Астанада 21-кітапхана есігін айқара ашты
Бүгін Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов әріптесі Бауыржан Қасымбергебаевпен бірге Шәймерден Қосшығұлұлы көшесіндегі 8\2 үйдегі су жаңа кітапхананы салтанатты түрде ашты.
Салтанатты рәсімге қатысқан мәдениет саласының өкілдері, кітапхана қызметкерлері және оқырмандар кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.
Ерлан Каналимов салтанатты рәсімде қалалық мәслихат әкімдікпен бірлесіп өткен жылы «Астананың кітапханалар жүйесін дамытуға арналған кешенді жоспарын» әзірлеп, бекіткенін тілге тиек етті. «Бүгінге дейін 18 кітапханамызға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа форматқа көшірдік. Осы уақытқа дейін 3 жаңа кітапхана ашылса, тағы біреуі өзінің ашылу кезегін күтіп тұр. Келер жылы да кітапханалар санын көбейтеміз. Кітап қорын көбейту – негізгі мақсатымыз. Кітап қағаз жүзінде болуы керек. Компьютердегі кітапты оқыған қағаз кітапты оқығандай болмайды. Бұл екеуін адамның қабылдауы да бөлек, одан алар сезімі де басқаша» деді Ерлан Ермекұлы.
Астана қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мадибаева жаңа кітапханада оқырмандарға барлық қолайлы жағдай жасалғанын айтады. «Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 20-дан астам мекеме кіреді. Биылдан бастап 4 жаңа ғимарат беріліп, соның ішінен кітапхана аштық. Сөйтіп, мекемелеріміздің саны 4 кітапханаға көбейді. Қазір жүйеде барлығы 22 мекеме бар. Бүгін ашылған көпшілік кітапханада екі бөлім бар: кітап беру және коворкинг бөлімдері. Оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Күрделі жөндеу жүргізілген. Жиһаздары мен кітаптарына дейін жаңадан сатып алынды. Тағы бір қуанарлығы, кітапхана қызметі тұрғындар үшін тегін. Бүгінгі таңда орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қоры 800 мыңдай болса, оқырмандарымыздың саны 80 мыңнан асты» дейді ол.
Сондай-ақ екі айтулы дата – Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 50 жылдығы мен еліміздегі мәслихаттардың 30 жылдығына орай кітапханашы-жас мамандар арасында өткен «Ең үздік кітапханашы» байқауының қорытындысы шығаралып, жеңімпаздар марапатталды. Шығармашылық байқаудың бас жүлдесі – Дубайға жолдаманы №1 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлкен Ахметова жеңіп алды.
Төлен ТІЛЕУБАЙ