Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана туризмі қалай дамуда?

Жетілген инфрақұрылымы мен географиялық орналасуы жағынан елорда туризмді дамытуда зор әлеуетке ие. Сондықтан туристер үшін қолайлы жағдай жасай отырып, Астананы Орталық Азия елдерінің тарихи оқиғалар мен іскерлік хабы ретінде дамыту көзделеді. Елордадағы туризм осымен үшінші жыл қатарынан тұрақты өсу қарқынын көрсетіп келеді. 2023 жылдың 9 айында қалаға келген туристер саны алдыңғы жылға қарағанда 17 пайызға артты, яғни осы аралықта Астанаға 979 мың турист келген. Бұл ретте әуе көлігі арқылы келушілер саны 28 пайызға, теміржолмен келетіндер саны 17 пайызға көбейген.

ҚР туристік саланы дамыту Тұжырымдамасына сәйкес Астана еліміздің саяси, әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы болып саналады. Қала әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Өмірұзақ Тілеужанның айтуынша, бас қалада туризмді дамытудың бірнеше негізгі бағыттары белгіленген. Атап айтқанда, бұған маңызды оқиғалар өткізу, іскерлік бағытты (MICE-туризм), медициналық туризмді дамыту, Астана брендін қалыптастыру, қажетті барлық инфрақұрылымды құру және сервис сапасын арттыру жатады.

– Былтыр 9 айда елордаға ат басын бұрған туристердің 759 мыңнан астамы – ел азаматтары болса, қалған 220 мыңы шетелдіктер болды. Астанада туристер үшін қажетті жағдай жасалған. Қалада барлығы 229 қонақүй, 68 ірі туристік нысан, яғни театрлар, музейлер, парктер мен сауда үйлері бар. Сонымен қатар туристер үшін қажет 2 мыңнан астам қоғамдық тамақтану орындары, «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы мен «Астана-Бәйтерек» монументі жанында керек мәліметтерді беретін 2 ақпараттық дүңгіршек, жаяу жүргіншілерге бағыт берудің бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Соған қоса MICE, медициналық және маңызды оқиғалар бағытын дамыту үшін Астананың негізгі туристік нысандарының қатарына 10-нан астам көрме, конгресс-орталықтар, концерттік залдар, спорт кешендері және 7 JCI медициналық клиника енгізілген, – дейді аталған бөлім басшысы.

Елорда несімен тартымды?

Осы саланы бақылап отырған мамандар пікірінше, Астанаға көбі іскерлік сапармен келеді. Бұл ретте қала түрлі халықаралық форумдар, конгрестер, саммиттер өткізілетін алаң ретінде маңызды рөл ойнайды. Сонымен қатар туристер үшін қалада өтетін мәдени және тарихи оқиғалар да қызығушылық тудырады. Себебі елордада концерттер мен фестивальдер, көрмелер жиі ұйымдастырылады. Солардың ішінде былтыр қыркүйекте ойын-сауық халықаралық фестивалі – Comic Con Astana іс-шарасы есте қаларлықтай деңгейде өтті. Оған 80 мыңнан астам адам қатысты.

– Маңызды оқиғалар және іскерлік туризмнің дамуы сөзсіз елорданың геосаяси тұрғыда сәтті орналасуына байланысты, Астана Еуразияның қақ жүрегінде орналасқан. Оған барлық көлік түрімен жету өте ыңғайлы. Қалада кез келген ірі немесе маңызды іс-шараларды өткізуге арналған көпфункционалды конгресс-орталықтардың көптігі оны туристер үшін тартымды ете түседі. Мұндай орталықтарда әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарынан бастап, саяси және экономикалық форумдар өкілдерін ұялмай қарсы алуға болады. Бүгінгі таңда 30 бағыт бойынша әлемнің 15 еліне 24 әуекомпаниясымен халықаралық тікелей рейстер қатынайды, 78 елге визасыз режим енгізілді, – дейді Ө.Тілеужан.

Астана 2016 жылдан бері (ICCA) халықаралық Конгрес­тер мен конференциялар қауымдастығы құрамына кіреді және іс-шаралар өткізу жағынан ТМД елдері арасында туризм бойынша халықаралық рейтингте үшінші орында тұр. ICCA құрамына өту қаланың халықаралық мәртебесін арттырып қана қоймай, оның даму әлеуетін көтерді. Мәселен, Astana EXPO-2017 халықаралық көрмесінің, ЮНХТҰ 8-жаһандық саммитінің, 27 дүниежүзілік кардиоваскуляры және торакалды хирургтер қауымдастығы конгресінің, Топырақ механикасы және геотехника бойынша 17-Азия өңірлік конференциясының және INQAAHE конференция­сының өтуі – соның айғағы.

Елордаға бағыт алатын туристердің ең көбі Ресейден келеді, мәселен, былтыр 9 айда қалаға осы елден 106 мыңнан астам турист келсе, 2022 жыл бойына олардың 136 мыңы келіп, қонақ болған. Одан кейінгі орында қытайлықтар, былтыр соңғы үш айды қоспаған қалған уақытта 14 мыңнан астам қытайлық Қазақстанға келген. Содан соңғы орындарда Германия, Өзбекстан, Түркия, АҚШ елдерінің азаматтары басқалардан көбірек келген. Жылына екі-үш мыңдай адам Ұлыбритания, Испания, Беларусь, Украина елдерінен келіп, елорданың туристерінің қатарын толықтырады.

Саланы өсіретін жобалар

Елордада іскерлік туризм индустриясын дамыту және іс-шаралар өткізу мен оларға инвестор тарту мақсатында салалық қауымдастықтар мен корпоративтік сектор өкілдерімен бірге Әріптестік бағдарламасы жүзеге асырылады. Оған 90-нан астам компания қатысады. Сонымен бірге Астана қаласының брендін дамытуға ықпал ететін іс-шараларды ұйымдастырушыларды қолдау Бағдарламасы да іске асырылуда. Былтыр Астанада 350-ден астам іскерлік, спорт және мәдени бағыттағы іс-шаралар өткізілген.

– Ұсынылатын туристік қызметтер сапасын жақсарту бағытында да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, туристердің қаламыздағы жайлылығы үшін жағдай жасау­ға бағытталған «Visit Astana» әріптестік бағдарламасы бар. Қазіргі таңда бағдарлама бойын­ша 60-тан астам серіктес осыған жұмылдырылған. Олар – қызметтер мен оны көрсетудің жоғары сапасын ұсынуға кепілдік беретін қонақүйлер, мейрамханалар, туристік операторлар, көрнекті орындар. Visit Astana бағдарламасын республикалық «Сапа белгісі» бағдарламасы мойындаған. Жыл сайын қонақүйлер, мейрамханалар, госпитальдар мен мейіргерлік сервис сапасын арттыру, гид-экскурсоводтарды дайындау бойынша курстар өткізіледі. Барлығы 100-ден астам гид-экскурсовод пен 600-ден көп қонақүйлер, мейрамханалар және медициналық мекемелер қызметкерлері оқытылды, – дейді сала маманы.

Медициналық туризм – басым бағыт

Қаламыздың туризмін дамытудағы ерекше басымдық берілетін сала – медицина. Елордада бүгінде халықаралық JCI сапа стандартымен аккредиттелген 7 клиника бар. Шетелдіктер Астанаға негізінен кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология, пластикалық хирургия және онкология бойынша ем алуға жиі келеді.

– Елорда медицинасын шетелдік азаматтар басқа елдермен салыстырғанда сапалы қызметі әрі бағасының арзан болуымен тиімді көреді. Оның үстіне біздің клиникалар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуі және мамандарының жоғары біліктілігі жағынан еш елден кем түспейді, – дейді бөлім басшысы.

Медициналық туризмді одан әрі дамыту және медициналық ұйымдар мен туристік сала өкілдерін біріктіру үшін Қазақстан медициналық туризмі қауымдастығы құрылды, оған бүгінде 48 клиника мен медициналық ұйым кірді.

Соған қоса маркетингтік қыз­мет аясында Астана қаласының брендін цифрлық кеңістікте дамыту қолға алынуда. Visit Astana туристік сайтында туристерге қажетті ақпараттардың бәрі бар, сонымен қатар Instagram, Tik Tok, Facebook, YouTube сияқты әлеуметтік желілер арқылы да тәулік бойына көптеген мәліметтер алуға болады. Биыл цифрлық кеңістікте ТМД, Түркия, БАӘ, Үндістан және бірқатар Еуропа елдерінен 20 миллионға жуық адам қамтылды. Қалада қысқы туризмді дамыту үшін жыл сайын «Бұрқасын-2023» фес­тивалі, қысқы жәрмеңкелер мен сырғанақтар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.

Экономикалық тиімділігі неде?

Былтыр алғашқы жартыжылдықта экономиканың тамақтану, қонақүйлерде тұру, сонымен қатар демалыс пен ойын-сауық мәдениеті бойын­ша салаларынан түсетін кіріс Астана қаласының Өңірлік ішкі өнімдері үлесінде 2 пайыз­ды (92,5 млрд тг) құрады. Туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да септік етеді. Өткен жылы 9 айда қаладағы тамақтану және қонақүйлерде тұру қыз­меттері бойынша 22,5 мың адам жұмыспен қамтылған, ал мәдениет, ойын-сауық және демалыс саласында 15,5 мың адам жұмысқа орналастырылған. Жылдың қорытындысы бойын­ша шетелдіктерге салынған туристік салымдар (bed tax) бюджетке 79,9 миллион теңге кіріс әкелген.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button