Астанада «Адал адам – адал еңбек» жастар форумы өтеді

2025 жылғы 14 ақпанда сағат 10.00-де Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Адал адам – адал еңбек» жұмысшы мамандықтар жылына арналған Жастар форумы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жастар форумын өткізу биылғы жылдың саяси күнтізбесіндегі айшықты оқиғаға арналады. Президент Қ.К.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Мемлекет басшысы «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деп атап көрсетті.
Жастар форумының мақсаты: еңбек адамының имиджін насихаттау және әртүрлі салалардағы танымал мамандармен мотивациялық кездесулер өткізу арқылы еңбекке деген құрмет қағидаттарын ілгерілету.
Іс-шара барысында жастар арасында жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, сапалы кәсіптік білім беру және еңбек нарығын заманауи құзыреттерге ие мамандармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Жастар форумына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары М.Ә.Әзілханов, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Қ.Жақыпова, Қазақстан Республикасының Білім министрі Г.Б.Бейсембаев, сондай-ақ «Kazakhmy Qarmet» АҚ және «Kazakhmy Qarmet» ЖШС компанияларының өкілдері қатысады.
Форум бағдарламасында пленарлық сессия және TEDx форматындағы панельдік секциялар қарастырылған. Панельдік бөлімдер екі блокқа бөлінеді. Бірінші блок тәжірибесі мол мамандарға, еңбек ардагерлеріне, оның ішінде Еңбек Ері атағын алған адамдарға арналады. Олар өздерінің кәсіби жолы жайында өз ойларын ортаға салады. Екінші блокта жас мамандар, қоғамдық пікір көшбасшылары, кәсіпкерлер сөз сөйлейді. Спикерлердің алдында тұрған мақсат – жастарды нақты салаларда өз өзін тұлға ретінде қалыптастыруға ынталандыру, жұмысшы мамандықтарын танымалдандыру, өзінің кәсіби жолын жастарға үлгі ету.