Жаңалықтар

АСТАНАДА МАҚҰЛДАНҒАН АЛҒАШҚЫ ҚҰЖАТ

Тарихта алтын әріппен жазылатын маңызды оқиғалардың бәрі ай­бынды қала төсінен орын алып, ертеңінің естелігі болып жа­зылуда. 1997 жылдың 9 жел­тоқ­санында Алматыдан шық­қан көш, Парламенттің бірінші ша­қыры­лымының депутаттары мінген арнайы пойыз Ақмолаға жетті. Дала аяз, ыз­ғы­рықты боран соғып тұр. Өң­меніңнен өтіп барады. Жан-жаққа қарайлауға шама жоқ. Бізді күткен автобустарға тез мініп, «Турист» қонақ үйіне келдік.

– Здравствуйте! деп бізді суық­тау қарсы алған жастар комитетінің өкілі, қара торы қыздың ізінен еріп келеміз. Қасымда ақтөбелік депутат Төлеген Қуаныш бар. Қайда алып бара жатқанын алдын-ала білгісі келді ме, Төлеген:
– Қалқам, атың кім? – дей беріп еді, іле-шала қабағын қарс жауып тұрған әлгі қыз:
– Это не обязательно! – деп гүрс етті. Мына сөзге шыдай алмай, «суық» қызға суыт тіл қаттым:
– Айналайын, қалқам, қазақ тілін білесің бе өзің?
– ???
Үнсіз қалған жанға:
– Теперь это обязательно! – дедім қатқыл үнмен. Содан соң бізді жақ­тырмаған әлгі қыздың нұсқаған бөлмесіне орналастық.
Бір өкініштісі, қонақ үй қыз­мет­керлерінің бәрі өзге ұлт өкіл­дері. Бір қазақ таппай қынжы­ла­тынмын. Қазақтың қарапайым да шұрайлы тіліне шөлдеп, төменгі қабатта орна­ласқан дүңгіршектегі сатушы әйелге:

– «Егемен Қазақстан» газетін беріңізші, – дей беріп едім:
– А это что за газета? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
– «Қазақ әдебиеті» бар ма?
– А что это? – деп бұл жөнінде естімегенін жеткізді. «Ана тілі», «Жас Алаш» және тағы басқа да қазақ тіліндегі газеттерді сұрасам да сатушы келіншек:
– Такие газеты не продаются, – деп жауап беруден жалықпады.
– А это что за газета?
– У нас на казахском языке газет нету, – деді.

Мұны естіп, шындығына көзімді жеткізбек болып көшеге шықсам, расымен де солай. Қазақ тіліндегі газетті оқымақ түгілі, қазақ тілінде сөйлейтін адам таппай қатты қиналдым.

Барлық жерде жайылып тұрған тек Ресейдің газет-журналдары.

Жергілікті газеттер мүлдем жоқ. Және сатушылар ондай газет­тердің атын алғаш естіп тұр­ған­­дарын айтты. Болмаған соң пош­таға, басшыларына хабарласып, «оларға сұраныс жоқ» де­гендеріне қарамай, үлкен жанжалмен қазақ баспасөзін алдырттым.

Міне, осылайша «Турист» қонақ үйіне қазақ газеттері келе бастады. Таңертең депутаттар қа­­уымы өз тіліміздегі баспасөзге кезекке тұратын. Ертерек алмасаң, жетпей қалатын.

10 желтоқсан күні Елбасы Пар­ламент депутаттары мен Үкімет мүшелерінің басын қос­қан үл­кен жиында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы Ақмола»
деп жария етті.

13 желтоқсан күні он бір ай бойы үлкен күреспен қорғаған, депутаттардың да, бүкілхалықтың талқылауында да болған тұңғыш қазақ тілінде жазған «Халықтың көші-қоны туралы» заңымды Елбасы мақұлдап, қол қойды. Төбем көкке бір елі жетпей қалғандай, қатты қуандым. Өйткені, бұл мен үшін ғана емес, Астана үшін, қазақ халқы үшін үлкен тарихи оқиға еді. Иә, бұл елорда болған шақтағы қол қойылған алғашқы заң еді. Сон­дағы көзіне жас алып, оралман аға­йын­дардың қуанғанын көрсеңіз. Қазақ тіліндегі теледидар мен ра­дио­лар «сүйінші» сұрап, жар салға­ны әлі есімде. Нәтижесінде, қа­зақ­­­стандық журналистердің ба­ға­лауы бойынша осы 1997 жыл­дың ең үздік парламентшісі деп та­нылып, «Жыл адамы»
атандым.

Бұл Астанада басталған саяси ұлы бетбұрыс болатын!

Иә, күн өткен сайын Сары­арқадағы осынау қала – Астана гүлдене, көркейе бастады. Елорда айбынын айғақтайтын алып құрылыстар салынды. Қызу тіршілігі қазандай қайнап жатқан бас қалаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, жастар күн сайын ағы­лып келіп жатты. Осында оқып, жұмыс жасап, болашақ бақытын осы қаладан табамыз деген асыл арманмен тұрақтап қалғандары қаншама! Сарыарқамен құда болып, шын мәнінде бақытқа бө­леніп, армандар биігіне жеткен­дері қаншама! Соның бірі – менмін. Өзімнің үш перзентім де осында өсіп, арқаның Арғын елімен табыстырып, құда-жекжат етті. Қазір осында дүниеге келген екі немерем бар.

Уақыт өткен сайын Астананың суық ауа райы да өзгеріп, өңі де жыли бастады. Жылы, шуақты жандар көбейіп, қазақ тіліндегі сөздер жиі естіле бастады. Олар Астананың дамуына ел өркен­деуіне өз үлестерін қосты. Осылайша алақандай уақыттың ішін­де, далаға шықсаң үскірік желі өкпеңді тесіп өтетін Астана алып ғимараттармен толықты. Сол жағалаудан жаңа қала салынып, өрелі өркениетке бет бұрды. Астананың әлем таныған қалаға айналуына, тіпті әр көз тартар ғимаратының бой көтеруінде Қазақстанның әрбір азаматының өз үлесі бар.

Аңыз бен ақиқаттың айдыны, шындық шырайындай Астана бүкіл халықтың басын қосқан қасиетті жер, құтты мекен. Қажы­мұқан атамыз Ордабасы топы­рағында мәңгілік орын тепсе, ал оның ата-бабалары сары бел Сарыарқаның жұпар ауасымен тыныстаған. Белгілі қайраткер Жұмабек Тәшенов Оңтүстік Қа­зақстан үшін үлкен еңбек сіңірсе, кіндігін осы жерде кескен. Қасиетті Ордабасыдан өсіп, өнсем де Астана туған жерімдей қымбат! Өйткені, менің тыныс-тіршілігім, төккен терім осы қаламен ұштасып жатыр. Мен – Астаналықпын! Бүгінде осылай деп жар сала мақтанышпен айта аламын.

Әкім ЫСҚАҚ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын, сазгер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button