Астана – спорт қаласы
Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтеді. Бұл – халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшылардың ғана емес, спортпен айналысатын, салауатты өмір салтын ұстанатын барша қазақстандықтың мерекесі. Еліміздегі спорт саласы дамыған өңірдің бірегейі Астана қаласы болып отыр.
Астанада бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын ілгерілетуге Дене шынықтыру және спорт басқармасы жауапты. Басқарма жанында 19 ведомстволық бағынысты мекеме жұмыс істейді. Атап айтқанда, 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Елорда» спорт клубы, спортты дамыту дирекциясы, жоғары спорт шеберлігі мектебі, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы, олимпиадалық резервті дайындау орталығы мен «Дәулет» теннис орталығы, спорт-медицина орталығы, «Арғымақ» ат спортымен сауықтыру кешені және мемлекеттік спорт тапсырысын іске асыру жөніндегі дирекция кіреді.
– Жасөспірімдер мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 74 түрі (38 олимпиадалық, 15 олимпиадалық емес, 4 ұлттық, 17 мүгедек) бойынша 8715 оқушы жаттығады. Оларды 396 жаттықтырушы спортқа баулиды. Астана қаласы құрама командасының құрамына 312 спортшы енсе, оның 173-і олимпиадалық, 80-і олимпиадалық емес және 59-ы мүгедектер спортына жатады. 2024 жылдың 7 айында қала спортшылары 1113 түрлі деңгейдегі спорт санатына ие болды. Мәселен, 3 спортшы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанса, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 38, Қазақстанның спорт шебері – 180, спорт шеберлігіне үміткерлер 891 адамды құрады. Елордалық спортшылар республикалық және халықаралық жарыста 3395 жеңіске жетті. Оның ішінде алтын медаль – 1246, күміс – 980, қола – 1169, – деді басқарманың спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов.
Астана – спортшылардың қаласы. Бүгінде елішілік және халықаралық деңгейдегі түрлі марафон тұрақты өтіп келеді. Оған қатысатын адамдар саны жыл өткен сайын артуда. Мұның бәрі спорт қозғалысының дамуына әсер етіп, спорт кешендеріне баратын жас спортшылардың саны артуда.
– Елордада дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 551692 адам айналысады, бұл жалпы халықтың 39,1 пайызын құрайды. 1081 дене шынықтыру-сауықтыру үйірмелері жұмыс істейді. 2024 жылдың 7 айында күнтізбелік жоспарға сәйкес 343 іс-шара өткізілді. Оның 36-сы – халықаралық, 76-сы – республикалық, 231-і – қалалық деңгейдегі турнирлер, – дейді А.Ағзамов.
Бұқаралық және жоғары жетістіктер спортының
дамуында спорт инфрақұрылымы шешуші рөл атқарады. Басқармаға «Жеңіс», «Толқын», «Барыс», «Дәулет» спорт орталығы, «Арғымақ» ат спорт кешені қарайды. Астана қаласы бойынша 1000 адамға шаққанда халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуі орташа есеппен 34,25 пайызды құрайды. Республика жағдайында елорда 20 аймақтың ішінде 17-орында тұр.
Елордада 600-ден астам спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның ішінде 34 ірі нысан: Алматы ауданында – 7, Есілде – 2, Нұрада – 15, Сарыарқада – 8, Байқоңырда – 2. 2024 жылдың қараша айында Алматы ауданындағы Железнодорожный тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ