Астана Ұлы Жібек жолы дәстүрін жалғастырады
2020 жылға дейін Астана әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Бозоқ» тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтайды. Сол сәттен бастап көне қалашық халықаралық деңгейдегі мәдени-туристік және ғылыми-зерттеу орталығына айналады. Бұл жөнінде кеше Ұлттық кітапханада өткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылауға арналған басқосуда жария етілді. Жиынға белгілі ғалымдар, саяси және қоғам қайраткерлері, шығармашылық интеллигенция, жастар ұйымдарының өкілдері және белсенді азаматтар қатысты. Отырысты ашып, сөз сөйлеген Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған идеяларды жүзеге асыруға қатысты жоспарлармен бөлісті.
Бозоқ қалашығының 3D-моделі жасалады
Қала басшысы Бақыт Сұлтанов кіріспе сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданың қалыптасуы және дамуындағы рөліне тоқталды. «Елорда Астанаға көшірілгеннен бір жылдан кейін ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығына ие болды. Биыл өзінің 20 жылдығын атап өткен Астананың әлемнің ең дамыған қалаларының қатарына кіруіне толық негіз бар. Осы жылдар ішінде елорданың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуының негізгі көрсеткіштері тұрақты түрде өсіп келеді. Бас қала өзінің 20 жылдығына күллі әлемге танымал болған және ғаламдық көлемде диалог алаңы ретінде мойындалған әсем және заманауи мегаполис ретінде жетті» деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Қала басшысы елорданың бүгінгі заманғы тарихы ғана емес, өте бай көне тарихы да бар екенін, оны сақтау және көбейту қажеттігін атап айтты. Оның пікірінше, Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бүгінгі ұрпақтың өзінің ұлттық тарихын көпқырлылығымен сезінуінің және қабылдауының маңыздылығын ашып берді. Бақыт Сұлтанов Астана қалалардың жас өлшемі бойынша «жастығына» қарамастан Ұлы Жібек жолының дәстүрлерін жалғастыратын қала екенін еске салды. Себебі, бұл қаланың негізі «өзін өткен күнді, бүгінгіні және келешекті үйлестірген тарихи аумақта» қаланды. Бұл – орта ғасырлардағы Бозоқ қаласының орналасқан жері. «Қаланың кіндігінде орын тепкен Бозоқ қалашығы елорданың сакральды нысандарының ішінде ерекше орын алады» деді ол.
Бақыт Сұлтанов Бозоқ қалашығының тарихи маңызын насихаттауға қалалық әкімдіктің ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. «Біз Бозоқ қалашығының 3D-моделін құру жөніндегі жобаны жүзеге асыруды бастауды жоспарлап отырмыз. Онда орта ғасырлардағы Орталық Қазақстанды мекендеген халықтардың мәдениетін көрсететін археологиялық олжалар топтамасы мен виртуалды шындық элементтері көрініс табады. Ол жерге келген әр адам ортағасырлық кезеңдегі тарихи мұрамен толық таныса алады» деп мәлімдеді ол.
2020 жылға дейін Астана әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Бозоқ» тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтайды. Сол сәттен бастап көне қалашық халықаралық деңгейдегі мәдени-туристік және ғылыми-зерттеу орталығына айналады. Сондай-ақ ол Еуразия даласының археологиялық-этнографиялық құндылықтарын зерттейтін ғылыми-әдістемелік база ретінде құрылады.
Қазақ елінің әлемдік өркениеттегі орны
Қала әкімі өз сөзінде Елбасының бұл мақаласы арқылы ұлтымыздың тарихын тереңнен қозғап, оның рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша бағамдауға, байыппен зерделеуге үндегенін қадап айтты. «Елбасы мақаласының негізгі идеясы – Қазақ елінің әлемдік өркениеттегі орнын және оның дамуына қосқан үлесін көрсету» деді ол. Әкімнің пайымдауынша, Астананың Еуразияның дәл кіндігінде орналасуы халықаралық қауымдастық мойындаған орнықты тұғырнамаға, бейбітшілік пен келісімнің түйіскен жеріне, Шығыс пен Батыстың арасындағы өзгеше көпірге айналуға мүмкіндік туғызды. Бұл жерде аңшылық пен көшпенділік мәдениеттің ең үздік технологиялары бір жерге тоғысты. «Ұлттық тарихымызды тереңінен түйсіне отырып, біз де елордамыздың замана тарихынан өзіне тиесілі орын алатынына еш күмәнданбаймыз» деп аяқтады сөзін қала басшысы.