Мәдениет

Астана симфония сазына бөленді

Өнерін музыканттар ғана емес, қарапайым халық жақсы көретін, патшалар тыңдаған әлемге өте танымал флейташы Андреа Гриминелли (Италия) Астанаға келіп, баспасөз өкілдерімен кездесті, сахнада өз өнерін көрсетті. «Астана Опера» сахнасында Eni-дің қолдауымен компанияның Қазақстанға келгеніне 30 жыл толуы аясындағы екінші мерекелік шара ретінде кинофильмдердің әйгілі саундтректері ұсынылды. Андреа Гриминеллиді ерекше талантын бағалаған Иорданияның патшайымы Queen Rania және принцесса Диана, тағы басқа танымал тұлғалар әйгілі флейташымен түскен фотолары әлеуметтік желілерде тұр.

Елордалықтар симфониялық музыканың мықтылары Федерико Феллини мен Лукино Висконтидің көптеген фильмдеріне, сондай-ақ Фрэнсис Форд Копполаның «Өкіл әкесіне» керемет музыка жазған біртуар композиторлар Эннио Морриконе мен Нино Ротаның туындыларынан концерт тыңдады. Бұл шығармалар  «Оскар», «Алтын глобус», «Грэмми», BAFTA секілді жоғары марапаттармен, жүлделерге ие болған туындылар. Кейде киноның музыкамен берік байланысатыны сонша, фильм атауы ең алдымен сюжетпен немесе актерлермен емес, музыкалық тақырыппен ұштасып жатты. Атақты композитор Нино Рота көптеген фильмдерге музыка жазу арқылы кеңінен танымал. Солардың арасынан концертте Фрэнсис Форд Копполаның «Өкіл әке» кинофильмінен, Федерико Феллинидің «Амаркордынан» әуендер, Федерико Феллинидің «Жол» фильмінен Джельсоминаның тақырыбы, сондай-ақ оның «Кабирия түндері» фильмінен музыка және «Тәтті өмір» фильмінен сюита, Лукино Висконтидің «Леопард» фильмінен «Верди вальсі» – «Қоштасу вальсі» және тағы басқалары шырқалды.

Аңызға айналған композитор Эннио Морриконенің музыкасы да жанкүйерлерді қызықтырмай қоймайды. Серджио Леоненің «Бір күні Америкада», «Жақсы, жаман, ашулы», «Бір уыс долларға» фильмдерінде оның музыкасын естімеген жан жоқ шығар, ол Роланд Жоффенің «Миссия» фильміне арнап «Vita nostra» және тағы басқа саундтректерді жазды.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның (Италия)  жетекшілігімен өнер көрсетті. Залға жиналған көрермен танымал фильмдерден саундтрек тыңдап, сүйікті әуендерін тамашалады. Осы орайда «Астана Опера» ұлттық өнерді шетелде аспандатуды алдына маңызды міндет етіп қойғанын айтуымыз қажет. Джузеппе Акуавива осы биік мақсатта опера труппасы солистерінің ағымдағы репертуардың концерттері мен операларынан партияларды орындауға дайындығын жүзеге асырып, қазақ өнерінің әлем сахналарында өнер көрсетуіне мұрындық болып жүр. Қазақстандық ұжымның шығармашылық қызметін жақсартудан бөлек, маэстро әлемдік мәдени қауымдастықта театр мен академияның мүддесін таныстыруды мақсат етеді.

Жалпы, симфония – симфоникалық оркестрде орындауға арналған күрделі циклді музыкалық шығарма десек, 18 ғасырда симфониялық оркестрдің классикалық түрінің қалыптасуына байланысты симфониялық музыка кеңінен дамып, оның негізін салған композиторлар Й.Гайдн, А.Моцарт, Л.В. Бетховен; олардың шығармашылық еңбегімен симфониялық музыка жанры жан-жақты өріс алды. Қазақтың кәсіби музыкалықыкасының Симфониялық музыка жанрында Е.Г. Брусиловский, Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, М.Қойшыбаев, Қ.Қожамияров, М.Сағатов, т.б. композиторлар жемісті еңбек етті. Симфониялық оркестрдің құрамын дыбыс бояуы әр алуан жиырмадан астам музыка аспаптары (гобой, флейта, кларнет, фагот, валторна, литавра, тромбон, барабан, т.б.) құрайды.

«Астана Опера» сахнасында Андреа Гриминелли флейтада жеке өнер көрсетті. Әйгілі флейташы Андреа Гриминеллиді әріптесі сэр Джеймс Голуэй бірде Андреа Гриминеллидің ұлы флейташы екенін, оның ұзақ жыл музыкалық сахнаның алдыңғы қатарында тұратынын айтқан болатын. Андреа Гриминеллидің дарыны, таңдаулы интерпретациялары мен тамаша техникасы сан мәрте беделді марапаттармен, оның ішінде Грэммимен атап өтілген. Гриминеллидің жарқын өнер жолы 35 жылдан бері жалғасып келеді. Осы жылдар ішінде маэстроның концерті Еуропада, Азия мен Америкада, атап айтқанда La Scala, Carnegie Hall мен Suntory Hall-дың әйгілі залдарында өтті.

1984 жылы Андреа Гриминеллидің Лучано Павароттимен әріптестігі басталды: атақты тенор 25 жастағы флейташыны Нью-Йорктегі Мэдисон-Сквер-Гарденде өнер көрсетуге шақырды. Одан кейінгі жылдары екі әртістің бірлескен концерттерінің саны 200-ге жетті, олар өз өнерлерін лондондық Гайд-паркте, Нью-Йорктің Орталық паркінде, Парижде Эйфель мұнарасының алдында және басқа да алаңдарда қалың аудиторияға ұсынды.

Бұл күн елордалықтар үшін ерекше болды – итальяндық танымал маэстролармен бірге «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры керемет музыка кешін сыйлады. Астананы симфония сазына бөледі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button