінің соңында «Қазіргі кезде қазақ халқының жасампаздық рухы өте жоғары, сондықтан біз бұдан да биік жетістіктерге жете ала­мыз» деді. Халық орнынан тұрып, ризашылықпен өте ұзақ қол соқты!

Ұлттың рухын көтеру – тек ұлы тұлғалардың еншісінде.

Неміс, жапон халықтары соғыстан кейінгі талқандалған жағдайынан бүгінге келіп, ең құдіретті мемлекеттерге айналды. Бұның түпкі себебі тек немістердің, жапондардың еңбектенгіштіктерінде емес деп ойлаймын. Еңбектенгіштіктен көп ұлттар бұлардан қалыспайды. Мәселе, немістердің, жапондардың ұлт рухын көтере алатын басшыларының әрекетінде еді. Олар түзген мемлекеттік жүйе халықтың мүддесіне сай болды. Өнеге көрсете алды.

Біздің Елбасымыз қазақ халқын жаңа астана құру мақсатымен жасампаздыққа жұмылдыра білді.

Қазақ халқының ұлттық рухының жоғары болуында Астана өнегесі, Астана рухының үлкен маңызы бар. Астаналық болу рухы өзгеше талап қояды. Осы талапқа ұстаз ретінде сәйкес болу борышы бар. Астананың алдындағы борыш. Мен мұны күнде сезінемін.

Ұлтты жасампаздыққа тәрбиелеу дегенде, ең алдымен осы ұлт өкілі ретінде «жеке өзімді тәрбиелеуім керек» ұғымы алғышарт бола­ды. Кейбіреулерімізге өзгелерді, қоғамды тәрбиелеу мүмкіндігі берілмеген шығар, бірақ өзін рухи тәрбиелеу еркіндігі берілген.

Сонымен бірге, ұстаздар па­рызы ретінде, бұл тәрбие жеміс беруі үшін, әлі ой-пікірі түрлі келеңсіздіктерге үйренбеген жас-тарымызды тура жолға бастауы­мыз, ұлттық рухты сіңіруіміз керек деп білемін.

Астананың жасампаздық рухы жоғары. Бұл рух – қазақ халқының рухының жоғары болуының кепілі!

Келе жатқан Астана күні алдында Астанамыздың, қазақтың елордасының мәртебесі арта түссін!

«Қазіргі кезде қазақ халқының жасампаздық рухы өте жоғары, сондықтан біз бұдан да биік жетістіктерге жете аламыз».

Сапарбай ЖҰБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button