Астанада алғаш рет саяси консультациялар өтті
Астанада алғаш рет Қазақстан мен Кения сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Рауан Жұмабек және Кения СІМ Саяси және дипломатиялық қатынастар бойынша бас директоры Элифаса Мутени Баринэнің төрағалығымен Қазақстан-Кения саяси консультацияларының 1-ші раунды өтті.
Консультациялар барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени гуманитарлық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Тараптар сауда, көлік және логистика, IT-индустрия және т.б. салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Р. Жұмабек Қазақстанның Африкаға отандық өнімдерді жеткізу, сондай-ақ осы құрлықта ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ғарыш қызметі және өзге де салалардағы экономикалық қатысуын кеңейту жоспарын жеткізді.
Бұл тұрғыда тараптар Шығыс және құрлықтық Африкаға шығуды қамтамасыз ететін Кениядағы Момбаса портының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар кениялық тарап Қазақстанның қазіргі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуымен, елімізде жүзеге асырылатын реформалармен, оның ішінде ү.ж. 2 қыркүйектегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауының негізгі мазмұнымен танысты.
Бұдан бөлек екі елдің дипломаттары күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастыққа бейімділігін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар шарттық-құқықтық базаны кеңейту арқылы Қазақстан мен Кенияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы екіжақты байланыстарды нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
2023 жылы Қазақстан мен Кения арасындағы тауар айналымы 41,1 млн АҚШ долларын құраса, 2024 жылғы 6 айда 20,3 млн АҚШ долларына дейін жетті.