Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНАДА АҚТӨБЕ МЕН МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТАРЫНЫҢ КҮНДЕРІ ӨТІП ЖАТЫР

Кеше ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» бағдарламасының аясында айтулы ақын Ертай Ашықбаевтың шығармашылық кешімен ашылған Ақтөбе облысының Астана қаласындағы күндері бүгін «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы алаңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен жалғасып жатыр.

img_6616

МАЙЛЫ ҚИЯННЫҢ БЕКІРЕСІ

Сондай-ақ, бүгін және ертең астаналықтар 362 әулиенің мекені – Маңғыстау облысының елордадағы күндеріне куә болады. «Хан шатыр» СОО алаңына кіре берісте де маңғыстаулық шаруалардың өнімдері жайғастырылған. Әрине, майлы қиян елі дегенде халықтың есіңе ең алдымен мұнай мен қарт Каспийдің балығы түседі. Бұл жолғы жәрмеңкеге бас сұққандар да балықты аңсап келгендері аян. Солардың бірі – шығармашылық ортадан жиі көрінетін әріптесіміз Алмас Алтайды «Түпқараған ауданы» деген анықтамасы бар сөренің жанынан кезіктіріп қалдық.

Ұзын-сонар кезектің соңында тұрған ол туған жерінің асын алуға келгенін ұқтырды. Астанада табыла қоймайтын бекіре балығының келісі осы жерде 3,5 мың теңгеден саудалануда. Алайда сатып алушылардың оны қымбатсынбай, бір-екеуден, тіпті одан да көп мөлшерде дорбаларына тоғытып жатқанын көрдік.

ТІРІ БАЛЫҚТАРДЫ ҚЫЗЫҚТАУДА

Ақтөбеден Астанаға азық-түлік артып жеткен керуен 400 тоннадан астам өнім әкеліпті. Атап айтсақ, 100 тоннаға тарта ет, 25 тонна балық, 100 тонна көкөніс, 24 тонна сүт пен сүт өнімдері, 17 тонна өсімдік майы жəне басқа да азық түрлері қазір алаңда сатылуда. Өнімдерді сатып алып жатқан жұрт алаң ортасында орнатылған кішігірім әуіттегі тірі балықтарды да қызықтауда.Ниет білдіргендер сатып та алып жатыр.

«Бұл балықтар Қарғалы ауданының «Ардағым» шаруа қожалығында өсіріледі. Жалпы балық шаруашылығымен айналысқанымызға 25 жыл болды. Балықтың бірнеше түрімен жұмысты бастап, бекіре өсіруді осыдан 10 жыл бұрын қолға алдық. Астанадағы жәрмеңкеге де төртінші жыл қатарынан келіп отырмыз. Осы жолы да сібір бекіресінің жалпы алғанда 750 келісін алып келдік. Бұл тұқым алыс жолды өте жақсы көтереді. Мұның келісін 4 мың теңгеден сатып ала аласыздар. Елордадағы тұтынушыларға арзандатып беріп тұрмыз. Негізінен мұның келісін 5 мың теңгеден саудалаушы едік» дейді шаруа қожалығының өкілі Қали Құлтайұлы.

img_6659

АБЫЛАЙ ҚЫМЫЗЫ НЕМЕСЕ ЕТ ДЕГЕНДЕ БЕТ БАР МА?

Бұдан соң «Абылай қымызы» деген жазуы бар шөлмектерге назар аудардық. Бұл қымыз Алға ауданындағы «Абылай» шаруашылығында өндіріледі екен. Сатып тұрған бойжеткенмен бір ауыз тілдесіп, литрі 500 теңгеден саудаланып жатқанын білдік.

Бір байқағанымыз, ақтөбелік шаруалардың сөрелерінен ет молынан орын алыпты. Қызылсырап келген халықтың да қатары көп. Дорбаларын етке толтырып, кетіп бара жатқан ер мен әйелді тоқтатып, бағалар жөнінде сұрадық. «Жылда өтетін жәрмеңке ғой. Осы жолғы ұйымдастырылуы бізге ұнап тұр. «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қазақпыз ғой, етке бола келіп отырмыз. Ақтөбенің Шалқар ауданының еті бізге ұнады. Сиыр етін – 1000 теңгеден сатып алдық. Сатушылардың мәдениеті де көңілімізден шықты» дейді Гүлжанат Төлепбергенова есімді тұтынушы.

ҚАРТТАРДЫ МЕРЕКЕДЕ ҚУАНТҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

Бүгін – Қарттардың халықаралық күні мерекесі екені белгілі. Сатып алған етті қоя тұрып, қауқылдасып тұрған екі қарияның қасына барып, мерекемен құттықтап, тілдесіп қалуды жөн көрдік. «Еттің бағасы арзан екен. Сиыр еті – 1000 теңгеден, жылқы еті – 1200 теңгеден саудаланып тұрғанннан кейін қызығып кетіп, сатып алдым. Мереке күні ұйымдастырылған жәрмеңкеге мына біз – қарттар разымыз» дейді Махмұт Құласбаев ақсақал.

img_6629

Алексей дейтін қарт темір жол вокзалы аумағында тұрады екен. Жәрмеңкеде арзан бағамен ет сатылып жатқанын естіп, «Хан шатыр» маңына жетіпті. Керегін алып, ырза болған қария бізден 10 бағыттағы автобусқа отыратын аялдаманы сұрады. «Сол жағалауға келе қоймаймыз. Осындай мерекелерде ғана үйімізден шығып тұрамыз» дейді ол.

МӘЙЕКТІ МӘДЕНИ ШАРАЛАР

Жәрмеңкеде тек азық-түлік қана емес, түрлі тұрмыстық және зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар саудалануда. «Жасаған бұйымдарымызды халыққа көрсетіп, сату үшін жылда Астанаға келіп тұрамыз. Жәрмеңке бір жағынан сауда, екінші жағынан қарым-қатынас қой. Өнерде жүргеніме де біраз жыл болды. Ақтау қаласында, шетелдерде де көрмелерім өткен. Ата-бабаларымыздан бізге қалған зергерлік, ұсталық жолында жүрміз» дейді ақтөбелік қолөнер шебері Болат Атыраубаев.

Шеберлер қалашағы орналасқан маңға ақтөбеліктер бес киіз үй тігіпті. «Ақтөбеден Астанаға 20-дан астам қолөнер шеберлері өздері жасаған бұйымдарын әкелді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі де жәдігерлерін алып келді. Киіз үйдің біреуі осы мекеменікі. Өзге киіз үйлердің иесі Қарғалы, Байғанин, Мәртөк, Ырғыз аудандары» дейді Ақтөбе облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Омарова.

Жалпы ақтөбеліктер Астанаға ауқымды мәдени бағдарламамен келіп отыр. Қазір сағат 15.00-де облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқып жатқан ақтөбелік студенттермен кездеседі. Ертеңгі осындай кездесу Назарбаев Университетінде жоспарланған. Сонымен қатар облыс басшысы бүгін сағат 18.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласында тұратын ақтөбелік зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылармен кездеседі.

Сондай-ақ, бүгін «Астаналық» саябағында Астанадағы Ақтөбе «Арбаты» атты жәрмеңке-көрме ашылып, сағат 16.00-де Жастар театрында Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» спектаклі, ал 18.00-де Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» комедиясы қойылады.

Ертең Ақтөбе «Арбаты» Конгресс-холл алаңында жалғасып, осы ғимаратта «Арайлы Ақтөбеден – Елордаға!» атты Ақтөбе облысы өнер шеберлерінің және шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өтеді.

Ал маңғыстаулықтар бүгін сағат 16.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жаңғырған асыл мұра» және облыстық кітапхананың «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» атты көрмені ашады. Осы жерде сағат 18.00-де «Жаңғырған Маңғыстаудан – жасампаз Астанаға» атты гала-концерт өтеді.

Ертең сағат 11.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әбіш әлемі» журналының тұсаукесері өтеді. Таныстырылым барысында облыстық кітапхананың «Аңызға айналған абыз» атты кітап көрмесі мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала абызы» атты жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.

Ал 18.00-де М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының Әбіш Кекілбайұлы шығармасының желісімен сахналанған «Шыңырау» драмасы көрсетіледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button