100 қадам - Ұлт жоспарыЖаңалықтар

Астанада 31,2 миллиард теңгенің 6596 нысаны заңдастырылды

Сондай-ақ, мүлікті заңдастыру науқаны бастау алғалы бері қаржыны жария ету бойынша 308 700 млн теңгеге 204 арнайы декларация тапсырылған.

Елімізде мүлікті заңдастыру науқаны жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Соңғы  сандарға сүйенсек, еліміздегі мү­лік­ті заңдастыру жөніндегі комиссияларға жалпы құны 2,1 трлн теңге болатын 97 766 өтініш келіп түскен. Бүгінге дейін бұл өтініштердің 91 392-сі қанағаттандырылып, барлығы 1,8 трлн теңгеден астам қаржы заңдастырылған.

19 шілдеге дейінгі есеп бойынша, барлығы 91 мыңнан астам жылжымайтын мүлік анықталып, заңды жолмен тіркеуге алынды. Ақша, бағалы қағаз – барлығын қосқанда, 1 857 444 800 мың теңгеден астам қаржы заңдастырылды. Оның 727 981 100 мың теңгесі – мүлік есебінен. Қалғаны қолма-қол ақша және құнды қағаздар» делінген Қаржы министрлігі таратқан мәліметте.
Елорда тұрғындары да бұл шарадан қалыс қалмай, көлеңкедегі қаржысын жарыққа шығарып, қол астындағы мүлкін тізімдетіп жатыр. Астана қаласы Қаржы басқармасының дерегіне қарағанда, бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдар жанындағы мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға жалпы сомасы 93,9 млрд теңгеге бағаланатын барлығы 7 158 өтініш келіп түскен.
Астана қалалық Қаржы басқармасының басшысы Руслан Досаевтың айтуынша, келіп түскен өтініштердің басым бөлігі Алматы ауданының тұрғындарына тиесілі болып отыр. Мүлікті жария ету науқаны басталғалы бері осы ауданда жалпы сомасы 52,1 млрд теңгені құрайтын 3 362 өтініш келіп түскен. Ал Есіл ауданының әкімдігіне 26,3 млрд теңгенің 1 178 өтініші жолданса, Сарыарқа аудандық комиссиясы да 15,5 млрд теңгенің 2618 өтінішін қарап үлгерген.
– Арнайы комиссияның шешімімен тұрғын жайлар мен коммерциялық нысандарды қосқанда, жалпы сомасы 57,4 млрд теңгені құрайтын 9021 нысанға қатысты өтініш қаралған. Бұл өтініштердің 3018-і қанағаттандырылып, тұрғын жайлар мен коммерциялық нысандарды қосқанда, барлығы 31,2 млрд теңгенің 6596 нысаны заңдастырылды. Бұлардың 3 424-і тұрғын жайлар болса, қалған 3424-і – коммерциялық немесе басқа да мақсаттағы нысан. Осылардың ішінде 5 заңды тұлғаның қатысу үлесі 457 900 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, мүлікті заңдастыру науқаны бастау алғалы бері қаржыны жария ету бойынша 308 700 млн теңгеге 204 арнайы декларация тапсырылған. Тағы 8 млн 110 мың теңгенің құнды қағаздары жария етілді. Қабылданған декларациялар бойынша келіп түскен қаржылар екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдық есепшоттарға аударылып, заңдастырылып жатыр, – дейді Руслан Досаев.
Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, 13 шілдеге дейін екінші деңгейлі банктерге барлығы 2 066 жинақ шот ашылып, жалпы сомасы 1 146 100 млн теңге көлемінде қаржы аударылған. Бұл соманың 182,2 млрд теңгесі шетелден келіп құйылған.
Құйылып жатқан бұл қаржының әрине, ең алдымен, ел экономикасына елеулі үлес қосып жатқаны даусыз. Тек қаржы ғана емес, жарыққа шығарылып, заңды түрде тіркеуге алынып жатқан жылжымайтын мүліктер туралы да осылай деуге болады. Кезінде бей-берекет жекешелендіру немесе басқа да себептермен жекенің қолына өтіп кетіп, артынша еш жерде тіркеуге алынбай қаңырап бос қалған кейбір нысандар қайтадан халық игілігіне жұмыс істей бастады. Нысандарын азық-түлік, киім-кешек немесе басқа да өндіріс ошақтарына айналдырып, еліне пайда әкеліп, ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер де аз емес. Әсіресе, бұл науқанның шарапаты ауылды жерлердегі ағайынға өте қатты тиіп отыр. Кезінде түрлі себептермен жеке бизнес нысандары мен баспаналарын, тағы басқа мүліктерін тіркете алмай қалған тұрғындар оп-оңай жолмен құжаттарын рәсімдеп алып жатыр.
Ең бастысы, көлеңкелі жолмен табыс тауып не болмаса кезінде пайдасын көргенімен заңдық жолмен тіркете алмай жүрген жандарға қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, тыныш ұйықтауға мүмкіндік беріп отыр.
«Бұл акция кез келген көлемдегі қаржыны жария етіп және оны заңды түрде айналымға шығаруға мүмкіндігін береді. Сондай-ақ, еліміздің барлық азаматтарына мүлкін ешқандай қорқынышсыз жария етіп алу құқығын беріп отыр. Мұндай рақымшылық алдағы уақытта бола ма, болмай ма, ол жағы әлі белгісіз. Сол себепті ел азаматтары осы науқанды заңдық тұрғыда барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Бұл – азаматтарға да, мемлекетке де тиімді шара. Шетелдегі мүлікті жария ету кезінде алынатын он пайыз мөлшеріндегі алым мемлекет бюджетіне түсіп жатыр. Ең бастысы, субъекті қандай да бір жауапкершіліктерден босатылады, – дейді Алматы аудандық мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссиясының хатшысы Ернар Қошанов.
Жалпы мұндай акция елімізде осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Оның алғашқысы 2001 жылдың 14 шілде мен 14  тамыз аралығында жүргізілген болатын. Бір реттік заңдастыру науқаны ретінде өткізілген бұл шараға 3 мыңға жуық адам өтініш беріп, барлығы 480 млн доллар көлеміндегі қаражат заңдастырылды. 2006-2007 жылдары аралығында екінші рет өткізілген заңдастыруда тек ақша ғана емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге де мүмкіндік берілді. Науқан бір жылдан астам уақытқа созылып, жалпы көлемі 844,7 млрд теңгенің мүлкі заңдастырылған болатын.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button