Астанада 30-дан астам мектеп салынып жатыр
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мектеп мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Астананың жаңа Бас жоспарында 2035 жылға дейін 430-дан астам әлеуметтік нысанның (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер) құрылысы қарастырылған. Ал оның ішінде 164 нысан – мектеп. Осы жоспарды біртіндеп орындаймыз. Қазіргі уақытта қалада 100 мыңға жуық оқушы орнына (екі ауысымды) арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады. Бұл елорда үшін рекордты көрсеткіш болып саналады.
Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Samruk-Kazyna Construction қалада 24 жайлы мектеп (2024-2025 жылдар аралығында) салады. Жаңа үлгідегі мектептер екі ауысымда 90 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Қаланы аралау барысында алдағы оқу жылының басында ашылатын мектептердің құрылысымен таныстым. Олар – 8 жайлы мектеп, мына мекенжайларда орналасқан:
– Сарыарқа ауданы, Ұлытау мен Наурыз көшелерінің қиылысында және Бейбарыс Сұлтан көшесінде;
– Нұра ауданы, Төле би көшесі мен 24 көшенің қиылысында;
– Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында;
– Нұра ауданы, Төле би, 31 көшелерінде, Мәңгілік ел даңғылы мен Е-497 көшесінің қиылысында, Орынбор мен №37 көшелерінің қиылысында;
– Алматы ауданы, А.Байтұрсынұлы көшесінде.
Сол сияқты оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан бөлек тағы 3 мемлекеттік және бір жеке мектеп ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 7 жайлы мектеп, 2 мемлекеттік мектеп және 2 жекеменшік мектеп ашу жоспарда бар. Осылайша, жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады. Біз сондай-ақ алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз», – деп жазды елорда әкімі.