Қоғам

Астанада 20 мың жер үйдің 12 мыңы табиғи газға көшірілді

Астана қалалық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов қаланы газдандыру жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Елорданы газдандыру жобасы 2019 жылдан бері іске асырылып келеді. Бір жылда «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы аяқталды. Бұл құбыр –тәуелсіздік тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып есептеледі.

− Қазір қалада 8 шақырымнан астам газ құбыры тартылған. Негізгі газ инфрақұрылымы қалыптасты деп айтуға болады, ол бүгінде жылу, электр, су жүйелері секілді қалыпты жұмыс істеп тұр. Бекітілген тариф текше метріне 39 теңге деңгейінде сақталған, газ құбыры тартылғалы бұл баға Астана және Ақмола облысында бір деңгейде қалып отыр, — деді М. Есмағұлов қалалық мәслихат отырысында.

Астананы газдандырудың негізгі мақсаты — жылыту маусымындағы түтіннен арылу еді. Яғни жеке сектордың барлығын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі болмағандықтан, оны табиғи газға ауыстыру қажет болды.

Бүгінде Астанада газға ауыстыруды талап ететін 20 мың жер үй болса, оның 14 мыңына есік алдына дейін газ құбырын тартылған. Нәтижесінде шамамен 12 мың абонент тіркелді.

− Қазір Байқоңыр ауданынан басқа барлық аудандарға газ жеткізілген. Сарыарқа ауданында Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Мәскеу, Потанин, Бөгенбай көшесіндегі үйлер, Алматы мен Сарайшық аудандарында — Оңтүстік-Шығыс, Силикатный, Промышленный, Железнодорожный, Күйгенжар, Интернациональный алаптары газға қосылды. Былтырдан бастап, сол жағалауды газбен қамту жұмыстарын бастадық, — деп түсіндірді спикер.

Әсіресе ең негізгі түтін мәселесі — қала орталығындағы Шұбар тұрғын алабында байқалатын. Мұнда ішкі газ жүйелерінің құрылысы 85% дайын, жыл соңына дейін бұл аумақты газға қосу жоспарланған.

Тельмано тұрғын алабы аса үлкен емес, бірақ онда да ішкі тарату жүйелері жобаланған.

Үркер ауданына жеке инвестор тартылып, 6 мың үйдің мыңнан астамы газға қосылды. Қалған жұмыстарды биылғы жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

− Енді газсыз қалып отырған ең үлкен екі аумақ — Байқоңыр ауданындағы Өндіріс пен Кирпичный алаптары. Онд негізгі газ әкелуші құбырлар мен газ станциясы орнатылған, бірақ көшелерде дәліз жоқ, ретсіз салынған үйлерге байланысты жобалау қиынға соғуда. Соған қарамастан, біраз жұмыс жүргізілді, биыл наурыз айында бюджетке өтінім беріледі және жоба екі жыл бойы жүргізіледі. Ретсіз салынған нысандар себебінен құбырлар жер үстінде жүргізіледі, — деді Мақсат Есмағұлов.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button