Ел тынысы

Астанада инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды

Астанада мектеп мұғалімдерінің жұмысын сүйемелдеуге бағытталған алғашқы қалалық инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz 

Бүгін орталықтың ашылу салтанаты өтті. Жаңа орталық елордалық Ж. Тәшенев атындағы № 10 мектеп базасында ашылды, онда көру қабілеті төмен 168 оқушы, оның ішінде 28 көру қабілетінен айырылған бала оқиды. Ресурстық орталық елорданың басқа мектептеріне ерекше қажеттіліктері бар балаларды білім беру процесіне қосу бойынша осы мектептің тәжірибесімен бөлісу үшін ашылды.

Ресурстық орталықтың мамандары елорданың жалпы білім беретін мектептеріне консультативтік және әдістемелік көмек көрсететін болады. Тифлопедагог, логопед, психолог және дефектолог сияқты арнайы педагогтар практикалық семинарлар, консультациялар ұйымдастырады, сондай-ақ мектеп педагогтері үшін ақпараттық материал дайындайды.

«2015 жылдан бастап біз ерекше балалармен жұмыс жасауда үлкен тәжірибе жинақтадық, енді басқа мектептердің педагогтарымен бөлісуге дайынбыз. Білім алуда ерекеше қажеттіліктері бар оқушыларымыздың 16% ғана мектептің жанында тұрады. Қалғандары үйлеріне жақын мектептерде білім алса, бұл ерекше баласы бар отбасына ыңғайлы», – деді № 10 мектеп-гимназиясының тифлопедагогы Сәуле Сағымбаева.

Орталықты «Дара» қайырымдылық қоры MARS компаниясының қолдауымен ашты. Компанияның көмегімен ресурстық орталық қажетті тифлотехникамен, арнайы жиһазбен, сондай-ақ балалармен жұмыс істеуге арналған дамытушы және әдістемелік материалдармен жабдықталған.

«Инклюзия тақырыбы – біздің қоғам алдында тұрған үлкен және маңызды мәселе. Mars компаниясында біз әр адам – бірегей және дарынды деп санаймыз және ертең көргіміз келетін әлем бүгінгі істерімізден басталады деп сенеміз. «Дара» қайырымдылық қорымен ынтымақтастықтың арқасында біз балаларға лайықты білім алуға көмектесіп жатқанымызға қуаныштымын», – деді Арман Сүтбаев, Орталық Еуразия, Беларусь және Түркиядағы Mars бас менеджері.

Айта кетейік, өткен жылы Астанада мамандандырылған қызметке 610 нашар көретін және 27 көру қабілетінен айырылған, соның ішінде 419-ы мектеп жасындағы баланың ата-аналары жүгінді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button