Астанада архитектуралық жобалар байқауы өтеді

«Архихаб» пікірталас алаңының төртінші отырысы аясында елордаға арналған сәулет жобаларының байқауы таныстырылды. Шара қала құрылысы саласындағы мамандардың басын қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Архихаб» – сәулет және қала құрылысының өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікірталас алаңы. Биыл кездесу «Адамдарға арналған қала: жайлылық, экология және экономика балансы» тақырыбына арналды. Бағдарламада жетекші сәулетшілер, урбанистер мен дизайнерлердің баяндамалары, сондай-ақ қала дамуының маңызды мәселелері бойынша панельдік пікірталастар болды.
«Байқаудың басты мақсаты – қаланың дамуына әсер ете алатын үздік сәулет жобаларын анықтау және көрсету. Ешқандай аймақтық шектеулер жоқ – Қазақстанның барлық аймағынан жобалар қабылданады. Байқау үш номинация бойынша 2022-2025 жылдар аралығында әзірленген жобаларды қамтиды: «Үздік экстерьер», «Үздік қоғамдық кеңістік» және «Үздік қоғамдық ғимарат». Сәулетшілер құрылыс салушылармен және қала билігімен белсенді жұмыс істейді, сондықтан барлық мүдделі тараптардың қатысуы маңызды рөл атқарады. Мұндай іс-шаралар нақты практикалық шешімдерге әкеледі деп есептеймін. Мәселен, үшінші кездесуде біз жұмыс тобын құрып, қалалық экологияны жақсарту жобасын әзірледік. Биыл біз пилоттық жобаны жүзеге асырып, көшелердің шынымен де ыңғайлы және жайлы болуы мүмкін екенін көрсеткіміз келеді», – деді Астана қалалық тұрақтылық орталығының директоры Аслан Қандығұлов.
Байқау нәтижелері 2025 жылдың қазан айында жарияланады. Барлық мәлімет, оның ішінде нақты талаптары @urbanescenter ресми Instagram парақшасында жарияланады.
Шараны қала құрылысы саласындағы жетекші сарапшылардың басын қосатын «Қалалық тұрақтылық орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.