Әлеумет

Астанада «Игроманка» фильмінің түсірілімі аяқталды

Астанада «Игроманка» толық метражды фильмінің түсірілім жұмыстары аяқталды. Бұл фильм лудомания тақырыбын қозғайтын маңызды және өзекті әлеуметтік драма. Фильмнің басты кейіпкері Жұлдыздың ішкі күресін суреттейді. Ол — орта жастағы қазақ әйелі, ойын тәуелділігінің терең зардаптарымен бетпе-бет келіп отырған адам. Өзінің мансабын, отбасын және жеке басын тәуекелге тігіп, нәтижесінде бәрінен айырылады. Бірақ мәжбүрлі реабилитация кезінде Жұлдыз өз дертін мойындап, өмірге қайта оралу үшін бойында әлі де күш-қуаттың қалғанын аңғарады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл жобаның негізі Қазақстанда кең тараған, бірақ әлі де ашық талқыланбай келе жатқан лудомания мәселесі болды. Бейрейсми деректер бойынша, елімізде 500 мыңнан астам ойынға  тәуелді адам бар. Фильмнің продюсерлері бұл тақырыпты зерттеу барысында тәуелділікпен күрескен көптеген адамдардың шынайы әңгімелерін тыңдады. Тәуелді адамдармен кездесулер ұйымдастырылып, олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ойын тәуелділігімен күресу жолдарын талқылады. Сондай-ақ, психологиялық кеңестер мен лудоманиямен жұмыс істейтін мамандардың консультациялары фильмнің сценарийін жазып, кейіпкерлердің образын қалыптастыруға негіз болды.

Фильмді түсіру жұмыстары екі маусымда өтті: қыс пен жаз. Астана қаласынан басқа, түсірілімдер Ақмола облысындағы Бурабай кенті мен Ұрымкай ауылы сияқты табиғаты көркем аймақтарда жүргізілді. Бұл табиғи декорациялар фильмнің эмоционалды драмаға арналған фонын айқындап, табиғаттың тыныштығы мен Жұлдыздың ішкі күйзелістерінің арасындағы қарама-қайшылықты ерекше көрсетті.

Бұл жобада киноиндустрияда көп жылдық тәжірибесі бар 75-тен астам тәжірибелі маман жұмыс істеді. Фильмнің режиссері Алдияр Байракимов, қоюшы-оператор Азамат Жанабеков. Ал басты рөлде еуропалық актриса, қазақ қызы Гузель Жан өнер көрсетті. Сонымен қатар туындыға қазақстандық киноға танымал, көпшілікке аты таныс актерлер түскен. Олардың қатарында: Жалғас Жанғазин, Бахтияр Кожа, Алтынай Нөгербек, Лейло Бекназар, Жан Байжанбаев, Саят Мерекенов, Сырым Қашқабаев және басқа да белгілі тұлғалар бар.

Ардақ Қасымбек, фильмнің бас продюсері: «Игроманка» фильмі – көптеген адамдардың оқиғасынан құралған. Фильмнің идеясынан үш жылдай уақыт өтті. Алдымен біз бір жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы ойын тәуелділігі мәселесін мұқият зерттедік. Зерттеуге әлі күнге дейін құмар ойынға тәуелді адамдар да қатысты. Дегенмен, негізгі көмек тәуелділіктен арылып, қазір басқаларға көмектесетін бұрынғы лудомандардан болды. Біз олармен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, лудоманияның адамның мансабын, отбасын, жеке өмірін қалай жойғаны туралы әңгімелерін тыңдадық. Сондай-ақ, тәуелді адамдармен жұмыс істейтін психологтар бұл ауруға қалай тап болатынын және одан қалай шығуға болатынын түсіндірді. Тіпті, біздің бір команда мүшесі реабилитация бағдарламасының алғашқы кезеңінен өтіп, емдеудің ішкі процесін түсінуге тырысты. Сонымен қатар, сценарий авторларының бірі бұған дейін тәуелділікпен өз бетімен күрескен, бұл бізге фильмдегі реабилитация орталығының атмосферасын шынайы әрі терең беруге көмектесті. Реабилитация процесі кемінде алты айға созылатынына байланысты, біз екі маусымды да түсіруіміз қажет болды. Түсірілімдер жазда және қыста жүрді, бұл процесс шамамен бір жылды қамтыды. Бүгінгі күні біз постпродакшн кезеңін аяқтап, 2025 жылдың көктемінде фильмді көрермендерге ұсынуға дайынбыз».
Фильмнің премьерасы 2025 жылдың көктеміне жоспарланып, Қазақстан кинотеатрларында көрермендерге ұсынылады. Бұл фильм мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, PROTALENT продюсерлік орталығы “Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы” КеАҚ қолдауымен түсірілді, бұл өз кезегінде оның әлеуметтік жауапкершілік контекстіндегі маңыздылығын көрсетеді.

2024 жылдың шілде айында Қазақстан Президенті лудоманиямен күрес туралы заңға қол қойғанын еске саламыз, бұл өз кезегінде бұл тақырыптың өзектілігін аңғартады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button