Саясат

АСТАНА – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ОЙЛАР МЕН ҰМТЫЛЫСТАРДЫҢ БАСТЫ ЖЕМІСІ

Астана

Таяуда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты кітабын тағы бір қайтара зор қызығушылықпен оқып шықтым. Оқи отыра, «Сарыарқа сауырындағы, ерке Есіл бауырындағы» сәулеті келіскен қазақтың кіндік қаласы Астананы орнықтыру жолында қаншама күш-жігердің, қажымас қайраттың, толассыз еңбектің қажет болғандығын ерекше түйсіндім.

Иә, бүгіндері атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бірақ, күнделікті осынау шаруаларға бойымыздың үйреніп кеткендігі соншалықты, біз оларға оншалықты мән беріп жатпаймыз, оларды бағалауға немесе себеп-салдарын іздеуге әсте тырыспаймыз.

Расында, осыдан 20 жыл бұрын еге­мен еліміздің өмірінде бір қарағанда тосын көрінгенімен, шын мәнінде, ең ұтымды нұсқаны саралап, сан ой­ланған, тоқсан толғанған салмақты да салиқалы саяси шешім қабылданды. Сөйтіп, 1994 жылғы шілдеде ел астанасын әсем Алатаудың баурайынан солтүстікке, мың шақырымдық қияңда жатқан далалық Ақмолаға кө­шіруге шешім шығарылды. Өйткені, Ақмола Қазақстанның географиялық ор­та­лығы деуге болатын, ел экономи­ка­сы­ның өрлеуінде жетекші де өске­лең нүктелері болып отырған маңызды ша­руашылық өңірлерге өте жақын ор­наласқан. Қала ірі көлік­тік торап­тардың қиылысында тұр. Мұның сыртында, қала Қазақстан үшін көптеген шетелге шығудың мейлін­ше төте жолы – трансеуразия арна­ларына таяу қоныстанған. Бәрінен бұрын Ақ­мола қаласының экологиялық ахуалы қа­лыпты әрі бұл жағдай келешекте де дұрыс сақталып қалатындығы ескерілді.

Мына бір мәселені де назарда ұс­таған жөн. ХХ ғасырдың аяғында өз тари­хымызда тұңғыш рет елдің ұлттық мүд­делерін басшылыққа ала отырып, тәуелсіз Қазақстанның астанасының қай жерде орналасуы туралы шешімді қабылдауымыздың зор саяси және имандылық мәні болды әрі бола да береді. Айталық, біздің таңдауымызда қауіпсіздік мәселесі маңызды орын алды. Бұл тұрғыда тәуелсіз мемлекеттің астанасы сыртқы шекаралардан алыс­тау жерде, мүмкіндігінше елдің ортасына таман тұруы тиістігі қаперге алынды. Мұның негізсіз еместігін кейбір өңірлердегі кейінгі оқиғалар көрсетіп отыр. Сондай-ақ, бұл шешім елде тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту тұрғысынан даусыз артық­шылықтар әкелген қадам болды. Астананы өз халқының құрамы жөнінен көп ұлтты өңірге көшіру Қазақстанда тұратын барлық этникалық топ арасында достық пен ынтымақтастықты сақтау мен еселеуге де ықпалы молынан тиді. Сонымен қатар, астананы ауыстыру Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту тұрғысынан да тиімді еді. Ең бастысы, астананы көшіру ар­қылы Қазақстан тәрізді жаңа тәуелсіз мемлекеттің мүмкіндігі зор, мақсаты айқын, болашағы жарқын екендігі дүниежүзі елдеріне паш етілді.

Бүгінгі Астана – Қазақстанның жа­ңа­руы­ның нышаны, оның көп ұлтты хал­қының жасампаз күш-қуатының куәсі. Бұл – соншалықты жеңіл тимеген заман­ның өзінде жаңа астана тұрғызуға бел шешіп кіріскен халықтың өзінің күш-жігеріне деген сенімінің белгісі. Бұл – азаттық алған ұлттың өзінің гүлденген бола­шағына, ұрпағының келешегіне үлкен үміттің көрінісі. Сондықтан да 1998 жылғы 6 шілдеде «Астана» атты ресми атауға ие болған еліміздің бас қаласы Отанымыздың нағыз жү­регіне айналып, бұл күн Ұлт­тық және мемлекеттік мерекелер қатарына жатқызылып, соңғы жылдары республика жұртшылығы зор ықы­ласпен Астана күнін тойлап келеді.

Атқақтай соққан жүрек тәрізді жаңа Астана да Қазақстанның барлық өңіріне нәр берумен қатар, ұлттық рух пен сананы көтеруде. Күн санап Астананың ажарын ашып, көркейте түскен зәулім де сәулетті жаңа құ­рылыстары және абаттандырылып жатқан алаңдары мен гүлзарлары, саябақтары шетелдік азаматтарды, қала қонақтарын қайран қалдырып, олардың қызығушылығын туғызуда. Соның бір куәсі іспетті, ел­орданы көруге келетін қонақтар саны жыл сайын 10 пайызға көбейіп отыр. Тек, 2012 жылы қазақтың бас қаласын жарты миллион турист тамашалап кетіпті. Бұл – мемлекетке қосымша түсіп жатқан пайда деген сөз. Осы ретте, Испанияның Барселона қаласында өзім куә болған мына бір жәйтті айта кеткім келіп отыр. Жүз жылдан астам бұрын Испанияда Гауди деген сәулетші өмір сүрген. Сол сәулетшіні мемлекет елеп-ескеріп, тиісті ақшасын беріп, қалауынша үй салғызды. Оның салып жатқан үйіне керек дегеннің бәрін де тауып берді. Гауди үкіметтің ақшасына өзінің ойындағы үйін салды. Ал, қазір қарасаңыз, Барселона қаласына жыл сайын «Гаудидің үйін көреміз» деп 40 миллион турист келеді. Оның үйін көрсету үшін мемлекет жан басынан 17 евродан ақы алады. Сонда Гаудидің бір ғасыр бұрынғы туындысы қазір жыл сайын 70 миллион евроға жуық пайда әкеліп отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың Астана ғима­раттарының ешкімге ұқсамайтын және қайталанбайтын нұсқада болуын талап ететіндігін естігенде, ойыма осы бір мысал орала береді.

Сонымен, бүгінгі Астана қандай қала? Есілдің оң жағалауынан қарсы бетке қарасаңыз Астананың зәулім ғимараттар бой көтерген өскелең құ­ры­лысын көресіз. Көз алдымызға су­­ретшінің күн сайын тынымсыз сал­ған, кешке қарай әлдебір штрихтар қо­сып, әрлей түскен картинасы келеді. Міне, қалаға кіре берістегі биіктігі 20 метр «Мәңгілік Ел» қақпасы біз­дің ұлттық рухымызды асқақтатып тұр. Енді бір сәт жапырағын жайып тас шынардай жарқыраған «Бәй­терек» назарыңызға ілінеді. Ол күн нұрымен шағылысып, төңірегіне жарық сәуле шашқан алып шарды – өмір мен мейірім символын әлемге паш етіп келеді. Алып діңінің төбесі бізтұмсықталып бітіп, өзінің осы пі­шінімен ғаламның шексіз кеңістігіне ұмтылған зымыран кешенін еске салатын «Ханшатыр», әлемдегі атақ­ты опера театрларынан кем түс­­пейтін 1250 орындық «Астана Опера», үш миллион литр «дала тө­сін­дегі мұхит тамшысынан» екі мыңға жуық теңіз мекендеушілерін тама­ша­лауға мүмкіндік беретін «Ду­ман» ойын-сауық отауы, Қазақ­стан­ның қартасын бейнелейтін «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, шартарапқа жаңалық тарататын «Қаз­медиаорталығы», елдіктің символы ретінде танылған «Қазақ Елі» алаңы, «Тәуелсіздік сарайы», «Бейбітшілік және келісім сарайы» – елорданың ең көз тартар жерлері.

Президент Ақордасының төбесінде ұлттық жалауымыз желбіреген киіз үй сипатты зор күмбез баршаны әрдайым бейбітшілік сүйгіштік пен дәстүрлі ауызбіршіліктен айны­мауға шақырып, қызбалықтың және түсінбестіктің дауылдарынан, өш­пенділік сұрапылдарынан сақтан­дырып тұр. Нәтижесінде, Астана ЮНЕСКО халықаралық ұйымының шешімімен «Бейбітшілік қаласы» мәртебесіне ие болып, әлемнің танымал саясаткерлері, іргелі сарапшылары, көрнекті қайраткерлері, ірі мемлекет басшылары, қарымды қаржыгерлері мен бизнес өкілдері жиі бас қосатын орынға айналды. Мәселен, мұнда 11 жыл қатарынан өткізілмей келген Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының Астана саммиті өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Астана жылда Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның қолдауымен халықаралық экономикалық форум өткізіп, бүкіл­әлемдік қаржылық дағдарыстан шығуға өзінің оң үлесін қосып келеді. Бұл қатарға жыл са­йынғы Еуразиялық медиа-форумды жатқызуға болады. 2014 жылғы 29 мамырда Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттер араларында Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде тарихи шешімге қол қойылды.

«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет» дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Ірілі-ұсақты кемшіліктерден де ада емеспіз. Бірақ, біраз дүние ойсырап жатқан тұста, бізде бәрі Құдайға шүкір. Елбасы сөзімен айтсақ: «Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын орындадық. Сол үшін біз зор бақыттымыз».

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button