Астанада Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестеріне сайлау өтеді
Астанада «Atameken» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестеріне сайлау өтеді. Қазіргі таңда қаладағы салалық кеңес мүшелері арасында сайлауға дайындық жүргізіліп, делегаттарды таңдау тәртібі мен ережелерін түсіндіру мәселесі пысықталуда.
Үміткерлерден өтінімдер қабылдау 2024 жылдың 10 желтоқсанынан 24 желтоқсанына дейін жүргізіледі. Өңірлік кеңеске делегаттар сайлауы 2025 жылдың 20-22 қаңтарында өтеді.
Сайлауға үміткерлер салалық кеңестердің мүшелері арасынан, сондай-ақ Астана қаласындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың және қауымдастықтардың бірінші басшылары мен атқарушы органының мүшелері арасынан таңдалады.
Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар мыналар:
- Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс;
- салалық немесе аудандық кеңестің мүшесі, немесе Өңірлік кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген қауымдастықтың атқарушы органының мүшесі болуы тиіс;
- соңғы 3 айда салықтық қарызы болмауы қажет;
- заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе жойылмаған соттылығы болмауы шарт.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі 2013 жылдың 28 қазанында кәсіпкерлік секторды дамыту мақсатында құрылды.
«Біз Кеңесте білікті әрі тәжірибелі кәсіби мамандардың жұмыс істеуін қалаймыз, олар біздің жұмысымыздың басым бағыттарын анықтап, елордадағы бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Үміткерлердің сайлауға белсенді қатысуы әрі талпынысы бизнес қоғамдастықтың дамуында маңызды рөл атқаратындығына сенімдіміз. Баршаңызды өңірлік кеңес сайлауына қатысып, шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосуға шақырамын» деді Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин.
Үміткерлер қажетті құжаттарды келесі мекенжай бойынша тапсыра алады: Б. Момышұлы даңғылы, 2/1, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының кеңсесі. Байланыс орталығы 1432, 8 702-840-2338.