Astana Run іс-шарасынан кейін әуесқой желаяқтар тазалық іс-шарасын өткізді

Елорданың Ботаникалық саябағында әуесқой спортшылар арасында дәстүрлі Astana Run жарысының 2025 жылдағы алғашқы көктемгі жүгірісі ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары тек жүгіру дистанциясын бағындырып қана қоймай, «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, спорттық іс-шарадан кейін барлық қоқысты жинап кетті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Astana Run ZENGI BABA «Таза Қазақстан» акциясы мен салауатты өмір салтын насихаттауды тоғыстырған бірегей шара болды. Оған тек спортты қолдайтын ғана емес, қала тазалығы үшін де зор жауапкершілік сезінетін шын жанашырлар қатысты. Олар жүгірістен кейін шаршағанына қарамастан, саябақтағы қоқысты теріп, жүгіріс орнын тап-тұйнақтай етіп тазалап кетті.
«Мен қаладағы бұқаралық жүгіру жарыстарынан қалмауға тырысамын. Қалада жүгіру үшін мол мүмкіндіктер бар. Ботаникалық саябақтағы жүгіру жолы мен үшін ерекше қолайлы. Бұл жердің тазалығына ерекше мән беремін. Бүгін де «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, саябақтағы қоқысты жинауға шын көңілмен атсалыстым. Айналаны таза ұстау салауатты өмір салтының айнымас бөлігі екеніне сенімдімін. Экологиямыз жоғары деңгейде болса, денсаулығымыз да мықты болады», – деді Астана тұрғыны Еркебұлан Назархан.
2023 жылдан бастау алған Astana Run жүгірісінің басты ерекшелігі – 4 кезеңнен тұрып, жылдың әр мезгілінде өтеді. Бүгінгі шара – осы жылдағы бірінші көктемгі жүгіріс.
«Astana Run жылдың төрт мезгілінде де ұйымдастырылады. Осы жылдың басты ерекшелігі – маркетингтік әдісті қолданып, әр жүгіріске төрт түлік пірінің атын беруді жөн көрдік. Спорттық шарамыз тек салауатты өмір салтын ғана қамтып қоймай, «Таза Қазақстан» аясында жарыс өткен жерімізді де жинап кеттік», – деді жарыс ұйымдастырушысы Төлепберген Сүйінтаев.
Жарыс барысында ересектер 5 шақырым қашықтық бойынша 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі «Astana Run Ойсылқара» жазғы жүгірісі тамыз айында өтпек.