Астанада «Абай жүлдесі» тоғызқұмалақ турнирі өтеді
Биыл маусым айында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ және ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен, ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен «Абай жүлдесі» атты турнир өткізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Абай жүлдесі» үшін өтіп жатқан турнирдің мақсаты – ҚР мәслихаттарының 30 жылдығын атап өту. Ең маңыздысы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын барынша қолдау және ұлттық ойынымыз — тоғызқұмалақ спортын кеңінен дәріптеу. Оны насихаттауға атсалысып жүрген БАҚ өкілдерінің арасында да жарыстар өтті. Өңірлердегі барлық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер қамтылды. Өткен бір жарым айда еліміздің 20 аймағында (оның ішінде аудандарда, қалаларда) іріктеу турнирлері өтіп, 1,2,3-ші орын алған жеңімпаздар Астана қаласына ақтық сайысқа келді. Бұл жарыстың ұлы ойшыл Абайдың атымен байланыстырылуының да өз символикалық мағынасы бар. Тоғызқұмалақты Абай Құнанбайұлының өзі де сүйіп ойнаған. Ол бойында өнері бар жастарды қасына үйіріп, оларды тоғызқұмалақ ойнауға баулып, үздік тоғызқұмалақшылармен бірге жұрт қызықтайтын жарыстар өткізіп отырған.
Төрт мың жылдық тарихы бар, ерте заманынан дамуын тоқтатпаған тоғызқұмалақты шынайы ұлттық өнерге айналып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген қазақ халқы бар да ол жойылмақ емес.
Тоғызқұмалақ – жасөспірімді тәрбиелеудің зияткерлік құралы болумен қатар, шығармашылықпен айналысудың, сол арқылы есте сақтау қабілетін дамытып, жадыны жақсартудың да ерекше жолы.
«Абай жүлдесі» үшін өтетін республикалық турнир 23 тамыз Астана қаласында Maqsut Narikbayev University аумағында ұйымдастырылып, күні бойы жалғасады. Жарыстың ашылуы сағат 11:00-де. Жабылуы сағат 17:00-де өтеді. Мекенжайы: Астана, Қорғалжың шоссесі, 8.