Астанада «Дода» өнер сайысы өтті

Елімізде алғаш рет екі ірі мәдениет ошағы бір сахнада кездесіп, ерекше шығармашылық додаға қатысты. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Халық әні бөлімі бірлесіп, көрермендерге «Дода» атты бірегей жоба ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шарада тартысқа толы шығармашылық сайыс және тамаша шоу-бағдарлама: cахнада шебер күйшілер, ансамбльдер және солистер, халық музыкасының үздік туындылары мен хореографиялық қойылымдар ұсынылды. Атап айтқанда көптеген кәсіби музыканттар мен орындаушылардың репертуарынан орын алған белгілі композиторлар Нұрғиса Тілендиевтың «Аққу», қазақ халқының табиғатқа деген терең сүйіспеншілігін, оның әсемдігін жырға қосқан Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл», сондай-ақ, халық әндері мен күйлер, Ақан серінің, Исаның, Үкілі Ыбырайдың және т.б. музыкалық шығармалары орындалды.
Ал еңбектегі төзімділік, қайратттылық пен батылдықты бейнелейтін Ғарифолла Құрманғалиевтің «Еңбек туралы» жыр-термесі көрермендерге ерекше шабыт берді деп айтуға болады. Танымал композитор осы шығарма арқылы ұрпақтар сабақтастығын, елдің өркендеуіне еңбек еткен тұлғаларды дәріптейді. «Еңбек туралы» жыр-термесі қазақ халқының еңбексүйгіштігін, адалдығын, табандылығын көрсетеді. Бұл шығарма халықтың өмірлік құндылықтарын жеткізіп, қоғамда еңбекке деген терең құрметті қалыптастыруға ықпал етті. Аталмыш шығарма 2025 жылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» тақырыбына арналды деуге болады.
Ал ерекше формат және қызықты сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылар тек жоғары орындаушылық шеберлігімен бөлісіп қана қоймай, көрерменге қазақ өнерінің қыр-сырын ашып берді. Сонымен қатар ұлттық өнерді насихаттау барысында аталмыш жоба көрерменнің қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, оны жақын әрі түсінікті етті.
Өнер сайысында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Халық әні бөлімінің танымал әртістері, «Қорқыт» этно ансамблі, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Бірлік» би ансамблі және «Шалқыма» би ансамблі өнер көрсетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ