Мәдениет

АСТАНА ТАЛАНТТАРДЫ АЯЛАЙДЫ

Елордада «Шабыт», «Жас қанат» сынды жас өнерпаздардың талантын танып, бағын ашатын дәстүрлі бәйгелер баршылық. Солардың бірі де бірегейі – «Аялаған Астана» музыкалық балалар байқауы. Қала күні қарсаңында республикалық конкурс осымен төртінші рет өз шымылдығын түреді. Іріктеуден сүрінбей өткен 12 қатысушы кеше Астанада алғаш рет кездесіп, ақтық сайысқа қызу дайындығын бастап кетті.

Биылғы байқауда 7 мен 13 жас аралығындағы балалар сынға түседі. Бүгінде олар астаналық музыка мектебінде вокалдық қабілеттерін шыңдап, «Red Jam» музыкалық тобының сүйемелдеуімен ән шырқауға дайындалуда.
Жылдағыдай «Аялаған Астана­ның» қазылар алқасы жобаның бас продюсері Лина Арифулина төрелік ететін танымал эстрада жұлдыздары болмақ. Сондай-ақ, көрермендердің үміткерлерге sms-хабарлама арқылы дауыс беру мүмкіндігі болады.
Алдағы байқаулардан ерек­шелігі – бұл жолы «Аялаған Астананың» финалында балалар бір-бір әннен шырқайды. Жеңімпаз да сол күні анықталады.
«Жас дарындарды таба отырып, шығармашылық қабілеттерін ашуды басты мақсат еткен жоба қазақстандық бүлдіршіндерге мол тәжірибе жинауға, шығарма­шылық тұрғыдан кемелденуге ықпалын тигізеді» дейді байқаудың бас продюсері Лина Арифулина. Сондай-ақ, гран-при иегері әдеттегідей «Артек» лагерінде өтетін Халықаралық «Жаңа толқын-2016» ән байқауына жолдама алып, ел намысын қорғайды.
Атап өтейік, республикалық ән байқауына Астана қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы мен ресейлік «АРС» компаниясы қолдау білдіріп отыр.
Ұйымдастырушылардың мерекелік бағдарламасы бойынша, финалға өткен 12 қатысушы ертең «Бәйтеректен» бастап, бас шаһардың барлық көрікті жерін араламақшы.
Астанадағы Оқушылар сарайында өтетін финал шілденің екісі сағат 13:00-де басталмақ. Телевизиялық шоу тікелей эфирден «Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетіледі.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button