Астанада асық атудан қалалық чемпионат өтті

Aspan спорт кешенінде асық ату спортынан Астана қаласының чемпионаты өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын біріншілікке 2009-2011 жылы туған жасөспірімдер қатысып, «Шеңбер» және «Бес табан» ойыны бойынша бақ сынасты.
«Астана қаласының ашық біріншілігіне 11 команда, барлығы 47 ойыншы қатысып отыр. Чемпионатқа қатысуға қаламыздағы спорт кешендерінен бөлек, ағылшынша білім беретін оқу ордаларының бірі – «Қуанту» мектебі де қызығушылық танытты. Осы жарыстан жеңгендер республикалық біріншілікке жолдама алады», – деді жарыстың бас төрешісі Дулат Омаров.
Жарысқа қатысушы, елордадағы №84 мектептің оқушысы Нұралхан Сағындық бұл жарыс түріне үш жылдан бері қатысып келеді, жетістіктері де аз емес.
«Мен 4-cыныптан бастап асық ойнай бастадым. Ұлттық спортқа досымның шақыруымен келдім. Қазақтың ұлттық ойыны бойынша қалалық жарыстарға екі рет қатысып, екеуінде де 1-орынды жеңіп алдым. Сондай-ақ ұлттық лигада 1-орын, ал республикалық чемпионатта 3-орын иелендім», – деген ол алғашында танымал болмаған бұл спорт түрі кейін жастар арасында кең тарай бастағанын айтты.
Аталған жарысқа қатысушылар арасында спорт шеберіне үміткерлер де бар.