Қаланың әлеуметтік саясатындағы басым бағыт
Астанада әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуды дамыту қаланың әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. 2024 жылы 193 мыңнан астам адам әлеуметтік төлемдермен және тегін қызметтермен қамтылды. Қолдау алушылар арасында 138 мыңнан астам зейнеткер, 36 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам, 34 248 көпбалалы отбасы, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған 7 088 көпбалалы ана бар, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2024 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 23,3 мың адам қамтылды, оның 13,7 мыңы жастар. Жұмыс орындарын құрудың Өңірлік картасын іске асыру шеңберінде 67 634 жұмыс орны құрылды, оның 57 920-сы тұрақты, ал 9 714 -і уақытша.
2024 жылы 1 979 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс іздеу бойынша жүгінді. Жұмыспен қамту шараларымен 1 085 мүгедек адам қамтылды, оның 293-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сондай-ақ 21-і жастар практикасынан өтті, ал 7-і әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар, 381 адам қоғамдық жұмыстарға, 49 адам «Күміс жас» бағдарламасы аясында, ал 18 адам кәсіпкерлік қызметті дамытуға грант алды.
2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Биыл жұмыссыз азаматтар үшін жұмысшы мамандықтар бойынша кәсіптік оқыту ұйымдастырылады. Үш қалалық бос орындар жәрмеңкесі мен 30 шағын жәрмеңке өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, 3000 адамды қамтытын 9-11 сынып түлектерімен кәсіптік бағдарлау іс-шаралары өткізілетін болады. «Еңбек жолы» және «Парыз» сияқты еңбек форумы мен конкурстарын, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларды өткізу жоспарлануда.