Елорда тынысы

Ботаникалық бақта күзгі жүгіру ұйымдастырылды

Бүгін әуесқой спортшылардың арасындағы Astana run жарысының күзгі жүгірісі ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

2023 жылдан бастауын алған Astana run жүгірісінің басты ерекшелігі – 4 кезеңнен тұрады, жылдың әр мезгілінде өтеді. Бүгінгі іс-шара – биылғы үшінші күзгі жүгіріс.

«Astana run жылдың төрт мезгілінде де ұйымдастырылады. Осыған дейін Триатлон, Орталық саябақтарында жүгірістер өтіп еді. Бүгінгі локация ретінде Ботаникалық саябақ таңдалды. Ересектерден 700-ден астам, балалар санатында 300-дей қатысушы жүгірді. Ертеңнен бастап, шешуші қысқы жүгіріске тіркелу ашылады. 1 жыл бұрын ғана алғашқы жарысымызға небәрі 200 әуесқой спортшы қатысып еді. Қысқа ғана уақытта жүгіретіндердің қатары артып жатқанына қуаныштымын», – деді жарыс ұйымдастырушысы Гүлмира Ғазизқызы.

Жарыс барысында ересектер 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.

«Арбада болсам да, біздің де жүгіруге құқығымыз бар деп ойлаймын. Өзім салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың бірімін. Қосымша үстел теннисімен айналысамын. Ал жүгіруден Конституция күніне орай өткен жарыста алғаш рет қатысып едім. Бүгін ресми екінші жарысым. Әрине, спорт – бұл бәсеке. Бірақ мен өзімнің іс-әрекетім арқылы жастарды жігерлендірсем деп едім. Бұл ойым сәтті жүзеге асатынына сенемін», – деді қала тұрғыны Тырнахан Бердіхан.

Жарыс қорытындысы бойынша, 10 шақырым қашықтықта ерлер арасында 32:37 уақыт көрсеткішімен Әлімжан Балтабек топ жарса, әйелдер арасында Әлия Тұранова 38 минутпен чемпион атанды.

«Astana run жарысына екінші рет қатысып жатырмын. Жазғы жүгірісте 37 минутпен чемпион болған едім. Бүгін өкінішке қарай, 10 шақырым қашықтықты 38 минутта бағындырдым. Неге нәтижем төмендеп кетті? Өйткені кеше ғана Қырғызстандағы оқу-жаттығу жиынынан оралдым. Қысқа ғана уақыт толық қалпыма келуге жеткіліксіз болды. Жалпы өзім бұл спортқа 2018 жылы келсем де ара-тұра ғана жүгіретінмін. Ал 2023 жылы Ресейдің Андрей Недельник деген бапкерімен жүгіруді түбегейлі қолға алдым. Осы орайда нәтижемді алға жылжытуыма 7-8 сағаттық ұйқы, дұрыс тамақтану, жаттығу жұмысын тұрақты түрде орындауым әсерін берді. Тек жүгірумен ғана шектеліп қоймай, қыс мезгілінде шаңғы да тебемін», – деді әйелдер санаты бойынша жеңімпаз болған Әлия Тұранова.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға ыстық шай беріліп, лотерея арқылы түрлі сертификаттар ойнатылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button