Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана жайлы қалаға айналды ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізгенде Астананың келбетін мейлінше жақсарту қажеттілігін айтып, қала әкімдігіне бірқатар тапсыр­малар жүктеді. Бүгінгі таңда «Астана – жайлы қала» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Біз бүгіннен бастап Астана аудандарында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндаймыз. Бірінші кезекте Алматы ауданын назарға алдық.

Бүгінгі таңда  «Астана – жайлы қала» жобасы аясында дамып келе жатқан Алматы ауданы аумағында жасыл алаңдар мен велосипед жолдарының саны көбейді, көпірлер мен қоғамдық кеңістіктердің қатары артты. Бұрынғы ескі үйлердің орнына, көше бойларына шағын саябақтар салынып, аудан тұрғындары мен қонақтарының қолайлы өмір сүру ортасы қалыптасуда. Заман талабына сай қайта жаңартылып, аулаларда бой көтерген жаңа ойын және спорт алаңдары аудан тұрғындарының жиі баратын, бос уақытын тиімді пайдаланатын орындарына айналды.

155 аула абаттандырылады

– Алматы ауданының аумағында 465 орамішілік аула бар, оның ішінде 2022 жылы 88 аула абаттандырылды. Жұмыс барысында 400-ге жуық шағын сәулет нысандары, 300-ден астам тренажер, 8 футбол алаңы орнатылды, 17 мың шаршы метрге жуық тасты және 55 мың шаршы метрден астам жасанды жабын жабдықталды. Аудан аумағында аулаларды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы 155 ауланы абаттандыру жоспарланған. 2022 жылы 8 қоғамдық кеңістік жабдықталды. Биыл қоғамдық кеңістіктерді жайластыру қарқынын арттырып, олардың санын 10-ға дейін арттыру көзделіп отыр, – дейді Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы.

Алматы ауданының әкімі 2022 жылғы әлеуметтік- экономикалық даму қорытындылары жөнінде айта келе, коммуникация құру бойынша жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды.

– Бүгінгі күні аудан тұрғындарымен 76 жеке қабылдау, 232 адамды қамти отырып, 11 көшпелі және есептік кездесу өткізілді, оның ішінде тұрғын алаптардың тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ аудан әкімдігі әлеуметтік желілерде 10 тікелей эфир өткізді. Оған 1000-нан астам адам қатысты, – деді аудан әкімі.

Аудан аумағында 20 мыңнан астам жарықтандыру көздері орналасқан, оның ішінде ағымдағы жылы 9 мыңға жуық жаңа үлгідегі светодиодты шамдарға ауыстырылды. Былтыр 4,5 мыңға жуық шам тұрғын алаптар мен шағын аудандарда ауыстырылса, осы жылы 1400 светодиодты шамдарды ауыстыру мен орнату жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Көгалдар мен көшеттер көбейеді

Алматы ауданының аумағында барлығы 6 саябақ, 2 бульвар және 30-дан астам сквер, 200 мыңға жуық ағаш, 41 мыңнан астам дана бұта, шамамен 3,5 млн шаршы метр аумақта көгалдар бар. 2022 жылы 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 25 мың текше метрден астам аумаққа көгалдар орнатылды және жөнделді. 400 мекенжай бойынша ағаш бұтақтарын санитарлық кесу жұмыстары жүргізілді. Биыл аудан аумағында 8000 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні аудан аумағын, адамдар көп жүретін көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын күнделікті тазалау кеңейтілген режиммен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстарды атқаруға күн сайын 700-ге жуық жол жұмысшылары және 500-ден астам техника жұмылдырылады.

Алматы ауданы әкімінің айтуынша, аталмыш аудан аумағында асфальттанбаған 74 (30,2 км.) көше бар. Ағымдағы жылы ұзындығы 14,6 шақырымды құрайтын 25 көшеге жөндеу жүргізілді, оның ішінде, инженерлік желілермен қоса 19 көшеге күрделі құрылыс жүргізілді. Жалпы аумағы 5,1 шақырымды құрайтын 17 көшеде инертті материал төселген.

Қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында баскетбол/футбол алаңдары, workout-аймақтар, демалыс­ты тыныш орында өткізуге арналған аймақтар, әткеншектер, скейт-аймақтар және т.б. бой көтерді. Осылайша, аудан аумағында қараусыз қалған учаскелер мен батпақты жерлер саны айтарлықтай азайды. Олардың орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды жерлермен толығып, тұрғындар қуанышын еселей түсті.

Сонымен қатар, аудан аумағында 442 аялдама кешені бар, оның 239-ы аппарат теңгеріміне алынған. Ағымдағы жылы 7 аялдама орнатылды. 2023 жылы 10 жылы аялдаманы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Газдандыру жалғасып жатыр

Елорданы газдандыру – қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жеңілдетуге бағытталған ауқымды жобалардың бірі. Тұрғын үйлерді көмірмен жылыту қоршаған ортаға ғана емес, тұрғындарға да зиян келтіретіні анық. Сондықтан қаланы газдандыру елорда экологиясына және бас шаһар тұрғындарының өмір сүру сапасына да оң әсер етеді.

Газдандыру жұмыстарының алғашқы жылында, нақтырақ айтсақ, 2021 жылы Алматы ауданы аумағында жекеменшік үйлердің 1522-сі газға қосылды.

– Ағымдағы жылы барлық абоненттер газбен қамтамасыз етілді (6580 – 100%), олардың ішінде 4 297 үй (65,3%) газға қосылды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің 221 объектісі (дүкендер, дәмханалар, ТҚС), 4 әлеуметтік нысан, 4 көпқабатты тұрғын үй газға қосылды. Жұмыс барысында 29 газды ретке келтіруші пункт орнатылып, 298 шақырым желілер салынған, – деді М.Саматұлы.

Үлескерлер үміті ақталды

Қала басшылығының тікелей араласуымен соңғы кездері үлескерлер мәселесі де оң шешіліп, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау бойынша ауқымды, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2013 жылдан 2020 жылға дейін 82 апатты үй бұзылып, 5700-ден астам тұрғын, атап айтсақ, Абылай хан даңғылы, 52, 54, Қобыланды батыр көшесі, 7 мекенжай тұрғындары жаңа үйге қоныстанды.

Өткен жылы Шалкөде көшесі, 7 мекенжайдағы бір үй бұзылды, аудан аумағындағы екі үй 2023-2024 жылдарға арналған бұзу жоспарына енгізіліп отыр. Нақтырақ айтсақ, Марков көшесі, 2 мекенжай – 2023 жылы, ал Атамұра көшесі, 11 мекенжайдағы үй 2024 жылы сүрілетін болады. Алматы ауданында тозығы жеткен ескі үйлер бар. Осындай 12 үй бойынша апаттылық туралы қосымша қорытынды алынды, бұл үйлерді сүруді жоспарға енгізу үшін ведомствоаралық комиссия қарауына берілді.

Аудан басшысы бүгінгі таңда құрылысы тоқтатылған нысандар туралы да баяндады.

– Ауданымызда 172 құрылыс нысаны болса, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 143. Бүгінгі таңда 29 құрылыс нысанының жұмысы тоқтатылды. Олар бойынша жол картасын әзірлеу жұмыстары, яғни құрылысты алу немесе аяғына дейін жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 38 көпқабатты тұрғын үй кешені және 2 әлеуметтік нысан салынды, жыл соңына дейін 3 көпқабатты тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.

Жалпы, Алматы ауданы бойынша 2021 жылы – 452 491 шаршы метр, ал  2022 жылы шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button